"ӨзенМұнайГаз"АҚ бас директорының орынбасары ұсталды

2071
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті "ӨзенМұнайГаз" АҚ бас директорының орынбасары Бауыржан Мамбетсапаевты лауазымды өкiлеттiктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұстады, - деп хабарлайды "Адырна" Маңғыстау облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Бауыржан Мамбетсапаев лауазымды мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар танысын "Өзен Мұнай Газ" АҚ-на заңсыз кіргізген. Дегенмен компанияға жұмысқа кіру үшін Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан аса тұрғыны кезекке тіркелген.

"Таныстарының жұмыссыздар қатарында болмағандарын, тиісті мамандыққа біліктіліктері сәйкес келмейтінін және жұмысқа мүлдем келмегендерін Бауыржан Мамбетсапаевтың анық білгені тергеуде анықталды.

Бауыржан Мамбетсапаевтың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 46 миллион теңгеден аса залал келтіріліп, Жаңаөзен қаласы тұрғындарының компанияға орналасудағы құқықтары өрескел бұзылуына әкеп соққан", - делінген хабарламада.

Тергеуде Бауыржан Мамбетсапаевтың басқа да заңсыз әрекеттері, компанияның, лауазымды тұлғалардың және мердігер мекемелердің бюджет қаражаттарын жымқыру деректері тексеріліп жатыр.

Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесіне сай жарияланбайтыны хабарланды.

Пікірлер