Серікжан Біләш мырзаға!
Мен Сіздің шақыруыңызды көрдім, раxмет! Бірақ, 6.03. күні Сізге бара алмаймын, дәл сол күні қолым тимейді, себебі Астанада тұрам. Шынымды айтсам, қолым тиген күннің өзінде де, Алматыға ұшып барып Сіздің лекцияңызды тыңдауға уақытым жоқ. Ал оралмандарға көмек көрсетуге келетін болсақ, Сіз айтпай-ақ та, тіпті "Атажұрт" ұйымы құрылмай тұрып та талай қазаққа, "оралман" деп бөлмей-ақ, көмегімді көрсетіп келемін. Жалпы, ұлттық мәселелерімен айналысып жүргеніме 10 жылдай болды.
Оның ішінде Қытайдан келген бауырларым да бар. Бірақ, оның бәрін Сіз сияқты "мен Қытайдан келген 7 жанұяны асырап отырмын" деп әлеуметтік желіні шулатқан жоқпын. Және Сіз сияқты "мен танкімін, сендер көртышқансыңдар, шынжыр табаныммен әдейі мыжғылап таптап өтемін" деп өзімді танкіге, ұлы ақындарды саршұнақ тышқанға теңеген емеспін. Бұл астамшылдық, менмендіктің белгісі деп білем. Мұхтар Шаханов, Мекемтас Мырзахметов, Ғаббас Қабышұлы, Темірхан Медетбек сынды ағаларымыз аман болсын. Мен оларды бұдан бұрын да қолдап жүрдім, бұдан былай да қолдаймын.
Құрметті Серікжан мырза!
Жасап жатқан жұмысыңызға сәттілік тілеймін! Қытайдағы қазақтың тағдыры тек Сіздің емес, барша қазақты алаңдатып отыр. Бұл мәселе Сіздің жалынды сөздеріңізбен емес, екі мемлекет аралық келісім шарт арқылы ғана шешіледі.
Бұл жерде Сіз зиялы ағаларымызға емес, билікке өкпеліңіз, Шаxановты емес, күшті болсаңыз биліктің өзін сынаңыз. Қазақтың ұлттық мәселесі тек оралман мәселесімен шектелмейді, бұл да есіңізде болсын.
Ал көмек мәселесіне оралатын болсақ, мен ешқашан көмек көрсетуден бас тартқан жоқпын. Жағдайы қиын Қытайдан келген бір-екі ағайынның есеп-шотын жіберіңіз, қолым келгенше көмегімді әлбетте көрсетемін. Ертең, "мен шақырдым, олар келген жоқ" деп қазақтың арасына іріткі салмаңыз, біреуге міндетсінбей жақсылық жасаңыз. Бар күшіңізді аз қазақты біріктіруге жұмсаңыз!
Ізгі ниетпен, Мұxтар Тайжан