Халықтан күлтөкпені неге күзетіп жүр? (видео)

4145
Adyrna.kz Telegram

Павлодардың қасында Ақсу деген қала бар. Кішігірім тып-тыныш қала. Халқының тең жартысы қала шетіндегі Ақсу ферроқорытпа зауытында істейді. Соңғы күндері Ақсудың аты күллі республикаға мәлім болды. Әлеуметтік желі арқылы тараған видеоларда қаптаған көліктер мен ОМОН қолын қайырып, жерге жатқызған кісілерді көруге болады.  Жаңағы АФЗ жанына қарақұрым ел жиылып, оны арнайы жасақ қуып таратуда. Ақсу бұндай дүрбелеңді соңғы рет 1990 жылдардың басында көрді. Ермактың атын Ақсу қылып өзгерткенде. Жұрт неге жиналды? Оны ОМОН неге таратуда? Мәселенің бәрін рет-ретімен баяндайық.

2000 жылдары Теміртау қаласының азаматы іс-сапармен Еуропаға барады. Сонда  ферроқорытпа зауытынан шығатын, құрамында микросферасы бар күлді өңдеп, автокөлікке және құрылысқа қолданатынын естиді. Сұрастырса, бұл күлді табу да оңай емес, бағасы да аспандап тұр екен. Қазақстанға келісімен салып ұрып, Ақсу ферроқорытпа зауытына келеді. "Солай да солай, мен сіздерден күл алайын деп едім, көмектессеңіздер" деп. Онсыз да ол күлді қайда жіберерін білмей отырған зауыт басшылығы жерден жеті қоян тапқандай қуансын. Біреу есігіңнің алдындағы күлді тегін әкетем деп отырса қуанбағанда. Арада бірнеше жыл өткенде микросфера қосылған күлдің бағасын жергілікті "метал жинаумен" айналысатын азаматтар да естиді. Олар да ақырын шетінен шет елге шығарып жүреді. Бірақ, 2019 жылдың мамырдың басында "күлдің" әңгімесі жалпақ елге жайылып, естіген жұрт күлтөкпені "басып алады". Енді ше, бір келі күлді 100 теңгеден алады. Бір қапқа 40 келідей күл сыяды. Бір Камазға 600-дей қап сияды. Сонда бір Камаздан 2 миллион 400 мың теңгедей ақша шығады екен.

Бұл күл жайлы Google арқылы мынандай ақпаратқа кезіктік.

Құрылыс материалдарының өнеркәсібінде күл кейбір бетон түрлерін шығару үшін қолданылады. Сирек және микроэлементтер, мысалы, германий, галий және уран, кейбір металдық көмірлердің күлінен алынған. Органикалық элементтерді толтыру үшін кішкентай мөлшерде күл жеткілікті.

Қазір бұл күлтөкпенің басында павлодарлық құқық қорғау органының қызметкерлері жата-жастана жайғасқан. Видеодан көргендеріңіздей арнайы жасақ бұл жерді қатаң күзетке алған. Кіріп-шығуға тек "билікке жақын компанияның" Камаздарының рұқсаты бар дейді. Бұл Камаздарды облыс көлемінде тоқтатуға ГАЙ қызметкерлерінің де шамасы келмейді дейді. Ал, білетіндер бұл жерді облыстағы нөмірі бірінші адам өз дәргейіне келтірген дейді. Сол себепті күлтөкпенің басы арнайы жасақ пен жергілікті полицияның, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметі (УБОП)  қатаң бақылауында екен.

Біз осы  әңгіменің анық-қанығын білу үшін Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі  Жанна Беляловаға хабарластық. Арнайы жасақтың күл төкпенің басында не істеп жүргенін сұрағанымызда, "ол жерге арнайы жасақ шақырту бойынша барды. Зауыттың аумағына халық жиналып жатыр деген хабарлама түскен соң арнайы жасақты аттандырдық" деп жауап берді. Бірақ, жергілікті жұрт арнайы жасақ пен полицияның тұрғанына екі аптадан асты дейді. Видеодан расымен де, қапталған қаптарды көруге болады.

Жердің астындағы байлықты қойып, күлтөкпесінің өзі алтынға пара пар мемлекетте халық қайыршының күйін кешіп жүр. Өз күлтөкпесі өзіне бұйырмайтын біздей де жұрт болады екен ғой.

[playlist type="video" ids="17189"]

[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/05/2.mp4"][/video]

[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/05/3.mp4"][/video]

[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/05/4.mp4"][/video]

[video width="640" height="352" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/05/5.mp4"][/video]

[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/05/6.mp4"][/video]

[video width="640" height="352" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/05/7.mp4"][/video]

[video width="640" height="352" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/05/8.mp4"][/video]

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер