«Тіл» және «мемлекет» екеуі бір-бірінен ажырмайтын көне әрі жаңа ұғым. Көне деуіміз – тіл мен мемлекет арасында әлмисақтан бері ажырамас байланыс бар. Әсіресе, ұлттық мемлекеттің өркендеуінде тіл өте маңызды рөл атқарады. Ол мемлекет құрудың негізгі символы және саяси күрестің маңызды құралы мен ұраны болып табылады.
Әдетте, мемлекет құрылғаннан кейін билік тілдерді біріздендіруге күш салып, титулды ұлт тілін дамыту арқылы мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады. Ал кейбір мемлекеттерде тіпті территориялық кеңею мен отарлаудың идеологиясы ретінде қолданылды.
Жаңа деуіміз – тіл мен мемлекеттің қарым-қатынасы бүгінде бұрын-соңды болмаған тың өзгерістерге ұшырады. Тіл енді бұрынғы уақыттағыдай қарапайым ұғым емес, оның коннотациялары үнемі байып, функциялары үнемі кеңейіп, құндылығы үнемі артып отырады.
Мемлекеттік басқару мен даму және ұлттық қауіпсіздіктегі маңызды рөлін өткенмен салыстыруға болмайды, әдеттегі қиял шегінен шарықтап асып түсті. Қазіргі уақытта дүниежүзіндегі мемлекеттер тілдің көптеген жаңа мүмкіндіктер және күрделі мәселелермен бетпе-бет келуде...
1. Тіл технологиясы (Language Technology). Тіл, компьютер және интернеттің үйлесімі адамзат өркениетінің екінші тынысын ашты, адамның өмір сүру тәсілін, өмір салтын және әлеуметтік дамуын өзгертті, сонымен қатар тілдің қызметін тұлғааралық қарым-қатынастан адам мен технология арасындағы байланысқа дейін кеңейтті.
Бүгінгі таңда тілдік ақпаратты өңдеудің негізгі өзегі болатын тілдік технология адам өмірінің барлық аспектілеріне, компьютерлерден интернет желілеріне, жанды интеллекттен жасанды интеллектке ұласып кетті. Қоғамның барлық саласында тілдік технологиялардың жетістіктерінен туындаған өнімдерді көре аламыз. Тіл технологиясы заманауи ғылыми-технологиялық инновацияның көшбасшы саласына айналып, елдің ғылыми-технологиялық қуаты мен даму деңгейінің маңызды көрсеткішінің біріне айналды. Әлемнің барлығында емес, әрине, тек дамыған елдерінде.
2. Тіл индустриясы (Language Industry). Тіл индустриясы аударма, субтитр мен дубляж, тіл технологиясы мен жабдықтар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді (электронды сөздік, интеллектуалды аударма жүйесі, конференция және телефон арқылы ауызша аударма жүйесі, тілдік оқытуға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді және т.б.) қамтиды.
Белгілі бір мемлекет немесе аймаққа экономикалық даму, гео- және ұлттық саясат факторы әсер ететін сияқты тілдік құрам мен оның қолданылуы әртүрлі сипаттамаларды көрсетеді және бұл сипаттамалар тіл индустриясының дамуына сәйкес жобаланатын болады. Мысалы, ағылшын тілді елдердегі тілдік оқыту индустриясы, Еуродақ елдеріндегі тілдік аударма индустриясы, сонымен қатар АҚШ-тағы дамып келе жатқан телефон арқылы аударма нарығы, ал «көрме патшалығы» деп аталатын Германиядағы тілдік көрмелер индустриясы да заманының озық индустрия саласы.
АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Ирландия ағылшын тілінің тілдік ресурстарына байланысты ағылшын тілін оқытуды экспорттау арқылы маңызды табыс көзіне айналдырды. 2005 жылы Ұлыбританияның Қаржы министрі Гордон Браун әлемде ағылшын тілін 2 миллиардқа жуық адам үйреніп жатқанын және Ұлыбританияның ағылшын тілін оқыту материалдарынан түсетін кірісі мұнай мен кеме транспорты секторынан асып түсетінін айтып, 2020 жылға қарай шетелде сатылатын оқыту өнімдерінің саны жылына 10 миллиард фунт стерлингке жетеді деп болжайды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Rauan Kenzhekhanұлын қабылдаған да «...қазіргі IT технологияларды қазақ тілінің қызметіне қоя білуіміз қажет» деп тапсырма беру де сондықтан. Әрі бұл тақырып күні ертең өтетін Dijital Bridge 2023 форумы аясында өтетін «АІ және қазақ тілі» тақырыбындағы панельдік сессияда талқыланатын болады.
Берікхан Иісбекұлы,
Шәкәрім университетінің проректоры