«Алтын-Емел – құландар мекені». Табиғатпен жүздесуге шақыратын фестиваль

119
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lB3dXsrDATFD4LCYLP3Tblz0LWO8GS4SgmFglxqZ.tif

Құланның дүбірі, тау бөктеріндегі эко-жарыс, ежелгі жартас суреттері мен дала әуені – 17 қазанда «Алтын-Емел» ұлттық паркі табиғат пен мәдениет тоғысқан ерекше фестивальдің алаңына айналады.

17 қазан күні «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Алтын-Емел – құландар мекені» экологиялық-мәдени фестивалі өтеді.

Фестивальдің мақсаты – ұлттық парктің бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасын таныту, экологиялық туризмді дамыту және табиғатты қорғаудың маңызын кеңінен насихаттау.

Табиғаттың жүрегінде – құландар арасында. Фестивальдің басты ерекшелігі – құландарды табиғи мекендеу ортасында бақылау мүмкіндігі.

Бір кездері саны күрт азайған құландар бүгінде «Алтын-Емелдің» табиғи символдарының біріне айналды. 1982 жылы небәрі 32 құлан болса, 2026 жылы олардың саны 3 571 басқа жетті.

Бұл – табиғатты қорғау жұмыстарының нақты нәтижесі және сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтірудің жарқын үлгісі.

«Құландардың қайта оралуы – табиғатқа жасалған қамқорлықтың нәтижесі. Келушілер осы ерекше жануарларды табиғи ортада тамашалай алады. Фестивальдің басты мақсаты – табиғатты тек көруге емес, оны түсінуге және қорғауға шақыру», – дейді «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры.

Тау жолындағы жарыс – табиғатпен бірге қозғалу

Фестиваль таңғы 09:30-да Шолақ тауларының бөктеріндегі 5 және 10 шақырымдық эко-жарыспен басталады.

Қатысушылар тау ландшафтары аясында жүгіріп, спорттық бәсекені табиғатпен үйлестіреді. Бұл – белсенді демалыс пен экологиялық мәдениетті ұштастыратын фестивальдің маңызды бағыттарының бірі.

Дала рухы мен көне тарих

Фестиваль сахнасында ұлттық мәдениеттің жарқын үлгілері ұсынылады. Қонақтар «Қылыш айналдыру» және «Айбалта шоуын» тамашалап, көшпелілердің жауынгерлік дәстүрімен танысады.

Музыкалық бағдарламада Arkaiym тобы, қобызшы Ләйла Тәжібаева және шаңқобыз орындаушылары өнер көрсетеді.

Ал 13:30-да фестиваль қонақтары Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтерге аттанады. Мыңдаған жыл бұрын жартастарға қашалған аңшылық көріністері мен арбалар бейнесі Жетісудың көне тарихынан сыр шертеді.

Бір күн – мың әсер

Фестиваль қонақтарын:

  • петроглифтер мен көне түркі жазуына арналған шеберлік сабақтары;

  • табиғат жағдайында өмір сүру дағдылары;

  • дәстүрлі қолөнер мен ұлттық тағамдар;

  • балаларға арналған ойындар мен квесттер;

  • «Қолөнер жәрмеңкесі» күтеді.

Осылайша, «Алтын-Емел – құландар мекені» фестивалі бір күндік мерекеден гөрі табиғатпен қайта байланыс орнатуға, ұлттық мәдениетті тануға және туған өлкенің тарихын сезінуге мүмкіндік беретін мәдени-танымдық алаңға айналады.

«Алтын-Емел» – табиғаттың үнін тыңдап, тарихтың ізін көруге болатын мекен. Ал 17 қазан күні бұл кеңістік табиғатты қорғау, ұлттық мәдениет және заманауи экотуризмді біріктіретін ерекше фестиваль алаңына айналады.

Пікірлер