Қазіргі қоғамда ең ауыр әрі күрделі мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі. Суицид – бір ғана жеке адамның трагедиясы емес, бүкіл қоғамның жан айқайы. Оның артында түсінбеушілік, жалғыздық, эмоциялық күйзеліс және қолдаудың жетіспеушілігі жатады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын шамамен 700 мың адам өз-өзіне қол жұмсайды, соның ішінде 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы өлімнің екінші себебі – суицид болып отыр. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша соңғы жылдары біршама төмендегенімен, мәселе әлі де өзекті. 2024 жылы елімізде 18 жасқа дейінгі 140-тан астам бала мен жасөспірім суицид әрекетіне барғаны тіркелген. Бұл – тек ресми дерек.
Суицидке итермелейтін себептер
Жасөспірімдік кезең – психологиялық тұрғыдан ең тұрақсыз шақ. Бала өзін қоғамда табуға, өзгелердің мойындауын алуға тырысады. Ал егер ол махаббаттан, отбасылық жылы сөзден немесе құрбы-құрдастарының қолдауынан айырылса, эмоциялық күйзеліс басталады.
Сарапшылардың айтуынша, жасөспірімдерді мұндай қадамға итермелейтін негізгі факторлар мыналар:
- Отбасындағы түсініспеушілік, агрессия немесе немқұрайлық;
- Мектептегі буллинг, қатарластарының мазақтауы;
- Әлеуметтік желілердегі қысым мен салыстыру психологиясы;
- Психикалық күйзеліс, жалғыздық сезімі, болашаққа сенімнің жоғалуы.
Бұған қоса, қазіргі ақпараттық кеңістікте «романтизацияланған» суицидтік контенттің көбеюі де балалар психикасына қауіп төндіреді. Кейбір сайттар мен әлеуметтік топтар жасөспірімдердің әлсіз тұсын пайдаланып, психологиялық қысым көрсетеді.
Алдын алу мен психологиялық қолдау
Ең алдымен, балалардың психикалық саулығын сақтау – ата-анадан басталады. Баламен ашық сөйлесу, оны тыңдай білу, оның мәселесін кішкентай деп қарамау – басты қадам. Кейде жай ғана жылы сөз, түсіністік пен құшақтау баланы күрт шешімнен сақтап қалуы мүмкін.
Мектептерде психологиялық қызметтің тиімді жұмыс істеуі де аса маңызды. Әр оқушының эмоционалды күйін бақылап, дер кезінде көмек көрсету қажет. Психологтар мен педагогтар арнайы дайындықтан өтіп, суицидтің алғашқы белгілерін ажырата алуы тиіс. Бұл белгілерге көңіл-күйдің күрт өзгеруі, оқшаулану, қызығушылықтың жоғалуы, өлім туралы жиі айту сияқты жайттар жатады.
Мемлекеттік деңгейде де бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және ІІМ бірлесіп, балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, елімізде «111 – Жедел қызмет телефоны» тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл желі арқылы балалар мен ата-аналар тегін психологиялық көмек ала алады.
Қоғамдық жауапкершілік
Жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқы – тек отбасының емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ортақ мәдениетті қалыптастыру қажет. Әлеуметтік желілерде мейірімділік пен түсіністік атмосферасын орнату, буллинг пен агрессияға жол бермеу маңызды.
Жасөспірім өз құндылығын сезінуі керек. Ол үшін қоғам оның пікірін тыңдауы, шығармашылығын қолдауы, ойын ашық айтуға мүмкіндік беруі тиіс. Әр бала өзін қажет сезінгенде ғана өмірдің мәнін ұғынады.
Суицид – үнсіздіктің салдары. Сондықтан басты міндетіміз – үнсіз қалмау. Әр ата-ана, мұғалім, достар мен көршілер айналасындағы баланың ішкі дүниесіне бей-жай қарамауы тиіс. Балаларға психологиялық қолдау көрсету, ашық әңгіме мен сенім атмосферасын қалыптастыру – қоғамды аман сақтайтын ең тиімді жол.
Жасөспірімдердің өмірге деген сенімін ояту – тек мамандардың емес, әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Өйткені бір баланың амандығы – бір ұлттың болашағы.
Балалар шығармашылығы: алматылық оқушылар шағын сәулет нысандарын жасап, түрлі сортты 2000-нан астам қызғалдақ отырғызды