Оның қисық-қыңыр пікірлерінде адам айтқысыз түзулік бар еді. Бұл ой-пікірлер, оларды ешкімнің бет жүзіне қарамай, тірі жаннан тайсалмай, батыл айтатын Нағашыбай ағамыз əсіредіншілдік үрдісі белең алған надандық һəм қараңғылық түнегі жайлай бастаған қазіргі қазақ қоғамына керек-ақ еді.
Ол оқыған-тоқығаны мол, ұлттық санаға көтерілген көзі ашық тұлғаларымыздың бірегейі еді.Ол қазақты шексіз сүйетін. Ол қазағының діни догмамен, əсіредіншілдік фанатизмімен уланбаған еркін ойлы, білімді алдыңғы қатарлы ел болғанын қалады. Өкініштісі, оның өткір айтылған асау пікірлерін көпшілік қауым бейбастақтыққа балады. Оны дін дұшпаны қылды. Шын мəнінде ол діннің емес, қараңғылық пен надандықтың жауы еді.
Ол өз қазағымен қоса Гитлерді де шексіз сүйді. Ақкөйлек қазақтың Гитлерге деген сүйіспеншілігін бəріміз əпенділікке жорығанымызбен мұның астарында Нағашыбайдың өзіне ғана аян, өзі ғана көзі жеткен сырлар жатқан еді.
Ол біздің жеке батырымыз еді. Қазір Алаштың дұшпаны өзінен туған перзенттері болған кер заман ғой. Біреуі дін атын жамылады, біреуі жаттың сойылын соғады, енді біреуі мемлекет қазынасын тонайды, тағы біреулері жер сатумен айналысады дегендей... Əсіресе, əсіредіншіл, радикал, діни фанатиктер қазақ қоғамының айықпас дертіне, сорына айналғалы қашан. Нағашыбай осыларға қарсы жалғыз өзі майдан ашты. Олар күпінің битіндей көп еді. Бəрі жабылып Нағашыбайды арадай талады. Бірақ Нағашыбай еш қыңбады. Надан адамның өздері де, сөздері дөрекі, ауыздары аса былғаныш келеді ғой, олар ФБ бетінде Нағашыбайға айтпағанды айтып, қарғыстың небір атасын қарша жаудырып жататын. Мені Нағашыбайдың осыншама даттауларға асқан сабырлылықпен төзетіні, байыппен жауап қайырып жататыны қайран қалдыратын. Ол асқан сабыр иесі еді. Бұл жөнінен ол бейпіл ауыз мұсылмансымақтарға үлгі өнеге еді.
Осылайша ол мыңмен жалғыз алысты. Ол қоғамның көбіміз айналып өтетін, əшкерлеуге тəуекел ете бермейтін түйткілді мәселелерін батыл қозғады. Бейнелеп айтқанда ол Құдайдан бастап, Қонаевқа дейінгі "авторитеттердің" түгін қалдырмады. Сөйтіп ол көзсіз табынушылық жетегінде санасы тұманданып жүргендердің, əсіресе, рушылдық ауылында қалып қойған аудансыздардың санасына сəуле түсіруге тырысты. Ол аңқау қазағын көзсіз көбелек тəрізді көрінген нәрсеге табына беруден сақ болуға шақырды. Оның ащы айтқан бұл пікірлеріне саналары жат ағымдармен уланған зомбилер өре түрегеліп жаппай қарсы шыққанымен, соңғы кездері Нағашыбай идеяларын қолдаушылар да аз болмай қалған жоқ. Əсіресе жас буынның арасынан Нағашыбайдың пікірлес серіктері көптеп шыға бастап еді. Осылайша ол бір өзі бір қоғамдық институттың жұмысын атқарды десе де болады.
Өкініштісі Нағашыбайдың бұл пікірлері мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, академиктер, докторлар, депутаттар, саясаткерлер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ақын, жазушылардың аузымен айтылуға тиіс еді. Амал нешік, қазақ қоғамы өзіне керекті аса қажет бағалы пікірлерлерді, еркін ойларды жұмыссыз Нағашыбайдың аузынан естіді. Естуімізше Нағашыбай Есмырза көптен бері жұмыссыз екен. Егер өркениетті қоғамда ғұмыр кешсе, Нағашыбай кем дегенде бір саяси партияның идеологы немесе бір ЖОО орнында қоғамтану ғылымынан дәріс оқыр еді. Амал нешік, терең білім, көшелі ой иесі, ақиқат жаршысының "жұмыс орны" оның ФБ парақшасы ғана болды. Ол қазақ қоғамына сол ФБ парақшасының тілдей терезесінен үн қатты. Шыны керек, оның қияңқы, қыршаңқы ойлары көпке жетті, оятты, тіксіндірді, қынжылтты, өшпенділік тудырды... Əсіресе ол Құдайдың "адвокаттарына" келгенде ымырасыз-ақ болды. Ол өз оппоненттерін 18 мың ғаламның иесі Құдайдың "жыртысын жыртқанша" қазағының жоғын жоқтауға, жаны қанауға, тəні талауға түскен, орасан зор материалдық байлығы жемқор, сатқын шенеуніктері арқылы əлемдік олигархтардың талан-таражына ұшырап, шекараның аржағына сұраусыз кетіп жатқан жер бетіндегі ең қорғансыз, ең момын ұлттың мүддесін қорғауға шақырды.
Айтыңыздаршы ағайын, тумаған, туылмаған, мекенсіз, ештеңеге мұқтаж емес, аса мейірімді, жарылқаушы Құдайды - өзі жаратқан дəрменсіз (діншіл қазақ) бір пенденің өзі сияқты дəрменсіз (намаз оқымайтын қазақ) пендесінен қызғыштай қорығаны қандай, керісінше сол діншіл қазақ пен атеист қазақ екеуінің тізе қосып ит те құс та басынып, əлемдегі ең бір қорғансыз, қор ұлтқа айналып келе жатқан қазақ ұлтының мүдесін бірігіп қорғағаны қандай? Екеуінің қайсы қайырлы, қайсы баянды? Қайсы ақылға сияды?
Ақиқатында Құдай өзіне адамзат нəсілінің оның ішінде қазақ баласының араша түсуіне мұқтаж емес. Көктен түскен дейтін төрт кітаптың бірі Құранда айтылғандай адамзат бар болғаны Құдайдың құлақ кесті құлы ғана. Бəлкім Құрандағы ең бір абсурд осы шығар? Неге Құдай өзі жаратқан перзенттерін құл қылуға мүдделі? Ал құлда құқық, ерік, еркіндік болмайды ғой!
Расында да ат төбеліндей биліктен өзінің конституциялық құқын талап ете алмай отырған, əлі ұлт деңгейіне толық көтеріліп болмаған, қайта рушылдық ауылына, феодализм жұртына қайыра дедектеп бара жатқан дəрменсіз қазақ қайтіп, не бетімен Құдайдың "адвокаты" болмақ? Керісінше қазақ Құдайдың назарына зəру, қамқорлығына мұқтаж. Егер қазақ Құдайдың назары түскен қалаулы ұлт болса 32-нің ашаршылығында неге шыбындай қырылып қалды. Неге 37-нің қуғын-сүргінінде ұлт көсемдері мен зиялылары жаппай атылып кетті. Міне, Нағашыбай осы ұлы сауалдарға жауап іздеді. Нағашыбайдың бар "кінəсі": діннен Ұлтты, Құдайдан Халықты жоғары қойғандығында еді. Тегінде Халық Құдайдың бір аты емес пе еді? Құранда біз сендерді бір-бірлеріңнен ажырату үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік деуші еді ғой. Əсілі озық ұлттар мен өркениетті елдердің Құдайы мен діні сол мемлекет пен халқының игілігіне қызмет етеді, ал біздің діншіл қауымның еркіне салсаң, байғұс қазақ Құдай мен билікке құл болғанның үстіне құл бола түссе екен деп тілейді. Мысықтілеу əсіредіншілдердің Құдай мен билікке құл болған байғұс қазақтың шын мəнінде өз билігі мен озық ұлттардың, шетелдік алпауыт компаниялардың құлақ кесті құлына айналып бара жатқанында шаруасы жоқ. Отаршылдық қамытынан жаңа босаған, құлдық санадан арылмаған халықтың əсіреқұдайшыл болғаны өзінің соры екен ғой.
Нағашыбай Есмырза шындық үшін өлді, бəлкім өлтірілді... Расында біз Шындық бар болса елемей қойып өлтіретін, Шындық жоқ болса шырқырап іздей бастайтын қызық жұртпыз. Нағашыбай шындығын жоғалтып алған жұрттың ақиқатын қайтармаққа талаптанып, тынбай сөйлеумен жүрді, ал біз оны аяусыз күстаналаумен болдық. Ол кенет арамыздан кетіп еді, бəріміз бірден шулап іздей бастадық.
Біз шындықты өз аузымызбен айтуға дəтіміз жетпегендіктен, басқалардың аузымен айтқызып қызығына қарап отырғанды жақсы көретін елміз. Біз Нағашыбайды жек көріп отырып, оған шындықты айтқызып алуға арланбайтынбыз. Енді шындықты кімге айтқызар екенбіз? Барлықтарыңыздың көкейлеріңізде осы сауал тұрған да шығар, бəлкім?
Мен Нағашыбайды алғашқы жəне ақырғы рет Əуезов театрында көрдім. Қойылым біткеннен кейін көрермен қауым əдеттегідей киім ілгішке лап қоямыз ғой. Қарасам оң жағымда Нағашыбай ағамыз сырт киімін алып жатыр! ФБ да байқалмайды ғой, өмірде қағілез, жүдеу өңді кісі екен. Сірə, қойылым əсерінен арыла алмаса керек, миығына күлкі үйіріліп алыпты. Өз ойымен өзі əуре екендігі, жан-жағын бағамдауға шамасы жоқтығы беймəлім алысқа тігіп алған көздерінен байқалады жəне ол зиялылық ұшқынын шашқан мейрімді, ойлы көздер өзіне риза кейіппен күлімсіреп алған... Бір сəт сырт киімді ала беріп, оң жағыма қайта қарасам, жаңа ғана қасымда тұрған Нағашыбай бейне бір ғайыпқа айналып кеткендей жоқ болыпты! Содан кейін Нағашыбайды көрген емеспін. ФБ-да ішінде де жауаптасып үлгермеген екенбіз. "Шұбат патиіне" де бару ойға келмепті. Сыйлас, пікірлес бір журналист кісі шұбатқа шақырғанда қолым тимеп еді. Енді міне, сол ақиқатшыл есті адам, қазақта ешкім тəуекел етпеген ой-пікірлерді айтқан жайсаң ер дүниеден беймезгіл өтіп кетіпті.
"Есті көрсең, кем көрме" дейді Абай. Біз есті көрсек кем көреміз, қор тұтамыз, ол аздай жабылып жүндей түтеміз. Бірақ мұның ұлттық сорымызға айналып келе жатқаны ойымызға кіріп те шықпайды. Оған Нағашыбайды ит қылғанымыз куə. Əлі қаншама естілеріміз қоғам тарапынан "ит болуға" кезектерін күтіп тұр екен. Айтпақшы, кешелі бері əлеуметтік желілерде Нағашыбайдың қазасына қуанып жатқандарды, күліп жатқандарды, тіпті табалап жатқандарды байқап қалдым. Нағашыбай өзі шексіз сүйген қазағының мүддесін қорғаймын деп барып, ер өлімімен өлді. Ер өліміне қуанба қазақ! Бүгін қуансаң, ертең, құдай оның бетін əрі қылсын, əсіредіншілдердің қолына аяқ астынан қару тиер болса - жылайтын боласың. Күлме, жұртым, ертең жерің мен қазынаң əп-сəтте сатылып кетіп, күлкің тиылмай қалып жүрмесін. Сосын марқұмды даттап жатқан əсіредіншілдер, сіздерге айтарым, ерден иман кетпейді. Нағашыбай тозаққа кетті деп бөріктеріңізді аспанға атқандарыңыз артық. Құдай ұлтын ұлықтаған, халқын сүйген Ерді тозаққа ешқашан жібермейді. Өйткені Халық Құдайдың өз аты!
Бақұл бол, Нағашыбай аға! Қош, романтик социалист! Қош, Ұлтшыл Ер! Тəңірі алдыңнан жарылқасын!
Ерлан Төлеутай