Кәсіби мерекеге орай мәдениет және өнер қызметкерлері Президент атынан марапатталды

75
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iMXBPHhSrgu8abql8ERJtXapd6qBOWt0NNbYZBQa.jpg

Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының қызметкерлері қатысты.

Сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған Үкімет басшысының орынбасары мәдениеттің қоғамның рухани дамуында және ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда айрықша орын алатынын атап өтті. Бүгінде Қазақстанның мәдениет және өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді. Кейінгі үш жылда мәдениет саласының 592 өкілі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының атынан мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне 331 пәтер сертификаты табысталды. Осы орайда Аида Балаева сала өкілдерінің атынан Мемлекет басшысына отандық мәдениетті дамытуға көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы, ерекше назары мен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысының мәдениет саласына айрықша көңіл бөлуі баршамыз үшін ерекше мәнге ие. Президентіміз жыл сайын мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, саланың үздік өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттап келеді. Бүгін Мемлекет басшысы М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беру туралы бастама көтерді. Бұл – сіздердің өнер мен мәдениет жолындағы тынымсыз еңбектеріңізге, биік талғамыңыз бен шығармашылық ізденістеріңізге берілген аса жоғары баға, ел руханиятына қосқан өлшеусіз үлестің жарқын мойындалуы. Осы тарихи әрі мәртебелі шешіммен ұжымдарды шын жүректен құттықтаймын», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ іс-шара барысында салада кәсіби еңбекті мойындау жүйесі дәйекті түрде дамып келе жатқаны атап өтілді. «Халық әртісі» құрметті атағы қайта бекітілңп, «Асыл мұра» жаңа сыйлығы енгізілді. Мемлекеттік стипендиялардың мөлшері ұлғайтылды. Бұған қоса, көп жылдан бері алғаш рет музыкалық білім беру ұйымдары мен мемлекеттік концерттік ұйымдарға музыкалық аспаптар сатып алуға қаражат бөлінді.

Салтанатты жиында мәдениет және өнер саласының 32 өкілі марапатқа ие болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 17 адам мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтқанда, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен театр және кино актрисасы, театр педагогі, профессор Жұмагүл Өмірзаққызы Мейрамова, «Парасат» орденімен әнші, композитор, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдуллаұлы марапатталды. Сондай-ақ театр, музыка, музей, ғылым, реставрация және концерт салаларының өкілдеріне марапаттар табысталды.

Тағы 15 сала қызметкері ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Ақмола облысы Зеренді аудандық мәдениет үйінің «Арқа әуендері» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Талғат Ибраев, Бірлескен мұражайлар дирекциясының сақтау және консервациялау бөлімінің әдіскері Рахима Жақсыбаева, сондай-ақ өңірлік мәдениет үйлері, музейлер, театрлар, филармониялар, шығармашылық оқу орындары мен концерттік ұйымдардың қызметкерлері бар.

Пікірлер