1964 жылы Мәскеуде соғыс ардагерлерінің бүкілодақтық конференциясы болды. Конференцияға Қазақстаннан генерал Нұрмағанбетов Сағат бастаған бір топ адам бардық. Конференция соңында Совет Одағының Батыры, маршал Тимошенко барлығымызға "Совет Одағы соғыс ардагерлері комитетінің құрметті белгісі" деген медаль тапсырды да, солдат тағамын татуға шақырды. Үлкен залда әр жерге жеке-жеке столдар қойылыпты. Мен есік жақтағы бір стол басына жайғастым. Жалғыз отырып, столда тұрған ішімдікке емін-еркін иелік жасап, біраз жерге де барған едім. Сол кезде Совет ардагерлер комитетінің хатшысы Маресьев үш адам ертіп келіп, менің қасыма отыруларын ұсынып тұрып:
— Мына кісімен танысып қойыңыздар. Бұрынғы партизан отрядының командирі Қайсенов, — деп таныстырды да, кетіп қалды. Үшеуі отырды. Кеуделері толған ордендер мен медальдар.
Бір кезде әлгі үшеуінің ең ордені көбі:
— Сендерде, Қазақстанда Бауыржан Момышұлын неге сонша аспанға көтересіздер? Ол туралы кітаптар жазасыңдар. Кино шығарасыңдар. Ол соғұрлы Отан үшін елден ерекше не істепті? — деп қадалды маған.
— Ол Момышұлын сендер білесіңдер ме? — деп өздері "сен" деп дөрекілік жасап отырған соң, мен де "сендер" деп сұрадым.
— Білеміз, білгенде қандай, бір дивизияда, бір полкта бірге болдық, — десіп жарыса жауап қатты.
— Момышұлынан, бірге болғанда, лауазымдарың, әскери шендерің жоғары ма еді?
— Жоқ. Менің шенім жоғары болғанмен, лауазымым бірдей еді де, мына екеуінің шені де, лауазымы да төмен еді, — деді ордені көбі.
— Егер сендердің Момышұлынан лауазымдарың жоғары болмаса, екеуіңнің одан әскери шендерің төмен болса, бірге жүріп, бір полкта соғыссаңдар, неге сендердің әрқайсыңда сегізден онға дейін орден бар да, ал Момышұлында бір-ақ орден бар? — деп қадалдым. Олар жауап бере алмай, бір-біріне қарады да:
— Сонда да қазақтар оны орынсыз дәріптеп, кітаптан кітап жазып жатыр, — деді түтігіп.
— Момышұлы туралы кітапты алдымен қазақтар емес, Александр Бек, Александр Кривицкийлер — осы өздеріңнің москвалық жазушыларың, тіпті соғыс уақытында жазды ғой. Сендер андағы кеуделеріңдегі көп ордендеріңе сай батыр болсаңдар, олар сендерді неге жазбаған? — деп қадалдым. Олар орындарынан тұрып-тұрып кетіп қалды.
Қасым Қайсеновтың естелігінен