Алматы әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып қаза тапқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханға қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп жазады "Адырна".
Айыпталушы – әскери қызметкер Арман Жұман. Оған «ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдаланды» деген айып тағылып отыр.
Процесс журналистердің, тіпті жәбірленушінің туыстарының қатысуынсыз жабық есік жағдайында өтеді. Себебі қозғалған іс «мемлекеттік құпияларға қатысы бар» деп аталады.
Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның сөзінше, сотқа баласы кірген.
“Ұлым әскери қызметкер, сондықтан рұқсат қағазы бар. Бірақ ол да жәбірленуші. Мен балаларымның заңды өкілімін, алайда мені сотқа кіргізбеді. Бір жарым жылда іспен де таныстырмады”, - дейді Айдос Мелдехан.
Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты "тергеу органдары сәбидің өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келеді" деп санайтынын айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл іске куәгер ретінде қатысқан.
Еске салсақ, төрт жасар Айкөркем Мелдехан 7 қаңтарда әкесінің көлігінде қайтыс болған. Оқ қыздың басына тиіп, ол сол жерде жан тапсырған. Бұл кезде көлікте оның ағасы мен әпкесі болған, олар да жарақат алған.