"Тәуелсіздікті" қайтарыңдар!

2469
Adyrna.kz Telegram

Ресей империясының монархиясы мен Кеңес одағы коммунистік партиясының биліктері әлдеқашан жойылғанымен, оларға қатысты атаулар Ертістің Кереку өңірінде әлі де әспеттелуде. 1861 жылы жаңа туған патшазада Павел Александрович Романовқа (1860-1917) тарту ретінде қойылған Павлодар атауы бәз-баяғы қалпында тұр! Патша ұлының есімі ардақталған біздің қалада Тәуелсіздік монументі орнатылмады, Тәуелсіздік сарайы да салынбады. Әйтеуір, Тәуелсіздік жарияланған жылдан кейін ширек ғасырдан астам уақыт өткен соң ғана Кутузов көшесін «Тәуелсіздік даңғылы» деп қайта атауға қол жеткізіп, ұлттық рухымыз бір көтеріліп қалған еді!
Алайда, жуырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Елбасының есім-сойын ұлықтау жөніндегі ұсынысын жария етісімен жергілікті билік сол даңғылдың «Тәуелсіздік» атауын «Nursultan Nazarbaev» қылып өзгертті де, бұл шешімін алдын ала қоғамдық тыңдауға шығармастан жедел жүзеге асыра салды! Осылайша, Қазақстанды Тәуелсіз Мәңгілік елге айналдыруды көздеген Елбасының мұрат-мүддесіне орай қойылған атау бір жылға жеткізілмей бір-ақ күнде жойылып жіберілді! Егер Тұңғыш Президенттің «Тәуелсіздік толғауы» атты ой орамдарында «Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі» деген сөздерін әкімдер мен мәслихаттардың депутаттары қаперге алса, ономастика саясатында саяси, идеологиялық қателікке бой алдырар ма еді?..
Қазақ халқының Тәуелсіздікке жету үшін 3 ғасыр бойы күрес жүргізгені тарихи шындық! Сол қасиетті күрес жолында Малайсары, Жасыбай сынды батырлар шайқас алаңдарында шаһит болды, Сарыарқа жерінен Алатау бөктеріне күшпен ығыстырылған Кенесары ханның басы шабылып, Петерборға әкетілді, Мағжан сияқты Алаш асылзадаларының сүйектері Ресейдің Қиыр-Шығысында саудырап қалды, тіпті өрімдей студент Рысқұлбековтың соңғы демі кезінде Алашорда үкіметінің астанасы саналған Семей шәрінің абақтысындағы дар тұзағында үзілді!!! Ал көк түрік ұрпағын көк бөрі еркіндігіне үндеп, азуын айға білеген көкжал жүректі жігіттердің қаншасы түрмелер мен жындыханалардың темір торларын қарш-қарш шайнап, ақыры қан құсып тыншу тапты?! Тірілердің де, өлілердің де санатына енбеген белгісіз қаһармандардың есімдерін анықтап, ерліктерін жұртшылыққа жария ету келешек ұрпақтың еншісіндегі іс.
Солай десек те, Тәуелсіздік атауының жойылуына бей-жай қарап, немқұрайдылық танытқан сіздер мен біздер, яғни аға ұрпақ өкілдері жас буынды мемлекетшілдік, отансүйгіштік сезімдеріне қалай тәрбиелей аламыз?.. Мемлекет пен халықтың ең ұлы, ең киелі құндылығы ТӘУЕЛСІЗДІК екенін, одан ешкімнің де, ештеңенің де артық болуы мүмкін емес екенін жас ұрпақтың санасына сіңіруге аға буынның бұдан арғы уақытта морольдық құқы бар ма?..
Сонау 2017 жылы Алматыда Фурманов көшесін «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» деп қайта атағанында ол кісі: «Менің атыма үлкен даңғылдардың бірін неге бермедіңдер?!» – деп кейістік білдірген жоқ қой. Керісінше риясыз көңілін көрсетіп, кеңдігін танытты. Бұл жайтты біздің ақ жағалы ұлықтарымыз неге ескермеді?..
Павлодарда «Nursultan Nazarbaev» деп атауға лайықты орталық көшелер бар емес пе: Астана, Лермонтов, Ломов... Міне, осылардың біріне Елбасының есім-сойы берілсін де, Тәуелсіздік атауы қайтарылсын!
Үкімет пен республикалық ономастикалық комиссия өтінішімізді аяқасты етпес деген үміттемін.
PS: Тәуелсіздік атауының қадыр-қасиетін жете түсінбеген жергілікті билік отаршыл патша заманының символы сияқты болып тұрған Павлодар атауының мән-мағынасына енді назар аударып, өзгертеді дегенге өз басым иланбаймын.

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.

Пікірлер