Ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішін жаңғыртуға 257 миллион 590 мың теңге қаржы бөлінді

2186
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында Ауғанстандағы ұрыс кезінде  қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерінің құрметіне арналып салынған ескерткішті қайта жаңғыртуға бюджеттен 257 590 233.00 теңге қаржы бөлінді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі goszakup.gov.kz/  сайтына сілтеме жасап.

сурет: aktau-mangistau.kz

Ақтау қаласында Ауған соғысы ардегерлерінің құрметіне арналып  2005 жылы ескерткіш орнатылған.  Тендер тақырыбында «1979-1989 жылдары Ауғанстандағы ұрыс кезінде Маңғыстау облысының қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерінің құрметіне Ақтау қаласында ескерткішті қайта жаңарту» деп жазылған.

Демек, суреттегі ескерткішті қайта жаңғыртуға облыс қазынасынан 257 590 233.00 теңге бөлініп отыр деген сөз.  Тендерді  11 қыркүйек күні "Маңғыстау облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жариялаған. Жеңімпаз 26 қыркүйек күні анықталады.

сурет: aktau-mangistau.kz

Тендердің техникалық сипаттамасында жеңімпаз өзіне алған міндеттемелердің толық және тиесілі орындалуын қамтамасыз етуі, жұмыстарды орындау кезінде Қазақстан аумағында қолданылатын техникалық қауіпсіздік ережелерінің талаптарын қатаң сақтауы, жұмысшылары жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету керектігі көрсетілген.

Әрине, 10 жылға созылған қасіретке толы тарихты санадан сылып тастау мүмкін емес. Ауған соғысында қаншама қазақ жауынгері шейіт кетті. Десе де, Жаңа Қазақстанның кеңестік дәуірдің ең әділетсіз соғысын идеологиялық құралға айналдыруы қаншалықты дұрыс? Онсыз да бар ескерткішті қайта жаңғыртуға бюджеттен  257 590 233.00 теңге қаржы бөлудің қажеттілігі бар ма?

Бізді осы сұрақ мазалайды...

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

 

 

Пікірлер