Елде жоқ санкция. Қадыров "украин агенттері барымталап" кеткен cәйгүлігінің табылғанын айтты

4478
Adyrna.kz Telegram

Шешенстан басышы осы жолы да тосын мәлімдеме жасады. Ол Чехиядағы ат қорадан ұрланған сәйгүлігінің табылғанын хабарлады. Өзінің айтуынша, құйрық жалы төгілген "азбан-күреңін" барымталаған Украинаның барлау агенттіктері. Еуропа салған санкция салқыны да алғаш тұлпардың "шабысын шектеуден" басталыпты. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды. 

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 2023 жылы наурызда Литомержице қаласындағы ат қорадан ұрланған Зазу атты жүйрік айғырын қайтарып алғанын хабарлады.

- Жылдың басында менімен бір адамдар арқылы украинаның барлау қызметі байланысты. Олар Зазуымды салып алуға құлшынып отырғанын жеткізді. Бас тарттым, әрине. Бірақ барлау агенттіктерінің айрықша жоспары бар екен. Олар тұлпарды Чехиядағы ат қорадан ұрлау үшін Чех полицейлерімен сөз байласқан. Қымбат жылқының аяқ астынан ұшты-күйлі жоғалып кетуі мүмкін бе? Шынтуайтында, мүмкін екен, - деді Қадыров.

Оның айтуынша, осқырынып, бабында тұрған жирен қасқа тұлпарын қайтарып алу үшін 18 мың доллар төлеген (өзі оны "тиын-тебен"деп атады). Алайда, Шешенстан басшысының асыға күткеніне қарамастан, тұлпарға салынған санкциялар күшінде қалды.

"2014 жылы Еуропалық санкциялардың соққысы алғаш менің тұлпарыма тиді. Ол батыстық озбырлықтың құрбаны болды.  Жылдар бойы Чехияның ат қораларының бірінде "түрмеде отырды". Енді ғана бәрін ашық айта аламыз. Уайымдамаңыз, Зазуда бәрі жақсы", - деді Қадыров әлеуметтік желілердегі оқырмандарына.

Орайы келгенде айшықтай кетейік, Наурыз айының басында Қадыровтың "аттай қалап алған" айғырының ұрланғаны туралы Чех бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Полицияның мәліметінше, ат қораға кірген адам жүгендегі қауіпсіздік тізбегін алып тастап, атты жетектеп кеткен. Чехия полициясы аттың құнын, шамамен, 19 мың долларға бағалаған.

"Барымтаға" түскен жирен қасқа Прага халықаралық санкциялар негізінде шектеуге алынған Қадыров мүліктерінің тізімінде бар. Jezdci.cz-дің жазуынша,  Қадыров сәйгүлікті 2012 жылы өткен Дубай Әлем кубогына қатыстыру үшін WH Sport International неміс компаниясынан сатып алған. Аламанда Зазу бесінші келген. Иесімен бірге санкциялардан көз ашпаған сәйгүлік  осы уақытқа дейін 36 жарысқа қатысып, тоғызын жеңіп, 1,2 миллион еуродан астам табыс тапқан.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер