Үміткерлер тіл емтиханын қалай тапсырды?

1768
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының лингвистикалық комиссиясы президенттікке үміткер сегізінші адам - Жұматай Әлиевтен алынған тіл емтиханының қорытындысын жария етті. Ол 13 сөйлемнен 19 қате жіберген екен.

ОСК жанынан құрылған ҚР президенттігіне үміткердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия бүгін үміткерлікке үміткер Жұматай Әлиев қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытынды жасады.

«Бүгін «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев емтиханға берілген уақытын толық пайдаланды. Комиссия барлық кезеңдерді жан-жақты талқылады», деді комиссия мүшесі Әділ Ахметов.

Жұматай Әлиев «Мемлекет және дін» тақырыбында шығарма жазған. Комиссия қорытындысына сенсек, Әлиев өз шығармасында тақырыпты мүлде аша алмаған екен. Оған қоса, екінші кезеңде Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқыған. Әлиев оны да қатырмапты. Үшінші кезеңде «Ырыс алды - ынтымақ» тақырыбында баяндама жасаған. Баяндамасыы да үстірт жасалған. Ал бірінші кезеңде жазған шығармасындағы 13 сөйлемнен 19 қате жіберген. ОСК жанынан құрылған лингвистикалық комиссиясы қорытындысы осыған саяды.

Сонымен президенттікке үміткер ретінде ОСК-ға құжат тапсырған барлық үміткер мемлекеттік тіл емтиханын тапсыруға міндетті. Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған барлық үміткерлер бұл емтиханды тапсырған. Салыстыру үшін өзгелердің емтиханына көз жүгірткенді жөн көрдік. Кім-қалай жазды?

Мемлекеттік тіл емтиханы үш кезеңнен тұрады: тақырып бойынша жазбаша тапсырма жазу, мәтін оқу және лингвистикалық комиссия берген тақырыпқа сәйкес көпшілік алдында кемінде 15 минут сөйлеу.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Ол мемлекеттік тіл емтиханынан 23 сәуір күні өтті.

Бірінші кезеңде – «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері» тақырыбында эссе жазды.

Екінші кезеңде – Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» кітабынан үзінді оқыды.

Үшінші кезеңде – «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» тақырыбында өз ойын 15 минутта ауызша айтып берді.

Лингвистикалық комиссия Тоқаевтың қазақ тілін жетік меңгергенін, жазбашы жұмысының мазмұны терең ашылғанын, үзіндіні эмоционалды түрде, мәнерлеп оқып шыққанын, өз ойын қазақша еркін жеткізгенін айтып, жоғары бағалады.

Қорытындыны хабарлаған – Мырзатай Жолдасбеков

Сәдібек Түгел

Ол мемлекеттік тіл емтиханынан 24 сәуір күні өтті.

Бірінші кезеңде – «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы – тарихы мен бүгіні» тақырыбында эссе жазды.

Екінші кезеңде – Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» жинағынан үзінді оқыды.

Үшінші кезеңде – «Бабалар сөзі – даналық көзі» тақырыбында өз ойын 15 минутта айтып берді.

Лингвистикалық комиссия Түгелдің жазбаша жұмыста аздаған пунктуациялық қателер жібергенін, оқу кезінде үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгергенін,  үшінші тапсырма бойынша сөз сөйлеу мәнері жоғары екенін атап өтті.

Емтихан қорытындысы бойынша Сәдібек Түгел мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытынды шығарды.

Қорытындыны хабарлаған – Ғарифолла Есім

Дания Еспаева

Ол мемлекеттік тіл емтиханын 26 сәуір күні тапсырды.

Бірінші кезеңде – «Ұлы Даланың жеті қыры» тақырыбында эссе жазды.

Екінші кезеңде – Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» өлеңдер жинағынан үзінді оқыды.

Үшінші кезеңде – «Қоғам және демократия» тақырыбында өз ойын 15 минутта айтып берді.

Лингвистикалық комиссия қорытындысы бойынша Дания Еспаева мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы шешім шығарылды. Комиссия мүшелері оның үш тапсырмасын да жоғары бағалады.

Қорытындыны хабарлаған – Сейіт Қасқабасов

Амангелді Таспихов

Ол мемлекеттік тіл емтиханын 26 сәуір күні тапсырды.

Бірінші кезеңде – «МПенің елім» тақырыбында эссе жазды.

Екінші кезеңде – Қадыр Мырза Әлінің «Таңдаулы шығармалары» жинағынан үзінді оқыды.

Үшінші кезеңде – «тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыбы бойынша 15 минуттық сөзталқы жасады.

Лингвистикалық комиссия Таспиховтың жұмысын жақсы бағалады. Сөйтіп тілді еркін меңгерген деген қорытынды жасады.

Қорытындыны – Әділ Ахметов баяндап берді.

Төлеутай Рақымбеков

Ол мемлекеттік тіл емтиханын 27 сәуір күні тапсырды.

Бірінші кезеңде – «Біздің күшіміз - бірлікте» тақырыбында эссе жазды.

Екінші кезеңде – Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқыды.

Үшінші кезеңде – «Елорда – тәуелсіздік тұғыры» тақырыбы бойынша өз ойын 15 минутқа сыйдырып айтып берді.

Комиссия Төлеутай Рақымбеков қазақ тілін еркін меңгерген деген қорытынды жасады.

Қорытындыны Ерден Қажыбек оқып берді.

Жамбыл Ахметбеков

Ол мемлекеттік тіл емтиханын 27 сәуір күні тапсырды.

Бірінші кезеңде – «Рухани жаңғыру» тақырыбында эссе жазды.

Екінші кезеңде – Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романынан үзінді оқыды.

Үшінші кезеңде – «Ел бірлігі – елдіктің арқауы» тақырыбында сөзталқы жасады.

Комиссия емтиханынң барлық кезеңдері бойынша үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытындыға келді.

Қорытындыны Ғарифолла Есім баяндап берді.

Әміржан Қосанов

Ол мемлекеттік тіл емтиханын 29 сәуір күні тапсырды.

Бірінші кезеңде -  «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы – тарихы мен бүгіні» тақырыбында эссе жазды.

Екінші кезеңде – Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін оқыды.

Үшінші кезеңде – «Өнер білім бар жұрттар...» тақырыбында 15 минут сөйледі.

Комиссия  үміткер Қосановтың барлық тапсырманы өте жоғары деңгейде орындағанын атап өтті. Сөйтіп оның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жоғары бағалады.

Қорытынды баяндаманы Мырзатай Жолдасбеков жасады.

Нәтижесінде бүгін ОСК-ға құжат тапсырған сегізінші үміткер мемлекеттік тіл емтиханынан өтпей қалды. Ал ОСК-ға құжат тапсыру 28 сәуір күні кешкі сағат 18:00-де аяқталған еді. Енді Орталық сайлау комиссиясы 11 мамырға дейін осы қалған жеті үміткерді тіркейді. Онан кейін сайлауалды үгіт-насихат жұмастары басталады. Ал сайлау 9 маусым күні өтеді.

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер