Дәліз-сұхбат. Жамбыл әкімі ісін бағалайтындар ішінде халық жоқ

2583
Adyrna.kz Telegram

Нұржан Нұржігітов – жаңа үкіметке ескі үкімет құрамынан жеткен әкім. Оның Жамбыл облысының басшысы болып тағайындалғанына бір жылдан асып барады. Үкімет үйі дәлізінде Аdyrna.kz тілшісі аймақта қалыптасқан жағдай және әкімнің сынға ұшыраған әрекеттері туралы шағын сұхбат алуға тырысты.

АЙМАҚТАҒЫ ЕҢБЕК ДАУЫ ТУРАЛЫ

– Сіз Жамбылға әкім болып келгелі Әулиетада бірнеше еңбек дауы болды. Мұны сіз немен байланыстырасыз? Жалпы ереуілшілердің алдына өзіңіз неге шықпадыңыз?

– Бізде көбінесе еңбек дауы «Қазфосфат» мекемесінде болып жатыр. Ал енді ол кәсіпорындағы жұмыстарға байланысты. Сондықтан кәсіпорындар ол мәселені өздері шешіп жатыр.

– Соңғы Жаңатаста болған наразылық қалай шешілді?

– Алдағы 10 күн ішінде «Қазфосфат» ЖШС басшылары тарапынан бұл мәселеге байланысты шешім айтылады. Қазіргі кезде комиссия құрылып, жұмысшылар тарапынан 10 адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта шешім шығарылатын болады.

ПРЕМЬЕРМЕН БӨЛЕ ЕМЕС...

– Әлеуметтік желіде «Нұржігітов Жуалыдан шыққан өз жерлестерін басшылық қызметке тағайындап жатыр» деген сын жиі айтылады. Жерлестеріңізді басшылыққа тағайындау арқылы жұмыста олқылық кетіп жатқан жоқ па?

– Жуалы ауданынан көп адам тағайындалып жатқан жоқ.

– Мысалы облыс әкімінің аппарат басшысы Мәтен Мәди Жуалы ауданынан екен..

– Сол бір-ақ адам шығар аппарат басшысы болған. Бүгінгі күні бүкіл аудандардың азаматтары мемлекеттік қызметке тағайындалып жатыр.

– Әлеуметтік желіде сіздің күйеу балаңыз делінген Сұлтан Марат Қордай ауданы спорт бөліміне басшы болды деген ақпарат шықты. Күйеу балаңыз екені рас па?

– Иә, күйеу балам. Мен облыс әкімі болғанға дейін-ақ ол менің күйеу балам болып үлгерген. Ол азамат Қордай ауданында маған дейін де жұмыс істеп жүрген болатын.

– Күйеу балаңыздың ауданда бөлім басшысы болуы қайшылық тудырмай ма?

– Мемлекеттік қызмет туралы заңда ешқандай қайшылық жоқ.

– Аудан әкімі бөлім басшысы кемшілік жіберсе сөгіс бере ала ма?

– Мұның бәрі мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген.

– Осыдан кейін күйеу балаңызды қызметтен алып тастайсыз ба? (Сұрақты ести сала әкім сытылып кетуге тырысты) Нұржігітов мырза, неге сұраққа тоқтап жауап бермейсіз?

– Мен айтып отырмын ғой, мемлекеттік қызмет туралы заңда бәрі көрсетілген. Өзінің кәсіби қызметі мен тәжірибесіне байланысты кім қандай қызметке тағайындалатыны жазылған.

– Сізді Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың бөлесі деседі. Бұл ақпарат рас па?

– Біз  бөле емеспіз...

ӘКІМ ЖҰМЫСЫН ҮКІМЕТ БАҒАЛАЙДЫ ДЕЙДІ. ХАЛЫҚ ШЕ?..

– Ал жерлестеріңіз  «Нұржігітов облысты дұрыс басқара алмай жатыр» деп сынайды...

– Оған енді мемлекет басшысы мен үкімет баға береді.

– Өз жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?

– Мемлекет басшысы мен үкімет тарапынан кім қалай жұмыс істеп жатқанына байланысты баға беріледі. Мемлекет басшысы әр азамат өзінің жауапкершілігін сезіну керек деп айтты ғой.

– Президент әкімдердің көшеге шығып, ел ішін жаяу аралау керегін айтты. Сізді көшеден көрмек түгілі кабинетіңізден іздеп таппай кеткен кездер болды...

– Мен былтыр 35 ауылдық округқа бардым. Бүгінгі күні 20-дан астам ауылдық округқа барып, ауыл тұрғындарымен кездестім. Осы жылдың аяғына дейін 60 жуық ауылдық округке барып, тұрғындармен кездесеміз. Бұл туралы мемлекет басшысы тапсырма берген. Міндетті түрде тұрғындармен кездесіп жүрміз. Көптеген мәселе бақылауға алынып, сол жерде шешіліп жатыр.

– Сіздің астанаға сөзіңіз өте ме? -

– Оны жұмыс көрсетеді... (Сұрақты естіген әкім сол жерден тағы да  сытылып шығуға тырысты)

 

Серік Жолдасбай

 "Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер