362 әулиенің елінде 257 миллионның дауынан әкімдік ақталып әлек. Нәтиже қандай?

1711
Adyrna.kz Telegram

16 қыркүйек күні "Адырна" ұлттық порталында   "Ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішін жаңғыртуға 257 миллион 590 мың теңге қаржы бөлінді деген материал жарияланған еді. Осы мақалаға қатысты Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасына бірқатар сұрақ жолдағанбыз. Сол сауалдарға жауап келді. Маңғыстаулық шенеуніктер Ауған соғысы ардегерлерінің құрметіне арнап  257 миллион 590 мың теңгеге ескерткіш орнатып қана қоймай, ескі ескерткішті Мұнайлы ауданына көшіретінін де мәлімдеді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі.

"Адырна" ұлттық порталы Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасына "Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналып  Ақтау қаласында 2005 жылы ескерткіш орнатылған екен.  Ол ескерткішті қайта жаңғыртудың идеологиялық тұрғыда қаншалықты қажеттілігі бар? "Маңғыстау облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі бар ескерткішті қайта жаңғыртуға облыс қазынасынан 257 590 233.00 теңге бөлген. Осыншама көп қаржы жұмсау арқылы облыс кеңестік дәуірдің ең әділетсіз соғысы саналатын Ауған қырғынын идеологиялық құралға айналдыруды көздеп отыр ма?" деген сауал жолдаған еді.

Бізден жолданған сауал мәтіні идеологиялық негізге құрылған. "Кеңестік дәуірдің ең әділетсіз соғысы саналатын Ауған қырғынын идеологиялық құралға айналдыруды көздеп отыр ма?" деген сұрақтан-ақ бұл мәселеге Ішкі саясат басқармасы тікелей жауап беру керектігі көрініп тұр. Бірақ, қызығы Маңғыстау облысының идеологиясына Ішкі саясат басқармасы емес, Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі жауап береді екен. Бізге жауапты сол қалалық мекеме жазыпты. Бұл - бір.

Екіншіден, қалалық ішкі саясат сөздің басын барлық жауапкершілікті облыс әкіміне аударудан бастапты. Қараңыз:

"Маңғыстау облысының әкімі Н.А. Ноғаевтың азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуі отырысының 04.10.2022 жылғы № 01-01/86 санды хаттамасында интернационалист жауынгерлерге арналған ескерткіштің эскиздік жобасын жасақтау және ескерткішті орнату мәселесін пысықтау бойынша тапсырма берілген болатын. Аталған тапсырмаға сәйкес, «1979-1989 жылдары Ауғанстанда Маңғыстау облысының қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерінің құрметіне Ақтау қаласында ескерткішті қайта жаңарту» жобасы әзірленіп, қорытындыға сәйкес сметалық құжаттамалары жасақталды. Қазіргі таңда аталған жұмыс бойынша рейтингтік-баллдық жүйесін қолдану арқылы конкурстық іс-шаралар жүргізілуде".

Демек, ресми берілген жауапқа сенсек 257 миллион 590 мың теңгеге ескерткіш орнатуға тапсырма берген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болып шығады. Ноғаев сонда Маңғыстау халқының Қаңтар оқиғасының алдында газдың қымбаттауына қарсы көтерілгенін, бұл бас көтерудің соңы мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтып жібере жаздағанын ұмытып кеткені ме?

Қазір 257 миллион 590 мың теңгеге ескерткіш орнататын кез емес. Онсыз да бар ескерткішті қайта жаңғыртуға қажеттілік жоқ. Ал, Маңғыстау шенділері соның бірін де қаперге алмай, Ақтау қаласына Ауған соғысы ардагерлеріне жаңа ескерткіш орнатып беріп, ескісін Мұнайлы ауданына көшірмек көрінеді.

Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімінен келген жауапта "Аталған ескерткіш облыс орталығы статусы ескеріле отырып Ақтау қаласында орналастырылып, бұрын орнатылған ескерткіш Мұнайлы ауданына көшірілетін болады. Жоба бойынша мемориалдық кешен 5 бөліктен тұрады: стенді бар кіреберіс, қаза тапқан ауған жауынгерлерінің есімдері мен портреттері бар стеллалар, екі ауған жауынгерінің ескерткіші түріндегі орталық композиция, «Соғыста 10 жыл» колоннасы және басқа да барлық ұрыс қимылдарына қатысушылардың құрметіне арналған стенд. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау жолында қаза тапқан, ерлік көрсеткен жауынгерлердің, боздақтарымыздың ерен еңбегі еш ұмытылмауы тиіс. Жобаның басты мақсаты да осы. Яғни, өскелең ұрпақты тәуелсіз елдің тарихы, өткені мен бүгінінен хабардар ету, ерлікті дәріптеу, насихаттау" делінген.

Ауған соғысы – идеологиялық тұрғыда тарихтан әлі күнге әділ бағасын алмаған майдан. Кешегі Кеңестер одағының солақай саясатының кесірінен сол әділетсіз майданда мыңдаған жастарымыз шейіт кетті. Әрине, оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, қалалық ішкі саясат бөлімінің сөзімен айтсақ, өскелең ұрпаққа тәуелсіз елдің тарихын, өткені мен бүгінін насихаттау үшін бар ескерткішті көшіріп, оның орнына басқа ескерткіш қоюымыз керек пе? Осы үшін мемлекет бюджетінен  257 миллион 590 мың теңге қаржы бөлгізу қаншалықты әділетті?

2005 жылы орнатылған тарихи ескерткішті Мұнайлыға көшіріп, оның орнына басқа ескерткіш қою бұл облыста әлеуметтік мәселенің бәрі шешілді дегенді білдіре ме?

Қанат БІРЛІКҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер