Күн көсемнің туған күнінен соң. Кент атауы өзгерді

2341
Adyrna.kz Telegram
Фото: pavlodarnews.kz
Фото: pavlodarnews.kz

Павлодардағы Ленин кенті енді Атамекен деп аталатын болады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Pavlodarnews.kz жазуынша, Кент тұрғындары осы атауды таңдаған. Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінің мәдениет үйінде кент атауын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Кент әкімі Маржан Алшымбаеваның айтуынша, тоқсан сайын тұрғындармен кездесу өтіп тұрады. Сол кездесулерде кенттің атауын өзгерту туралы өтініш жиі түсіп тұрған.

Биыл бірқатар тұрғындардан қала әкімі мен облыс әкіміне кенттің атауын өзгерту туралы өтініш түскен. Содан кейін 1 ай бұрын облыстық газеттерде 29 сәуірде қоғамдық тыңдау өтетіні туралы хабарлама таратылған.

«Оған дейін жергілікті тұрғындармен жиындар өтті. Ақпараттандырдық. Топтар құрылды. Көп ұсыныс түсті. 20-ға жуық атау ұсынылды. Дегенмен жергілікті тұрғындармен өткен жиындарда 7 ұсыныс іріктелді. Оған Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына, Жетінші ауыл атаулары және атауды өзгертпеу нұсқасы кірді. Одан кейін бүгінгі қорытынды жиында екі атау: Қазанғап би және Атамекенді қарастыру туралы шешім қабылданды», – деді Маржан Алшымбаева.

Қоғамдық тыңдауға кент тұрғындары, жергілікті қоғамдастық мүшелері, жақын ауылдардағы және қаладағы ауылдың тумалары, ауылға қатысы жоқ адамдар да келді. Жиналғандардың пікірі тыңдалды. Алайда шешімді жергілікті қоғамдастық мүшелері шығарды.

Дауыс беруге жергілікті қоғамдастықтың 50 мүшесі қатысып, 49 адам Атамекен атауына  дауыс берді. Енді заңнама бойынша атауды өзгерту жұмысына 3-6 ай уақыт жұмсалады.

Пікірлер