Президенттің белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің асына көңіл білдіріп, арнайы хат жолдауы қоғамда Назарбаевқа берілген соққы ретінде атала бастады. Бұл жұмбақ жағдайда қаза тапқан саясаткер өлімінің қайта тергелуіне жол аша ма?
Жуырда Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың 80 жылдығына орай ұлы Қайрат пен қызы Құралай ас берді. Аста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қайраткерге арнап ескерткіш орнату туралы ұйғарымға келгені белгілі болды.
«ЕШКІМГЕ ЖАЛТАҚТАМАЙ ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН АЗАМАТ»
Заманбек Нұрқаділовқа туған ауылында болса да ескерткіш тұрғызып, Алматыда тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнату туралы ұйғарым экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа соққы болды ма? Осы және өзге де сұрақтарды бірқатар мәжіліс депутаттарына қойған едік.
Ринат Зайытов саяси қайраткерге құрмет көрсетудің соққы болған, болмағанын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтуы керек екенін ескертті.
– Бірақ Заманбек Қалабайұлын тұлға ретінде қоғамға шығару – біздің міндетіміз. Өйткені ол мемлекет пен ұлттың пайдасына аз еңбек істеген жоқ. Жалпы ұлтқа деген жанашырлығы Алматы қаласын басқарып тұрған кезде мәдениет адамдарына баспана беру мен және халыққа жер үлестірумен білінді. Ешкімге жалтақтамай қызмет атқарған азамат ел есінде өзін-өзі үш рет атқан адам ретінде емес, ұлт пен мемлекет жолында құрбан болған тұлға ретінде қалу керек, – деді ол.
Сондай-ақ ол журналистің «Нұрқаділовке қатысты қылмыстық іс қайтадан қаралуы керек деп санайсыз ба?» деген сұрағына «Санаймын. Қайраткердің қазасына қатысты қылмыстық іс қайтадан қозғалуы керек,-» деп жауап берді.
«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА» ҚАДАМ БАСҚАНЫМЫЗДЫ АҢҒАРТАМЫЗ»
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи де әріптесінің пікірін қолдайды. Нақтырақ айтсақ ол бас прокуратурадан нақты іс күтетінін жасырмады.
– Осы президенттің бастамасынан кейін тиісті мемлекеттік органдар өздері сезінуі керек деп ойлаймын. Президент ишарасын жасады, ал енді әрқайсын түртіп «Сен ананы істе, мынаны істе» деп жүруі міндет емес. Бас прокуратура президенттің бастамасынан кейін өз инициативасымен, мүмкін президент әкімшілігімен келісетін шығар, бірақ осы іске қозғау салу керек, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың ескерткішін орнату Назарбаевқа соққы болуы мүмкін. Бірақ экс-президентке соққы болады екен деп қоғам мен елдің мүддесін далада қалдыруға болмайтынын ескертті.
– Бұл бүгін болмаса, ертең, ертең болмаса бүрсігүні соққы болатын дүние еді. Сондықтан уақыты келді деп ойлаймын. Біз өзіміз алға басу үшін бұрынғы тарихымыздағы ақтаңдақтарды тазалап алуымыз керек. Сондықтан Заманбек марқұмның әруағына арнап, оның мемлекеттік қайраткерлік қызметіне байланысты президенттің ескерткіш ашу туралы бастамасы өте құптарлық дүние. Бұл – қоғамға үлкен сигнал. Біз бұрын «Ескі Қазақстанның» жауы болған және онымен күрес жолында қаза болған азаматтың әруағын ұлықтау арқылы «Жаңа Қазақстанға» бірте-бірте қадам басқанымызды аңғартамыз, – деді ол
«АР АЛДЫНДА ОЙЛАНҒАН ШЫҒАР...»
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанға «Әлеуметтік желідегі азаматтар ескерткіштен бұрын қылмыстық істі қайта тергеу керек деп жатыр. Сіз өзіңіздің мандатыңызды пайдаланып, депутаттық сауал жолдап, істің қайта қаралуына ықпал етесіз бе?» деген сұрақ қойылды.
«Ықпал етемін және бұл іс бойынша өткен кезеңдерде де қадам жасағанмын. Түбі осы істе нәтижеге жетеміз ғой деп ойлаймын. Депутат ретінде ең бастысы сол кісінің бір кезеңдернде қасында жүрген інісі ретінде менің оған азаматтық позициям дайын, – деді ол.
Заманбек Нұрқаділов қайтыс болған кезде топырақ салуға жарамаған Амандық Батталов, Серік Үмбетов шенеуніктер биыл, саясаткердің 80 жылдығына арналған асқа келді. «Асқа келген азаматтар кезінде неге пікір айта алмады? Жалпы біздің саяси элитадағы екіжүзділік қаншалықты қауіпті?» деген сұраққа депутат қашқақтап жауап берді.
– Енді сол кезеңдерде қиын уақыттар болды ғой. 2004 жылдың қарашасы әлі есімізде. Тіпті жерлеу рәсімін ұйымдастырудың өзі қиын болып, қандай кедергілер болғанын білесіздер. Ал енді ол жерге кімдер келіп, кімдер топырақ салуға келмегені есімде жоқ. Сол кезде біреуі облыс әкімінің орынбасары, енді бірі саяси қызметке араласты. Бәрі арының алдында ойланған шығар деп ойлаймын. Жиырма жыл деген оңай уақыт емес. Мысалы, сол кезде дүниеге келген бала қазір ат жалын тартып мінген азамат болды. Шыны керек, белгілі бір кезеңдегі саяси оқиғаға толыққанды баға беретін тек уақыт екен, – деді депутат Жанарбек Әшімжан.
Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов өмірінің соңына қарай оппозициялық саясаткер ретінде де көпшілік есінде қалды. Ол сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты өткір сынайтын, батыл айыптайтын. 2005 жылы өз үйінде белгісіз жағдайда қаза тапқан оның өлімінің сыры әлі ашылған жоқ. Ресми хабарларда "өз-өзін қарумен бірнеше мәрте атты" делінді. 15 қаңтар саясаткердің туған күні болатын.
Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы