БІЗДІҢ ЕЛ ҰЛТТЫҚ КАРДЛЫҚ ДАҒДАРЫСТА ТҰР

2268
Adyrna.kz Telegram

Жемқорлық шаш-етектен жайлаған елдің бәрі де кадрлық тапшылыққа тап болады. Біздің қазақ елі кадрлық дағдарысқа ұшырады. Бізге көп ұзамай кадрларды түбегейлі дайындайтын науқан жақындап келе жатыр. Біздің аса сақтықпен әрі мұқият қарайтын басты шаруамыз осы болсын.

Себебі, ұлттық мемлекеттің іргесін ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұлт кадрлары ғана құра алады. Біздің кадрлардың бойында ұлттық құндылықтарға тән қасиеттер болмаса, біздің ұлттық мемлекетіміздің бойына ешқашан да қан жүгірмейді. Космополиттенген, ұлтсызданған, қағынан жеріген, қазақтығынан тайған кадрлар бізге керек емес. Тіпті, бұлар білімі болса да бізді құрдымға жібереді. Жақсылықтан үмітіміз бар елміз. Жақсылықтан үмітіміз бар ұлтпыз. Болашағымызды сол үшін үнемі жаңашылдықпен байланыстырып отырмасақ, дәл қазіргі аумалы-төкпелі заманада біз ағынмен бойлап қана кетіп жатырмыз. Менің жаныма бататыны – біздің қоғам оны аса сезімталтықпен қабылдай алмай отыр. Оның мың себебі бар. Мұнда жіліктеп жатудың керегі жоқ.

Әлем қазір жоғары санаға, біздің тұрмыстық санамыздан биік энергетикалық өріске шықты. Ал, біздің санамыз тұрмыстың деңгейінде қалып отыр. Жемқорлар қаптаған, тұрмыстың деңгейінде қалған кез келген ұлт немесе мемлекет қорғануға мұршасы болмайды, ұлттық иммунитеті өледі. Мұның барлығы дер кезінде кадрлық потенциялдың құлдырап, бас басымен би болған, бөліп алып билегендердің кесірінен туындаған, дер кезінде кадрлық реформалардың дұрыс жүрмеуінен, оның мемлекеттің болашағына кері ықпал болатынын дұрыс болжамаудан туындап отыр. Біздің билік те, қоғам да осы жағына келгенде кінәлі. Адам құқы қорғалған, демократиялық құндылықтар бағаланған кез келген өркениетті елдерде мемлекетті тонаған адамның басын кесіп лақтырып тастайды. Ондай жемқор, опасыз адамды өркениетті елдер керек етпейді. Ақиқатында ешкімге де керек емес. Оның тұтас мемлекетке алып келетін қиянатын ол елдің құзырлы мемлекеттік органдары, азаматтары жақсы біледі. Сондықтан да оған жол бермейді.

Бір ғана мысал: Оңтүстік Кореяда пара берсең, «сен менің намысымды таптап тұрсың ба?» деген жауап аласың. Бұл ұлт болып, ел болып қалыптасқан елдің ұстанымы. Ал, біз дәл қазір бәріне немқұрайлы қараймыз. Өлмесең өмірем қал деген ұстаным бізде әлдақашан қалыптасқан. Бұл біздің сүйегімізге өтіп кетті. Біздің көпшілігімізге тіпті мемлекет керек те емес сияқты күн кешіп жүрміз. Қай жерде жақсы жұмыс болса, қазақты жастары сонда кетіп жатыр. Бұл мемлекетті басқарып отырғандардың да, қоғамның да қателігі. Мұндай опасыздықты тек қана қанында ұлттық қасиеттері бар ұлттық кадрлар ғана тоқтатады. Ұлттық кадр мәселесін жетілдіру – бұл ұлттық мемлекеттің іргесін қалау. Азаматтарды технократтық принциптерге үйрету. Әлем елдері потенциалдарын асырып, энергеиткалық санаға өтіп жатқанда, біз 7-ші ғасырға тартып барамыз.
Ұлттық кадрларды даярлауды біз мектептерден бастауымыз керек. Жалпы бізге түбегейлі өзгеріс келеді. Біз соған дайын отыруымыз керек. Қазақты ойлаған барша қазақ қашанда өзгеріске дайын болсын. Біздің арнайы білім беретін орта мектептерде оқушыларды терең білімге сусындататын өте сауатты мамандар керек. Олардың болашақта жалақысын да жоғарылатуымыз керек. Ешнәрсеге алаңдамайтын, әлеуметтік жағдайды конкурстардан іріктелген, бойында ұлттық қаны жүріп тұрған, тарихы мен дәстүрін жетік білетін, өте білімді кадрларға жасамасақ, бізде ешқандай өзгеріс болмайды. Білім саласынан бастасақ, біз көп жетістікке жетеміз. Біз балаларды емес, біз ұстаздарды дайындауымыз керек. Бұл мәселе біздің алдымыздан қашанда шыға береді. Ең басты назарда тұратын мәселе де осы болуға тиіс. Кез келген өркениетті елдерді алып қараңыз, ең алдымен барлық жағдай білікті ұстаздарға жасалады. Ұстаздарын министр немесе депутаттардан да жоғары қойып, оларға құрмет жасайды. ҰСТАЗ статусы өркениетті елдерде барынша жоғары қойылған. Мысалы үшін, Сингапур елі ұстаздарға әлеуметтік жағдай жасауы бойынша әлемнің ең алдынғы қатарында тұрады. Олардың ешбір ресурсы мен қазба байлығы болмаса да, ұлттық кәсіби нарықты қалыптастырып, ғылыми өндірістік базаларды құрған. Әлемдік нарыққа еркін араласып кеткен. Мұның барлығы ұлттық кадр мәселесіне аса мұқияттықпен қарағаннан шыққан нәтиже. Біздің ұйықтауға енді қақымыз жоқ. Енді ұйықтасақ, біз оянбаймыз. Осылай ұйқылы-ояу мең-зең болып өмірімізді өткізіп жүре береміз.
Келесі мәселе. Біздің арнайы білім беретін орта мектептерге ұлттық сарындағы білім мен тәрбие үлгісін барынша қалыптастыру керек. Мен Жапонияның, Финлянднияның, Сингапурдың білім саласындағы ұлттық реформаларымен танысып көрдім. Біздің олардан алатын құндылықарымыз өте көп. Бастысы үйренуден ерінбеуіміз керек. Ол қазіргі заманауи жаңашылдықты ұлттық құндылықтарымызбен етене байланыстыру болып тұр. Соны қолға алып, ұттық кадрлар дайындау мәселесі бізді күтіп тұр. Олардың құрған ұлттық мемлекетінің бойында қалайша тоқтамай қан жүгіріп тұрғанын білесіз бе? Олар бәрін ұлттық нышанда жүргізеді. Финляндияның да білім үлгісі немесе білім рейтингісі әлемнің алдыңғы қатарынан орын алады. Оларды зерттеп қарасаңыз, еліңізге жаныңыз ашиды. Бізге бәрін нөлден бастауға уақыттың өзі себепші болып тұр. Дәл қазір уақыт сондай талап қойып отыр. Жоғарыда аталған үш елдің бәрі де ұлттық кадр мәселесіне аса сақтықпен қараған өркениетті елдердің қатарындағы елдер.
Кез келген ұлттың болашағы өзінің жаратылысы мен болмысынан, тілі мен ділінен, тарихынан бастау алады. Мысалы, қазақтың баласына өзге тілде ғылым мен білім үйретіп, космополит етіп, мәңгүрттендіріп, қамшылап отырып та ұлттық мемлекет құра алмайсыз. Себебі, оның жаны жатта, тәні қоқыста қалады. Космополит кадрларды дайындап ешқашан да ұлттық мемлекеттің іргесін қалай алмайсыз. Себебі ол табиғатқа да, гендік ақпаратқа да, болмысқа да қарсы. Космополиттерде ұлттық таным мен түсінік, ата баба аманаты, ел мен жер, ұлтымның тарихы, жүріп өткен жолы деген ұғым болмайды. Сыртқы келбеті қазақ болғанымен жаны мен рухы әбден рухсызданып кеткен тексіздің нақ өзі. Сондықтан да қазақ баласына осы кезеңде аса үлкен таңдау тұр. Ол ұлттық кадрларымызды дайындап, ұлттық мемлекетіміздің іргесін бекемдейміз бе деген асыл мұрат пен мақсат. Бұл бабалардың асыл мұраты. Біздің жас, білімді, ұлтшыл буын осы жолда қалайда барын салуы керек. Біз өзгеруіміз керек. Заманның көшінен қалуға біздің ұлттың ешқандай да қақысы жоқ. Біз, әсіресе жастар, елдік асыл мұратымызды бірлесіп, тартыспай, жаға жартыспай іске асыруымыз керек. Жаға жыртысқан жерде ешқандай жетістік жоқ. Бабалардың аманатына қиянат жасамай, әруақтарының алдында перзенттік парызымызға адал болмасақ, біз дұрыс мемлекет болмаймыз. Кез келген ұлттық бағытта ғылым мен технология, өндіріс пен нарық, ғылыми әлеуетін қалыптастырған елге ешкімнің де тісі батпайды. Ешкімнің жетегінде кетпейді. Тіпті халқы тым аз елдердің өзі ғылым мен технологияның арқасында ұлттық иммунитетін қалыптастырып, қарқынды дамып кеткен. Біз ешкімнен де қорықпаймыз. Ешкімнен де қалып кетуге тиісті емеспіз.

Бекболат Қаржан

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер