Қазақстан Ұлттық кітапханасы Әлем әдебиеті қызметі бөлімі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының тікелей атсалысуымен шығыс ақыны Омар Хайямның 975 жыл толуына орай «Омар Хайям – ғалым, ақын, ойшыл» атты әдеби кеш өтті.
Жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті қызметі бөлімі Иранның бір ақынының шығармашылығына арнап әдеби кеш өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл кешке Алматы қаласындағы Иран мәдени орталығының директоры Хусейн Ағазаде, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының Төреәлі Қыдыр, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем, шығыстану факультеті деканы ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD докторы Салтанат Жақыбаева, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Дариға Көкеева, Ирантану бөлімінің меңгерушісі, аға оқытушы Айман Боранбаева және аталмыш кафедраның оқытушылары мен студенттері, Ұлттық кітапхананың Әлем әдебиеті қызметі бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Әдеби кеште Омар Хайямның ғалым, ақын және ойшыл ретінде келбеті ашып көрсетілетін баяндамалар жасалды. Сонымен қатар парсы тілін оқып жүрген студенттер Омар Хайямның рубаиларын парсы тілінде нақышына келтіре оқып, әдеби кештің көркін келтірді. Ал ҚР Ұлттық кітапханасы Әлем әдебиеті қызметі бөлімінің қызметкерлері Омар Хайямның рубаиларын қытай, түрік, орыс, парсы, және қазақ тілдерінде оқып қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Әдеби кештің соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді. Кеш соңында қорытынды сөз сөйлеген Ұлттық кітапханасы директорының орындасары Ажар Юсупова алдағы уақытта Иранның танымал ақындарының шығармашылығына арналған әдеби кештер жалғасын табатынын айтты.
ОМАР ХАЙЯМ КІМ ЕДІ?
Омар Хайям деген атпен танылған парсы ақынының толық аты-жөні - Ғийасаддин Әбул-Фатх Омар ибн Ибраһим әл-Хайям (1048-1131). Омар Хайям өмір сүрген дәуір селжүк түріктерінің Иран тіпті Анатолияға дейінгі аймаққа билік жүргізген кезіне тура келеді. Ақынның өмір сүрген кезі діни мектептер, мазхабтар және түрлі діни топтар арасындағы бітпес тартысқа толы болатын. Сондықтан болса керек Омар Хайям биліктен де діни топтардан да бойын аулақ салып тек қана ғылыммен айналысқанды жөн көреді. Әрине, бұл туралы зерттеу жұмыстар көп және көптеген ғалымдардың пікірі бұл сөздерді растайды. Астраномияны шексіз жақсы көрген Омар Хайям математик ретінде танылады. Сондықтан ол Исфаханда обсерватория салуға кіріседі, бірақ ол аяқсыз қалады. Селжүк сұлтаны Жәләладдин Мәлік шахтың тапсыруымен күн айналымына негізделген жаңа күнтізбені құрастырады. Бұл күнтізбе бойынша жыл басы 21/22 наурыздан басталады және 12 жұлдызға негізделген. Алғашқы алты ай 31 күннен, қалған алты ай 30 күннен, тек әр төрт жылда жылдың соңғы айы эсфәнд айы 29 күн. О.Хайямның күнтізбесі Иранда 1924-жылдан бері ресми түрде қолданылады және осы күнтізбе бойынша биыл 1402-жыл. Жерді күннің айналуына қарай жасалған бұл күнтізбе Наурыздан басталады және сол күн жыл басы ретінде «Наурыз» – Жаңа күн ретінде тойланатынын Омар Хайям кейінгі ұрпаққа мәңгілікке мұра етіп қалдырған. Осы тақырыпқа орайластырып «Наурыз-нама» атты кітап жазған. Бұл кітапта Наурыз, яғни жыл басы болып келетін мерекеден басқа ирандықтардың көптеген көне мерекелері мен салт-дәстүрлері туралы баяндалады. Иран жұртының көне мерекелерінің шығу тарихы, оның тойлануына қатысты түрлі хикаялар мен шараптың пайдасы туралы әңгімелер енген.
ОТАНЫНА ШЕТЕЛ АРҚЫЛЫ ТАНЫЛҒАН АҚЫН
Омар Хайям көптеген замандастары секілді өлең жазған. Өлеңдері негізінен рубаи, яғни төрт жол өлең түрінде жазылған. Рубаилерінің саны аса көп емес, бар болғаны 178 рубаи (712 жол) жазған. Ирандықтардың пікірінше 712 жол өлең жазған адамды ақын деп атаудың өзі қиын. Себебі парсы ақындары үлкен көлемді шығармалар жазған. Мысалы Фирдоусидің «Шахнамасы» - 120,000 жол, Румидің «Мәснәви мәнәви» жинағы - 26,000 жол, Низамидің «Хамса», яғни бес поэманың әрқайсысы кемінде 5000 жолдан. Оның жанында 712 жол жазған ақынды қалай ақын деп атауға болады деп қабылдағаны рас.
Одан басқа парсылар сөйлегенде де ұзақ-сонар мапаздап сөйлегенді жақсы көретіндіктен, олар үшін қысқа да нұсқа жазылған Омар Хайямның рубаилері оны ақын ретінде таныстыруға аздық етеді. Сондықтан болса керек Омар Хайям ұзақ жылдар бойы өз отанында танымал ақын ретінде аты аталмай, көбінесе астраном және математик ретінде танылып келген.
1859 жылы ағылшын ақыны әрі аудармашысы Эдвард Фицджеральд Омар Хайямның 75 рубаятын ағылшын тіліне аударып жарыққа шығарады. Бұл аударманы тек ағылшындар ғана емес бүкіл еуропалықтар жылы қабылдайды. Э.Фицджеральд 1868 жылы – 110 рубаи, сосын 1872 жылы 101 рубаиды жарыққа шығарады. Омар Хайямның рубаиларына деген сұраныстың артқаны сондай – 1929 жылы оның ағылшын тіліндегі аудармасы 129 рет жарық көреді. Ағылшын тілі арқылы өзге де тілдерге аударыла бастайды.
Соның бірі орыс тілі. Орыс тіліне де көптеген орыс ақындары аударған. Олар: В.Л. Величко (1860-1903), И.И. Тхоржевский (1878-1951), О.Румер (1883-1954), Г.Семенов (1918-1982), Г.Плисецский (1931-1992). Бұл ақындар негізінен ағылшын тілінен орыс тіліне аударған. О.Румер де алғашында үшінші тіл арқылы аударады, кейіннен парсы тілін үйреніп тікелей парсы тілінен аударған.
Ал Р. Алиев пен М. Османов 1959 жылы орыс тіліне тікелей парсы тілінен аударып факсимилесімен бірге жариялаған. Бұл кітаптың факсимилесі жарияланған 2 бөлімі ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған.
Иранның өзінде Омар Хайямның рубаиларын зерттеу ағылшын және т.б. европалық тілдерге жаппай аударылып кең танымал болғаннан кейін қолға алынады. Бүкіл Еуропа жұртшылығы Омар Хайямды шарапшыл ақын ретінде дәріптеп болғанда, ирандық зерттеушілер рубаилердің мағынасы басқа екенін және аударылған рубаилердің бәрі Омар Хайямға тиесілі емес, Хайямға еліктеушілердің рубаилері екенін дәлелдеуге кіріседі. Алғаш рет 1933-жылы Садық Хидаят атты ирандық жазушы, аудармашы және ғалым Омар Хайямның 143 рубаиын анықтап, ғылыми кіріспе мақаласымен жарыққа шығарады. Ал 1949 жылы М.Ә. Фуруғи мен Қ.Ғани есімді ғалымдар О.Хайямның 172 рубаи бар екенін анықтайды. Олар бұрындары белгісіз болып келген рубаилердің көне қолжазба нұсқасын тауып сол бойынша жұмыс жасайды. Осымен О.Хайямның бар жоғы 178 рубаи жазғаны ғылыми түрде бекітіледі. Бірақ өзге тілдердегі аудармаларда, әсіресе орыс тіліндегі аудармаларда Омар Хайямның рубаилерінің саны 450 дейін жеткен.
ОМАРДЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТКЕН АҚЫНДАР
Ал орыс тілі арқылы қазақ тіліне тұңғыш рет аударған Қуандық Шаңғытбаевтың аудармасында 325 рубаи бар. Орыс және қазақ тілдеріне аударылған О.Хайямның аудармаларының саны көп және парсы тіліндегі 178 ғана рубаимен салыстыру жұмыстары әлі күнге дейін орыс тілінде де, қазақ тілінде де жүргізілмеген. Демек, қолымызда бар рубаилердің тең жартысы О.Хайямдікі емес, бәлкім О. Хайямға еліктеп жазған кейінгі ғасырларда өмір сүрген ақындардың рубаилері. Бір кездері саны Омар Хайямның рубаи деген өлеңдер саны мыңға дейін жеткен.
Осы орайда белгілі ақын, ғалым Өтеген Күмісбаевтың Омар Хайямның 45 рубаиын тікелей парсы тілінен қазақ тілінен аударғанын айта кету керек. Ғалымның бұл аудармалары «Иран әдебиеті», «Шығыс шайырлары» сынды еңбектерінде жарық көрген.
Ол аударған рубаилардың бірі мынандай болып келеді.
Ұзағандар ұзақ жолдың бойында
Оралғандар барма, сірә, ойыңда.
Жолайрықта ештеңені қалдырма,
Енді қайтып келмесіңді мойында...
Омар Хайям шығармаларын қазақша аударған басқа да адамдар болған. Олардың арасында журналист Арғынбай Бекбосынов, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов сияқты қоғам қайраткері де бар.
Өз отанында шайырдың туған күні, яғни 18 мамыр - Омар Хайямды ұлықтау күні.
Ғалия Қамбарбекова
ирантанушы