Әлеуметтік мемлекеттен әділетті қоғамға дейін

2279
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан халқы талай қилы кезеңдерді бастан өткерді. Сонау 1991-жылдан бастап есептесек әлеуметтің басы тасқа соғылған шағы көп. Былайша айтқанда, Қазақстан нақ әлеуметтік мемлекет пе дерсің. Бірақ, солайы солай-ау. Өйткені, Мемлекет басшысы да бір сөзінде осыған тоқталып өткен еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі», – деп тақырыпқа арнайы тоқталып өткені естеріңізде шығар?! Дәл осы ретте патерналистік сананың да ілесе дамып жатқанын естен шығармаған абзал. Қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып бара жатқанын Қасым-Жомарт Кемелұлы да алға тартқан-ды. Жасыратыны жоқ, ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды да әдейі әрі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтардың қатары көбейіп отыр.

«Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Иә, расында да, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғылды адамдар қоғамды алға сүйреудің орнына артқа тартады. Патерналистік көңіл-күй мен масылдық көбейген сайын еңбек адамдарының құлқы да азайып отыратыны хақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда біз бұл тақырыпқа тереңдеуіміз тиіс. Патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету шаралары мемлекеттік деңгейде сөз болып жатқанда әлеуметтік саланы жақсы меңгерген мамандар ұсыныстары мен жобаларын ортаға салып, талқылау керек. Өйткені патерналистік қоғам сала мамандарын да жұтып жіберуі мүмкін. Қазір, жасамысты былай қойғанда жасөспірімдер арасында да құлықсыз пиғыл қалыптасып келеді. Тіпті, әлем жұртшылығы оларға «NEET» деп арнайы атау беріп, зерттеулер жүргізуде. Бұл санаттағы азаматтардың дені ата-анасы мен туыстарын былай қойып, мемлекетке масыл ретінде жүк артып қойған. Жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып, олардың қоғамға сіңісуі үшін жағдай емес, мүмкіндік жарату шарт. Осы іспетті кезек күттірмейтін мәселелер баршылық.

Бірнеше жылдан бері дәл осы біз қаузап отырған тақырып Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қалам термейтін нысанасына айналды. Бірте-бірте түсінік де қалыптасып келеді. Ең, әуелі ғылыми терминдер мен тақырыптарға терең тоқталу керек. Мәселен, әлеуметтік масылдық дегеніміз не? Партерналистік көңіл күйдің сипаты қандай? Осының бәрін толық түсінген қоғамда таңдау болады.

Әлеуметтік масылдық – мүмкіндігі мен жағдайы бола тұра еңбек майданынан іргесін алыс салу. Онымен қоймай тұрақты табыс жүйесі қалыптасқан қоғам есебінен өз-өзін қамтамасыз етуге бейімделу. Мұндай азаматтар біздің қоғамда да бар. Оны билік басындағы саясаткерлер де жиі байқап жүр. Мәселен, экс-мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бір сөзінде «Жуырда бір ауылда болдым. Атаулы әлеуметтік көмек алуға берген өтінішінің мақұлданғанын күтіп жүрген жас жігітті көрдім. Неге жұмыс істемейтінін сұрадым. Жұмыс жоқ дейді. Тура сол жерде жұмыс тауып беруді ұсындым. Сол кезде ол жұмыс істегісі келмейтінін айтты. Бізде көлігі мен үйі бар, бірақ сонда да АӘК алуға өтініш берген адамдар бар, мемлекеттен жәрдемақы алу үшін қағаз жүзінде ажырасатын адамдар да бар. Адамдар мұндай тірлікке баруға ұялуы керек» деген-ді. Бұл сөз бірге жетсе, енді бірге жете қоймаған шығар?!

Осы сынды оқиғалар болып жатса да Қазақстан билігі әлеуметтік халіне бей-жай қарамайды. Ел аумағында республикалық деңгейде 33, ал жергілікті деңгейде 10-нан астам әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Табысы аз азаматтарды әлеуметтік қолдау төлемдері, азық-түлік және тұрмыстық жиынтық, жәрдемақылар, барынша жұмыспен қамту сынды көмек жасалады. 2020 жылдан бастап осы мақсаттарға арналған бюджеттен бөлінген қаршы шамамен 1,8 есеге, 551-ден 964 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмекті қаржыландыру соңғы он жылда – 42 еседен астам өсті. Бұндай жүйелі жұмыстар, патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдықты төмендету шаралары әділетті қоғам орнағанға дейін жалғаса беретіні хақ. Әділетті қоғам дегеніміз тек мемлекеттік саясат ішінде емес, тысында, яғни, қоғам ішінде де орнауы керек.

 

Пікірлер