Шіркеуде қазақша мінәжат оқыған дін қызметкерінің мемлекеттік тілде сөйлеген жаңа видеосы тарады. Дін қызметкері қазақ тілді "Мәміле" дискуссиялық тобының мүшесі. Бұл жайлы тіл жанашыры Владислав Тен жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Шіркеуде мемлекеттік тілде мінәжат оқып, қалың қазақтың назарына түскен азаматтың есім-cойы - Иаков Воронцов.
Елді шулатып жүрген видеодағы қазақша мінәжат оқыған священник Иаков Воронцов, Канат Тасибеков ағамыздың МӘМІЛЕ қазақша дискуссиялық клубының мүшесі. Біз оны Жақып деп айтамыз, - деді В. Тен.
Орайы келгенде айта кетейік, Иеромонах Иаков (Владимир Юрьевич Воронцов) 1986 жылдың 20 ақпанында Алматы қаласында дүниеге келген. Абай атындағы педагогикалық университеттің түлегі.
Дін қызметкері өзінің фейсбук әлеуметтік желісін қазақша, орысша жүргізеді. Өзінің кезекті жазбасында Иеромонах Иаков барша мұсылман қауымын "Қадір түнімен" құттықтады:
- Достарым! Бәріне мұсылмандар қадыр түнімен құттықтаймын! Рақымдық тілемін! - деп жазды автор.
Журналист Ангела Мерген дін қызметкерінің мемлекеттік тілге құлшынысы жайында былай деп жазады:
Қарағым-ай, сыйластық осындай болады екен...Иаков Воронцов әкеймен өткен көктемде танысқан екем. Сол кезде қазақ тілінде бұған дейін бір ауыз сөз білмей келген шіркеу қызметкері "мемлекеттік тілді үйренемін" деп, тіл оқуға кірісіп кетті. Содан бері бір-ақ жыл уақыт өтіпті, әкейдің қазақ тілін меңгергені соншалық, кешегі уағыз кезіндегі дұғаларын қазақ тілінде оқыды!
Тілге, елге деген құрмет осындай болар?! Әсіресе "Мен қазақпын" деген жазуы бар жейделерді киіп, көзге түсуді жақсы көретін кейбір атаққұмалардың - назарына!Айтпақшыдай, Иаков Воронцов бұл күндері Ақтөбе облысының шіркеулерін аралап жүр. Ал оның қазақ тілінде оқыған дұғалары әлеужеліге тарап кетті. Комментарийлерді оқысаңыздар - тіпті қызық! Әсіресе бір ай бұрын мәжілісте ант беру рәсімінде тілі кекештеніп, алдындағы жазуды да дұрыс оқи алмағандарға - нағыз сабақ!
Иеромонах өзінің мінәжатты неліктен қазақ тілінде оқығанын айтып, себебін түсіндірді.
– Шіркеуде бұдан кейін де қазақ тілі естілгенін қалаймын. Себебі, біздің қауым өкілдері арасында да, діни қызметкерлер арасында да қазақтар бар. Және менің ойымша, қазақстандық орыстар да қазақ тілін білуі керек. Біздің христиандардың көпшілігі орыстілді болғанымен, қазақтілді қауым арасында біртіндеп қазақша сөйлесу тәжірибесін енгізу керек, -деді ол.
"Адырна" ұлттық порталы