«Думан Мұхаметкәрімге Мәжіліске кандидат болуға рұқсат берілмеді»: Сайлау комиссиясы түсініктеме берді

3647
Adyrna.kz Telegram

Журналист Думан Мұхаметкәрімге Мәжіліске кандидат болуға рұқсат берілмеді. «Адырна» ұлттық порталы Алматы облысының аумақтық сайлау комиссиясына ақпараттық сауал жолдап, шешім себептерін түсіндіруді сұрады.

Бұған дейін БАҚ-та белсендінің өтініші Конституцияның 51-бабының 4-тармағына сәйкес келмеуіне байланысты қанағаттандырылмағаны жазылған еді. Думан Мұхаметкәрім бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Ел аумағынан кетпегенмін, шетелде тұрмадым»,—деді ол.

Аумақтық сайлау комиссиясы порталымызға берген жауабында журналистің ел ішінде 8 ай еш жерде тіркеуде тұрмағанын мәлімдеді.

«Алматы облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының Д.Мұхаммедкәрімге қатысты жауабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында соңғы он жыл тұруы тұрақты тіркеумен расталмайды. Нақтырақ айтатын болсақ,  2021 жылдың 21 желтоқсаны мен 2022 жылғы 19 тамыз аралығында Д.Мұхаммедкәрім ел аумағында тіркелмеген.
Осыған байланысты округтік сайлау комиссиясы кандидат Д.Мұхаммедкәрім бойынша соңғы он жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру бөлігінде Конституция талаптарына сәйкестігі расталмайтыны туралы жалғыз ықтимал шешім қабылдайды.
Тіркеу жоқ болған кезіңді азаматтың қайда болғанын анықтау да сайлау комиссиясының құзыретіне жатпайды.
Сонымен қатар, сәйкессіздікті анықтау негізінде округтік сайлау комиссиясы тіркеуден бас тарту туралы бірден шешім қабылдаған жоқ. Кандидатқа соңғы он жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрақты тұруын дәлелдеу мүмкіндігі ұсынылды»,—деп түсіндірді № 12 округтік сайлау комиссияның төрайымы Ұлтусын Бархинова.

Сондай-ақ Сайлау комиссиясы белсенді сот арқылы ел аумағында 10 жыл тұрақты тұрғанын дәлелдейтін болса, шешімді қайта қарауға дайын екенін атап өтті.

Пікірлер