"Киесі ұрады". Ақтаулықтар қоқысқа тасталған бесік пен қазанды мұра етіп алды

4228
Adyrna.kz Telegram
Қаламгер Маңдайлы Қосымбай қоқысқа тасталған қара қазан мен берекелі бесіктің киесін танып, сүт пісірім уақытта үйіне алып кеткен ақтаулық тұрғындардың ұлттық қасиеті жайлы жазды. Қаламгердің бір жағынан бұл құбылысқа жаны ауырып, қалың қазақтың қазынасын көздің қарашығындай сақтауға шақырды, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 
Ақтау қаласының тұрғыны, қаламгер Маңдайлы Қосымбай көзі көрген оқиға жайлы былай деп жазады:
- Қоқысқа кете жаздаған киелі қара қазан мен ақ бесік...
Сыртқа шықсам үйдің қасындағы қоқыс жәшіктерінің қасына біреу шығарып тастаған мына қазан көзге бірден шалынды. Қақпағының тап-тазалығына қарағанда бұлай тастай қоятындай ескі нәрсе емес. Шамасы иесі уақтылы тазаланбай май сіңіп, от қарып, күйелеш-күйелеш болып қалған қазанды тазалауға қиынсынып шығарып тастағандай. Бәлкім ыдыс-аяғын жаңартқан болар.
Он-он бес минутта дүкен шаруамды бітіріп, қайтып оралсам қазан орнында жоқ, құдай деген бір адам алып кеткен секілді..
Ал көршілердің бірінің балпанақтай үш бөбегіне жылы ұя болып, қанаттандырған мына бесікті біздің Нұрмұхан Жантөрин атындағы театрдың алтын қолды шебер ұсталары әп-әдемі етіп қалпына келтіріп, реквизитке қосты! - деп қуанышты жаңалықпен түйіндеді автор.
Автордың жазбасына ерекше оқиғаны баяндай отырып жауап жазылды. Сәру Ермұханова атты желі қолданушысы ерекше оқиғаны баяндады:
- Мәке, сәлеметсіз бе? Біздің Балалар Үйінің төрінде осындай бесік пен сандық даладан тауып алған тұр. Бір әженің сандығы шығар, көзі кеткесін шығарып тастаған. Қанша ырысы болды екен сол сандықта. Сол сандықпен бірге табалдырықтан Балалар Үйіне де ырыс кірді.
Қара қазан киелі ғой, алған адамның ырысы мол болады екен!
Маңдайлы Қосымбайдың айтуынша, қазақ үшін киелі құндылықтарымызды қабылдайтын орталықтың болғаны маңызды. Сонда атадан балаға мұра есебінде келе жатқан қазан мен бесік далада қалмайды:

- Әр облыс орталығында сондай нәрселерді қабылдайтын бір орын болса ғой.

Біреуге керек емес нәрсе екінші біреуге керек, орнын табар ма еді.Ауылда бесікті сарайға апарып, іліп қояды. Қазанда малдың жемі не басқадай керекті-керек емес заттар тұра береді.Қалада қиын. Қазір киім алатын орындар бар емес пе, оның да қызметін пайдаланып жатыр ... - деді қаламгер.
Оқырмандар автордың жазбасына қатысты пікір білдіруде:
"Ұлт салт-санасынан безіне бастады.
Бұл қауіп. Құдай сақтасын";
"Қара қазан,алтын бесік Қазақ үшін киелі дүниелер. Тастауға болмайды";
"Қазан мен бесікті лақтыруға болмайды. Қазанды біреуге беруге болмайды, үйдің құт-берекесі сол қазанда деп жататын үлкен адамдар. Бесікті де солай қоқысқа тастауға болмайды. Қазақтың ырымдарының бәрі рас";
"Қазандар металл қабылдайтын жерлерде көп. Бірде қазан жоғалып кетіп, сондай металл қабылдайтын жерден тауып алып келдік" деп жазды оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер