“Зорлайсың, қорлайсың, ұрасың. Анаң бұл жайлы біле ме?” Астанада зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өтті

6342
Adyrna.kz Telegram
Фото: bizmedia.kz
Фото: bizmedia.kz

Астана қаласында қаңтардың 30-шы жұлдызында митинг өтті. Әкімдіктің рұқсатымен өткен қарсылық акциясына жиналған топ әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық тақырыбын көтерді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Митингіге елуден аса адам жиналды. Олардың қойған талаптары - тұрмыстық және жыныстық харрасмент жасағандардың жазасын ауырлатып, заңмен қудалауды енгізу, әйел құқығының қорғалуын күшейту болды. Қолдарына плакат ұстап алаңға жиналған наразылық білдіруші топтың басым көпшілігін әйелдер құрады.

Фото: tengrinews.kz

Астана әкімдігі 17:00-19:00 уақыт аралығында өткізуге рұқсат еткен митингіні Myqty.women бастамасының өкілдері ұйымдастырды. Шара бір сағаттың көлеміндей уақытқа созылды. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жиналған топ “Біз зат емеспіз, тыныш өмір сүруімізге мүмкіндік беріңдер”, - деп ұрандатуда. Олардың айтуынша, елімізде нәзік жандылардың құқығы дұрыс қорғалмайды, өте көп әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны, барлығына кінәлі - заңсыздық.

Фото: tengrinews.kz

Айта кетейік, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық заңы 2009 жылы қабылданған. Ал, 2022 жылы жұмыс тобы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтетін заң жобасын дайындаған болатын. Бірақ, бұл өзгерістер әлі қабылданбады. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер