Алтын Емел ұлттық паркі мен Барсакелмес қорығы Дүниежүзілік мұра тізіміне енді, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы бірлесіп енгізген «Тұранның суық қысқы шөлдері» көпұлттық номинациясының құрамдас бөліктері ретінде Алтын Емел ұлттық паркі мен Барсакелмес қорығының аумақтарын Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізген.
Бұл шешім Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы әр-Риадта өткен кеңейтілген 45-ші сессиясында қабылданған.
Комитет сессиясындағы Қазақстан Республикасы делегациясының мәлімдесінде:
«Алтын Емел мен Барсакелместің жаңа халықаралық мәртебесі Қазақстанның шөлді экожүйелерін терең ғылыми зерттелуінің және қорғау жөніндегі тиімді шараларды жалғастырудың, сондай-ақ еліміздің орнықты және жауапты туризмді дамытудағы әлеуетін нығайтудың маңыздылығына қосымша назар тартады деп сенеміз», – делінген.