Одақ жайлы ода. Жазушыларды басқаруға құлшыныс артты. Ұмтылыс ақтала ма?

7657
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық ақпарат кеңістігінде Жазушылар одағының ау-жайы талқыға түскені біраз болды. О баста "Жазушылар одағы қоғам үшін қажет институт па?" деген сауал ортаға шықты. Әлеуметтік медиадағы талас-тартыс ширап, Одақтың басшылығы мен түрленуі мәселесі қатар қаралды. Қоғамдағы саяси өзгерістер мен бұлғақтарға бейқамдық танытып, сый-сияпат жолында ғана "төбе көрсететін" жазушылар тобын жазғырып шыққан қоғам белсенділері табылды.  Сәкен Сейфуллиннен бастап ұлт зиялылары қызмет еткен шығармашыл шаңырақтың жаңа заманға сай жүлгеліп, жанданғанын қалайтындар өз үміткерлерін ұсынды. 

Жазушылар Одағының басшысына ұсынылған үміткерлер қатарында Мереке Құлкенов, Ұлықбек Есдәулет, Ақберен Елгезек, Нұржан Қуантайұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Думан Рамазан, Арман Әлменбет сынды туындыгер азаматтар бар. Даудың басы ақын Ақберен Елгезектің "өз еркімен" Одақтағы қызметінен кеткенін хабарлаған сәттен басталды. Оқырман дүдәмал кейіпте қалған. Ақын өзінің жазбасында бюрократия мен Жазушылар Одағына тән ырду-дырдудан шаршағанын айтты.

 «Мен бүгіннен бастап Қазақстан жазушылары одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ». ақын Ақберен Елгезек. 

Алайда Жазушылар Одағының қазіргі басшысы Ұлықбек Есдәулет өз орынбасарының өкпесі қара қазандай екенін айтып, шешімінің сыры басқада дейді. Оның айтуынша:

...Бірақ өзі соңғы кезде бизнес жасап жүрген. Кітап шығаратын баспасы бар. Соған уақыты жетпей жүр ме, білмеймін. Кейінгі уақытта жұмысқа кішкене салғырт қарап жүрді...<...>... Оның айтып тұрғаны – алда өтетін Құрылтай. Бәлкім, Жазушылар одағының төрағалығына түскісі келді ме екен, біреу оған «сен бәрібір өтпейсің» деген бе, білмеймін ғой. Сондай бір өкпесі бар сияқты. 

Одақтың ішкі шоғынан тұтанған алаудан өрт шықты. Қаламгерлер қызды-қыздының буымен әлеуметтік желіде бес жыл бойы атқарылған жұмыстар, қаржының жұмсалу жайы, қор болған және қайтарылған ақша, жеке бастың жағдайын сөз етті.  Сонымен қатар Одақ арқасында өз еңбектері мен "ет жақындарының" шығармасын асқан басымдықпен насихаттау жайы мен құралақан қалғандардың хақы-құқы ашық талқылана бастады.

Алғашында Одақты жандандыруға қатысты өзінің ұтымды ой, тың идеясын айтып, жазушы, баспагер Арман Әлменбет көзге түсті. Баспагердің пайымдауынша, Одақ - қазақ қоғамына қажетті рухани институт. Ол өз идеясын қоғам талқысына тастап, көпшілік қауымның оң бағасын алды. Тек мәселе - Арман Әлменбеттің Жазушылар Одағының құрамында болмауы. Дегенмен үміткер өз бағдарламасын фейсбук парақшасында жариялады. Оның айтуынша, "Қазақ тілін терең білетін, шығармашылық қабілеті бар қаламгерлер, әсіресе қырықтан асқан буын осы қайнаған тіршілікке араласа алмай қалды".

Жас пен жасамыс. Жаһандық тұлға ма, ұлттық сипат па? 

Жас пен орта жастағы әрі жаңашыл жазушылар үмірткерлердің "дағдарыс менеджері", "жаһандық тұлға", "лингвист", "дипломат" болғанын қалайтынын жеткізді. Олардың "көбік сөз бен атасын айтып ас бұлдайтын, бабасын айтып, белеңге шығатындардан" шынайы жалыққаны байқалады.

