Павлодар қаласында бір жылдың ішінде аса ауыр қылмыстар саны 71,7%-ға төмендеді

411
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ErmEJlERpjMkyldxggx9t5uircQ4VKOpMgU5XJeB.jpg

Жалпы Павлодарда қылмыс деңгейі айтарлықтай азайып келеді. Бұл туралы қала әкімдігінде прокуратура және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. 

Жиында өткен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар қалалық полиция басқармасыныңбасшысы есеп берді. Оның мәліметінше, 11 айдың ішінде қылмыстық құқықбұзушылықтар бірқатар көрсеткіштер бойынша азайған. Атап айтқанда, жалпы қылмыстар саны 4,6%-ға, ал аса ауыр қылмыстар 71,7%-ға қысқарған.

- Сонымен қатар, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері – 10,2 пайызға, қарақшылық – 33,3пайызға, тонау – 38,3 пайызға, ұрлық – 18,2пайызға төмендеді. Оның ішінде, пәтер ұрлығы – 17,1 пайызға, ұялы телефон ұрлығы – 31 пайызға, қалта ұрлығы – 64,7 пайызға, ал кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 40 пайызғаазайды, - деді Павлодар қалалық полиция басқармасының бастығы Мәлік Оңғарбаев.

Жиын барысында қылмыстардың басым бөлігі мас күйде жасалатыны да айтылды. Осыған байланысты спирттік ішімдіктерді заңсыз сату деректерін, әсіресе кәмелетке толмағандарға сатуды анықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Өз кезегінде Павлодар қаласының прокуроры Ерлан Салханов қала аумағындағы иесіз ғимараттар мен пәтерлерге толық талдау жүргізуді ұсынды. Мұндай түгендеу құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті нысаналы түрде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа қала әкімдігінің қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары тартылатын болады.

Қала әкімдігінде атап өткендей, 2024–2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы аясында биыл 3 жылдық «Қауіпсіз қала» жобасы іске қосылды. Жоба Павлодар облысы аумағында шамамен 5 000 бейнебақылау камерасын және «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешендерін орнатуды көздейді.

Камераларды орнату жол қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба террористік тұрғыдан осал нысандарды, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарды қамтиды. Бұл өзге де ірілі-ұсақты қылмыстардың алдын алуға көмектеседі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков 2026 жылға арналған құқықбұзушылықтардың алдын алу жоспарын бекітуді тапсырды. Атап айтқанда, қала тұрғындары арасында қылмыс жасаудың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр.

Айта кету керек, алдағы мерекелерге байланысты Павлодар полицейлері күшейтілген қызмет режиміне көшті. Осы мақсатта жаяу патрульдер мен автопатрульдер саны арттырылды.

Пікірлер