Аңыз бен ақиқаттың қаһарманы

158
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Z3llEUQpZv2vtu2ZeydwC4WGZQ5nCJ7ay1hZhFAE.jpg

Биыл қазақтың біртуар ұлы, Кеңес одағының батыры, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. 1936 жылы Қызыл армияның қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған.

Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальоны, бұдан кейін полк командирі болған. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде батыр Бауыржан өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шыққан. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылған.

Соғыс кезінде дивизия басқарған екі қазақтың бірі болған Бауыржан Момышұлы Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және өзге де құрметті медальдармен марапатталған. 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілген.

Бауыржан Момышұлы әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлғалардың бірі болып тарихта қалды. Оның атақ, даңқы, батырлығы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында кеңінен суреттеледі. Аталған кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз және өзге де шетел тілдеріне аударылған.

Осы күнге дейін Бауыржан Момышұлына арнап бірнеше фильм түсіріліп, кітаптар жазылды. 1967 жылы режиссер Мәжит Бегалиннің фильмінде «Артымызда Мәскеу» фильмінде батырдың рөлін Кәукен Кенжатаев сомдады. 2013 жылы режиссер Ақан Сатаев «Бауыржан Момышұлы» атты телехикая түсірді. Бақытжан Момышұлының «Восхождение к отцу», «Во имя отца» және «Сыновья великого волка» атты кітаптары мен Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер” туындысы Бауыржан Момышұлына арналады.

 

 

Пікірлер