- Жазушылар одағының қазіргі төрағасы 69 жастағы атамыз Ұлықбек Есдәулеттің орнына 72 жастағы атамыз Мереке Құлкенов басқарады деген әңгіме бар! Дұрыс қой, жазушылар одағын әр жүз басқарып келеді, келесі кезек - басқармаған жүзде. Бірақ, неге пенсиядағы аталарды шаршата бересіздер, ол кісілерді демалдыру керек қой, терін алып, нағыз байге қосатын жаста ғой. Бәйге дегенім зейнет жасында бұл кісілерден керемет шығарма туар еді. Сіздер қызметке сала бересіздер бұл кісілерді,... - деп жазды Ерқанат Тұрсынжанұлы.

Азаматтық журналистика өкілі Сәбит Ырысбав былай жазды:

 

- Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов болады деп хабарлады Ұлы Дала журналисі Оңғар Қабден. Шалдардан шаршамадық па?

Дегенмен еңселі буын арасында Жазушылар одағына ұлттық сипат дарытып, қоғам көңілінің кілтін тапқанын құптап отырғандар да бар.

Дау арасында жазушы Бейбіт Сарыбай мәселені алыстан орағыту қажет екендігін тілге тиек етіп үлгерді:

- Анау кресло Жазушылар одағы Төрағасының орны. Ол орынға отыру үшін ең әуелі шығармашылық әлеуетің болу керек. Оқырман да, қалам ұстаған қауым да сенің шығармашылығыңды мойындау керек. 

Әдебиет үшін сүйекті, оқырман үшін сүйікті шығармаң болуы шарт. Әйтпесе, күшті менеджер болсам болды деп кіріп келетіндей, кракадилдерді қорғау одағы емес бұл. Екіншіден, әрине, күшті менеджер болуың керек. Үшіншіден мысың (медь емес) болуы керек. Жоғары билікті өзіңмен санастыра алмасаң бәрі бекер. Министрлер мен облыс, қала әкімдері түгілі, үкімет басшысына тікелей телефондататын бедел керек-ақ. “Әй, Әлихан, қалдарың қалай?”,-демесең де, бүгежектемейтіндей деңгейде бол. Сөзіңді өткізе алуға тиіссің. Ол болмаса, қоя ғой. Шаруа қиын. Осы үшеуі бір басыңда тоқайласса ғана, бел шеше кіріс. Мен әдейі адал, мейірімді, ақжүрек, жанашыр дегендей нақты керек талаптарды қоспай отырмын. Өйткені сен онсыз да солай болуың керек.


Бейбіт Сарыбай және Жазушылар одағы басшысының орны

Кандидатты лепесшіл қолдаушыларына қарай емес, бағдарламасына қарай таңдау қажет...

Бұл жолғы Одақ басшысын сайлауда тың идея мен жаңа бағыттар ұсынып жүрген - Арман Әлменбет. Баспагер сайлау жолында барлық талаптарды ескеріп, қарсылас үміткер Думан Рамазанды пікірсайысқа, дебатқа, шақырды. Бірақ жазушы дебатты уақыт шығыны деп санайтынын айтып, бас тартты.

Арман Әлменбет өз бағдарламасында жазушыларды жұмысқа тарту, ұлттық прозаны дамыту,  жазушылардың әлеуметтік мәртебесін айқындау, филиалдар мен Одақтағы жиындар мәселесін қарастырған. Мысалы:

Жазушылар одағында тіршілікті қайнату жайында. Оның ішенен кітапхана мен кітап дүкені ашылуы керек. Маңайдағы консерватория мен өнер академиясының студенттері, таяу-жырақтағы университет студенттері сол жерге келіп кітап оқып, кофе ішіп, бір-бірімен араласуы керек. Сол жерде ылғи кездесулер өтіп жатуы керек. Ол еркін форматта, оқырманмен кездесу секілді өтуге тиіс. Тек жазушылар ғана емес, ғалымдар, саясаттанушылар, кәсіпкерлер де келіп жатуы керек. Одақтың ішінде тіл үйрететін курстар ашылуы керек. Сондай-ақ, өнер академиясының және басқа да оқу орындарының студенттерінен құрылған әуесқой театр жұмыс істесе, оған жас драматургтар пьеса жазса, ақылы қойылымдар қойса, қала халқы келетініне күмән болмас еді.

