Полиция журналист Думан Мұхаметкәрімді қамауға алды

3063
Adyrna.kz Telegram

Журналист Думан Мұхаметкәрім Алматыда кезектен тыс парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтінін мәлімдеген соң 25 күнге қамауға алынды. Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Оның айтуынша, Мұхаметкәрім бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзды деген айыппен ұсталған. Мұхаметкәрімнің қамауға алынғаны туралы ақпаратты оның жақтастары – журналист Динара Егеубаева мен белсенді Әлнұр Ильяшев растады.

Ал полиция Мәжіліс депутаттығына тәуелсіз кандидат Думан Мұхаметкәрімді азаматтарды «заңсыз әрекетке» шақырды деп айыптауда. 

«Д.Мұхамедкәрімге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабының 12-бөлігінде (Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) көзделген құқық бұзушылықты жасау туралы хаттама толтырылды. Өйткені ол бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылықты қайта жасаған. Қонаев қалалық сотының ағымдағы жылдың 21 наурызындағы қаулысымен Д.Мұхамедкәрім ҚР ӘҚБтК-нің жоғарыда көрсетілген бабы бойынша заңсыз әрекетті ұйымдастыруға шақырғаны үшін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», делінген Алматы облысы полициясының хабарламасында.

20 наурызда Думан Мұхаметкәрім Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырды.

Айта кетейік, Қаңтардың 30-ы күні YouTube-тегі «Не дейді» арнасының авторы, қаңтар оқиғасын белсенді жариялаған журналист Думан Мұхаметкәрім Мәжілістегі сайлау додасынан шеттетілді.

Пікірлер