Тамырыңды танып, ұлттық болмысыңды сақтаудың сан қыры бар. Оның ең басты негізі ұлттық салт-дәстүр мен салт-сананы жаңғыртуда жатыр. Бұл белгілі этнограф әрі дизайнер Ырза Тұрсынзаданың сөзі. Қазақтың ұлттық өнерін дамытып жүрген азамат жастардың ұлттық құндылықты дамытуға мән бергеніне риза екенін жеткізді.
Қазіргі кезде әлем жұртшылығы «Ұлттық болмысымызды қалай сақтаймыз?» деген сұраққа бас ауыртып жатыр. Ал ХХІ ғасырда ұлттық салт-дәстүрді сақтап, ұлттық болмысымыздан айырылмау үшін не істеу керек?
«Ұлттық болмысымызды сақтау үшін ең алдымен өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан тұла бойымыздағы тұнып тұрған рухани қазынамызға мән беруіміз керек. Сол рухани қазынамызды қара нарықтың табанына салмай, керісінше жаңа заманға сай дамытып отыруымыз керек. Саясат пен экономика мың жерден өзгерсе де, оның түбінде ұлттық салт-сана жатыр. Ұлттық салт-сананы сақтап, тамырын тереңге жіберген елдің тұғыры биік болады. Салт-сана, ұлттық болмыс, салт-дәстүр мен ғұрып деген әр бір ұлттың өзінің күре тамырына тікелей байланысты. Сондықтан сол күре тамырды балабақшадан бастап мектепке дейін және жоғары оқу орны мен отбасы, ошақ қасында жаңа заманға сай жаңғырту керек.
Ал енді оны ілестіре алмасақ, қазақ бұған дейін айтқандай «Тамыры кеткен ағашты өртеу оңай» болады. Ал тамырымызды тереңге жібере алмасақ ұлт ретінде жойылып кетуіміз әбден мүмкін. Менің ойымша, таңертең жайлауды отап, түнде күйіс қайыратын малға айналамыз. Біз төрт аяқты мал емес, саналы адам баласымыз ғой. Өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан керемет шежіреміз бар. Ресейдің этнографтары немесе әлемнің кез келген зерттеушілері «Қазақ даласына ешкімнің мәдениеті керек емес. Қазақ халқына ештеңе үйретудің қажеті жоқ. Себебі қазақ даласының өзінің күнделікті тұрмыс жағдайы тұнып тұрған рухни мәдениет болып саналады. Сонау бағзы заманда яғни ақ патшадан бастап Совет үкіметі кезінде де осы сөзді айтқан. Бұлардың бәрі қазақтың ұлттық тамырынан айыруды көздеді. Тамырдан айырғаннан кейін ол елді билеп, құлға айналдыру оп-оңай дүние», – дейді этнограф.
«Салт-дәстүр мен мәдениет ортақ» деген ол қазақтың қара шаңырағының қасиетін тілге тие кетті.
«Біздің ұлтымыз бағзы заманнан бері қара шаңырақтан бастап үйдің жабдықталуына дейін ерекше мән берген. Мысалы киіз үйге оң аяқпен аттап кіру керек. Шаңырақтың оң жаңында әйел адамның ыдыс-аяғы мен ас-ауқаты тұрса, сол жақта ер адамның керек-жарағы орналасқан. Сондай-ақ төрде ақсақалдың орны болса, сол кішкентай аядай үйде қыздың да өз орны болған. Айналып келгенде кіп-кішкентай қара шаңырақта ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы көрініс тапқан. Міне осы құндылықтар жүздеген жылдар өтсе де осы заманға жетіп отыр. Қазіргі таңда үйіміз кеңейіп, шаңырағымыз биіктеп жатыр. Бірақ дегенменде ұлттың болмысын сыртқы келбет өзгерсе де, ішкі рухани қалыптасқан дүниесі өзгермеуі керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шекара ашылғанда бүкіл әлемнің трендтері мен брендтері елімізді жаулады. Бүкіл әлемнің киім-кешектері келді. Қазақта «Тойған ел тегін іздейді» деген әдемі сөз бар. Қазір қазақ халқы әлемнің жылтыр дүниесіне әбден тойған секілді. Текті халық болғаннан кейін бәрімізде тегімізге қайта тартып жатырмыз. Қазір әсіресе жастарға риза боламын. Жастар ұлттық нақышты заманға ілестіріп, жаһандасу алаңында өзінің ұлттық бейнесін айшықтағысы келеді. Мысалы қыздар сәнді тақия киіп, тренд қалыптастырып жатыр. Бұған қалай қуанбайсың? Әсіресе жас қыздардың тақияға күміс жарқыратып алғаны ерекше әсерлі болып жатыр. Бұл тек қана сыртқы келбеттің өзгеруі емес, сонымен қатар ішкі дүниенің өзгеруіне алып келетін дүние. Ұлттық сананың жаңғыруы міндетті түрде сыртқы бейнені қалыптастырады. Себебі кез келген ұлттық бұйымның үнсіз жеткізетін сыры бар. Сондықтан да мен жастарға ризамын.
Ал енді менің замандастарым алғашқы кезде де «Саған бәрі жарасады. Бізге неге жараспайды?» деп ұлттық киімнің қасиетін жете түсінген жоқ. Біздің замандастардың көбісі жаңа заманға сай сәнді тренд қылып кетті. Әйтсе де қазір ақырындап, ұлттық киімнің қасиетін түсініп келе жатыр», – дейді этнограф.
Тақия демекші, жас қыздардың ұлттық бас киімге назар аударғаны жасырын емес. Өзге қыздар қара һиджап киіп жүргенде қыздарымыздың ұлттық болмысқа мән беруі ерекше жағдай.
«Біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен діни ұстанымыз бір біріне қайшы келмейді. Бағзы заманнан бергі қазақтың салт-дәстүрі мен ғұрыпы діни ұстаныммен қайшы келмей, керісінше тығыз байланыста болған. Кейінгі кезде әр түрлі діни ағымдар қазақтың салт-дәстүрі мен дінін алшақтатып жіберді. Жалпы қазақтың өзінің ұстанымы діннен берік қамлыптасқан – дейді Ырза Тұрсынзада.
Серік ЖОЛДАСБАЙ,
«Адырна» ұлттық порталы