Жазушы Думан Рамазан бағдарламасында:

...Шығармашылық үйі бар, мемлекеттік тендедлерден түсетін қаржы-қаражат бар, егер істің ебін тапса, өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Одаққа түскен әр тиынның орнымен жұмсалуын қатаң қадағалап, ерекше бақылауда ұстаса, оңды-солды шаша бермесе, көп нәрсе тындыруға болады. Жыл сайын одақтың кіріс-шығысын есептеп, есеп беріп отырса, жұртшылықта да ешқандай күдік-күмән тумайды. Заманға сай бәрі ашық болуы керек. Түкке қажеті жоқ жиындардың барлығын қысқартып, немесе басқаша, жаңаша форматта өткізуді ойластырып, жаңаша жұмыс істеуге көшу керек. Бұл жағынан алғанда да істеймін деген адамға Қазақстан Жазушылар одағында мүмкіндік мол. Өзім қызмет істейтін «Жұлдыз» журналында іске жарайтын дені дұрыс бір компьютер, бір принтер жоқ. Жазушылар одағының қазіргі жалпы жағдайы осындай. Бәрін жаңалауға, жарақтандыруға, дәл соған қаржы табуға болады, - дейді.

Тартыстың қызған шағында аламанға Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлының кандидатурасы қосылды. Әлеуметтік желіде қарша бораған қолдаулар мен көзқарастардың молдығы аңдалады. Қаламгердің бағдарламасы "Жаңа кезеңде – жаңа белеске" деп аталады. Бағдарламада дипломатиялық байланыс, қаржы тарту мәселесі, баспа қызметі мен халықаралық байланыс, шетел ұйымдарының тәжірибесі, жас қаламгерлер мәселесі сөз етілген:

...Әуелі Жазушылар одағының жарғысы өзгеруі тиіс. Одақтың «Басқарма мүшелігі» және «Секретариат» деп аталатын басқару формалары заман ағысына ілесе алмай барады.
Уақыт талабына сәйкес жаңа жобаларға жол ашылуы қажет. «Есті адам ескіні жаңғыртады» дегендей, бұрынғы үлгіні де жаңа мазмұнда жаңғыртқан жөн. Мысалы, Совет Одағы кезінде дүрілдеп жұмыс істеген «Кітап саудасы» жүйесін мәдениет министрлігімен, облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып республикалық деңгейде жаңаша үйлестіруге әбден болады...  Одақтың Шығармашылық кеңесі ашылып, ол жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Жазушылар одағының жанынан Әдеби қор ашылып, ол коммерциялық негізге көшуі қажет... Кейбір қазақ тілді кітаптар Kitap DYKENI-інде тұрғанымен, оларға көрсетілетін жарнама мен техникалық қолдау жоқтың қасы. Қазақ тіліндегі аудиокітаптарды тез табуға болатын сайттар көптеп ашылуы керек. «Амазон» платформасына шығу үшін біздің шығармалар ағылшын тіліне сапалы аударылуы керек, ал ол бір күннің жұмысы емес.

Ал Жазушылар Одағының және бір үміткері Ұлықбек Есдәулет Одақ жанынан әдеби қор құруға құлшынып отырғандығын білдірді. Бағдарламада шетелмен байланыс агенттігін ашу қажеттілігі де айтылған.

- Мәдениет министрлігімен бірігіп, «Көркем аударма орталығын» құру. Мұндай орталықтар әлемнің біраз елінде бар... Жазушыларға кітап жазуға грант бөлу. Бұл жұмыс та Мәдениет министрлігінің қолдауымен іске асырылады. Мұның Ережелері мен шарттарын, қаржыландыру тәртіптерін жасауды қолға алдық. Бұл жерде арнаулы Комиссия құрылып, сараптама арқылы қатаң сұрыптау жүргізіледі...

...Жастарға арналған «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Ұлы дала», «Айтұмар» сияқты байқаулардың үзілмеуіне, қаржысын көбейтуге көңіл бөлеміз.Жастарға арналған «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Ұлы дала», «Айтұмар» сияқты байқаулардың үзілмеуіне, қаржысын көбейтуге көңіл бөлеміз.

Дегенмен жастарға арналған әдеби байқаулардың салтанатты шарасынан кейін ешкім "тыныш тарқаған" емес. Байқауларға көп оқырман күмәнмен қарайтынын айтуымыз керек. Оның дәлелі - "Айбоздағы" айғай-шу.

Жазушы Қанат Әбілқайыр Одақ төрағасына лайық азамат ретінде қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің кандидатурасын ұсынды.  Оның ұсынысын ақын Тоқтарәлі Таңжарық, ақын Ұларбек Дәлейұлы қолдады.

- "Ұлықбек аға төрағалықтан кете қалса, ол орынға лайық кім бар?" деген ой мазалағалы бір ай болды.
Ары ойлап, бері ойлап өз басым Жүсіпбек Қорғасбектің кандидатурасына тоқтадым.
Меніңше, қандай жағдай болмасын, Сәкен, Сәбит, Ғабиттердей алыптардан қалған қасиетті орданы алдымен қазақты шығармашылығымен мойындатқан қаламгер басқару керек.
Жүсіпбек ағаның "Жансебіл", "Жынды қайың", "Қасқыр адамынан" бастап бар шығармасы сол үдеден шығады,.. - деді Қанат Әбілқайыр.

Журналист әрі қаламгер Серік Әбікенұлы кей кандидаттарды ұсынып, билік өкілдеріне топтасып хат жазғандарды жазғырды.

- Топтасып хат жазу тоқтамапты, а? Баяғыда қазақша мәу демейтін Мәсімовты қазақ тілінің қамқоршысы көріп хат зулатқандар тағы да "пәшкілеп" қол қойып, түрлі лауазымды тұлғаларға қарай зулатып жатыр. Бірінің көсегені - одаққа бастық, енді бірінікі жай ғана - одақбастық. Өткеннен бері қарап, оқып жүр едім, дәл осы тартыстан демократия лебі ескендей болған. Төрден қолдаушы, жерлес, руластан қорғаушы іздеген "тазкепеш" тағы дөп кепті.

Қалың қазақ қызыға көз тігетін күн. Одақ биліктің саяси спектакль қоятын сахнасына айналды ма?  

Айылын жиып, тертесін тарта елдің түкпір-түкпірінен жолға шыққан қаламгерлердің фотосуреттері әлеуметтік желіде жарияланып жатыр. Ертең - құрылтай. Қазақтың қарқара қаламгерінің құтты ордасына айналған киелі шаңырақта сайлау өтеді. Қызу тартыс, тіпті, жұдырық түйістіріп, аяқ тебістірер күтпеген жағдайлардың болатынын іші сезіп отырғандар көп. Оның үстіне бұрнағы, XV құрылтайдағы, жайт жұртқа мәлім.

Жазушылар одағының құрылтайы. Алматы. 12 наурыз 2018 жыл. "Азаттық радиосынан"

Оны да естеріңізге сала кетейік, осының алдындағы құрылтайда сөз алған ақын Мұхтар Шаханов Нұрлан Оразалинді “Қоразалин” деп атаған еді.

- Оразалин ұлттық мүддеге келгенда Қоразалин болды. Тауықәлин, Шөжалиннің деңгейінде самғады. Ол биліктегі басшылардың туфлиін шеберлікпен жалады. Оның еңбегі сол. Бұл да қазіргі кезеңнің үлкен өнері,  – деді Мұхтар Шаханов.
Шаханов пен Жұмаділовтің сынына Нұрлан Оразалин былай жауап берген:
“Жиналысқа келмей сырттан тон пішу, өзін жазушылар одағынан жоғары қоятын ұлылықтың ауруымен ауырған адамдардың ғана қолынан келетін нәрсе. Ұйқасты мен де сізге айтайын, Маған екі, үш жыл бұрын хат келді. “Шаханов, Шакалов” деген. Сіздер елді сыйлаңыздар, ағайын. Менің әкемде, менің атамда ешқайсыңыздың шаруаларыңыз болмасын. Осы менің екі ағама берген жауабым, – деді Нұрлан Оразалин.

Айрықша оқыс әрекеттер мен жаға жыртысу амалдары мұндай басқосуларға тән құбылыстар. Бұл жайлы Танагөз Толқынқызы мынандай пікір білдірген-тұғын:

- Жақында өткен Жазушылар ода­ғының пленумында отырып, ел­дің қаймағы саналатын ақын-жазу­шы ағаларымды сырттай ба­қыладым. Кешегі Алаш арыстары қан­дай еді? Кешегі Әлихан Бөкей­хан мен Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы мен Мұстафа Шоқайлар қандай еді?! Олар нені аң­сады? Біз бүгін нені даулап жүр­міз? Мен залда отырып атылып кет­кен алаш арыстарын қатты са­ғын­дым. Маған Тәңір таңдау берсе, қазақты қынадай қырған, қит етсе атылып кететін қасіретті ғасырға аттанар едім.

Соңғы жылдары Жазушылар одағының биліктің "қолбаласына" айналып кеткендігі де айтыла бастады. Қалай болғанда да, құрылтай ортақ ымыраға келудің киелі нүктесі бола ма,  немесе даудың жаңа жалғасы бола ма, ертең осы уақытта талқылап отыратын шығармыз...

Дастан Қастай

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер