Ұлт пен Ұран

8837
Adyrna.kz Telegram

Ұран қазақ халқының көшегендік өмір үлгісіндегі әскери-рухани пәрмен болатын. Алайда, саясаттану жағынан зерделегенде, соңғы етенелену (ұлтқа бірігу) үдерісі кезінде қазақ ұлты жаңаша түрде ұрандық кезеңдерді де сатылап бастан кешкендігін байқауға болады.

Қазақ халқының етендік (этностық) санасын жаңғырту жолында оның тарихына сараптамалық көзқарас қалыптастырудың маңызы бар. Тарихқа бұлайша кірісім бізді кейбір жаңсақтықтан арашалайды, даму бағытымызға бағдар береді.

Қазақтың ебразияның апай төсін жайлаған, «қыпшақ» аталған суперетендік (суперэтнос) көрінісі Алтынорда хандығының ыдырауына сәйкес аяқталғанымен, Керей-Жәнібек хандығының құрылуынан бастап, Абылай хан заманына дейінгі кезең қазақтың ұлттық етенелену дәуірінің әскери-демократиялық сыйпатын бастан кешуіне мұрсат берген тарихи сәт екені белгілі. Бұл кезеңде ескі жол да ұстанды, қасқа жолға да түсіп көрдік, алайда, орнықты да отырық мемлекет құрудың жолы болмағанын да мойындайтын уақыт келді.

Ұран қазақ халқының көшегендік өмір үлгісіндегі әскери-рухани пәрмен (команда) болатын. Алайда, саясаттану жағынан зерделегенде, соңғы етенелену (ұлтқа бірігу) үдерісі кезінде қазақ ұлты жаңаша түрде ұрандық кезеңдерді де сатылап бастан кешкендігін байқауға болады.

Қазақ халқының етендік (этностық) санасын жаңғырту жолында оның тарихына сараптамалық көзқарас қалыптастырудың маңызы бар. Тарихқа бұлайша кірісім бізді кейбір жаңсақтықтан арашалайды, даму бағытымызға бағдар береді.

Қазақтың ебразияның апай төсін жайлаған, «қыпшақ» аталған суперетендік (суперэтнос) көрінісі Алтынорда хандығының ыдырауына сәйкес аяқталғанымен, Керей-Жәнібек хандығының құрылуынан бастап, Абылай хан заманына дейінгі кезең қазақтың ұлттық етенелену дәуірінің әскери-демократиялық сыйпатын бастан кешуіне мұрсат берген тарихи сәт екені белгілі. Бұл кезеңде ескі жол да ұстанды, қасқа жолға да түсіп көрдік, алайда, орнықты да отырық мемлекет құрудың жолы болмағанын да мойындайтын уақыт келді.

Жалпы, көшегендік ортадағы етенелену отырық ортадан гөрі айырықша үдеріс болып табылады. Сол себепті де, аталмыш кезеңді қазақ хандығының (мұны қазақ мемлекеттіг ретінде ұқпаған мақұл) бастапқы тарихи дәуірі ретінде мойындай отырып, қазақ етенінің (этносының) одан кейінгі дәуірлеріне ерекше назар аудару арқылы бірнеше сатылық саяси-рухани кезеңді бастан кешкеніне көз жібергенді мақұл көріп отырмыз. Бұл мақсат бізді Ұлы дала жұртының көшегендіктен отырыққа көшу үдерісін бастан кешу қалай жүргендігіне назар аудартпақ.

Тұтас, қазақ!

Тарихымыздың Абылай заманынан басталатын дәуірлері белгілі бір рухани-ұрандық кезеңдерге сәйкес келетінін аңғаруға болады. Абылай хандығы кезінде қазақ ұлты етендік субъект ретінде қалыптасып болған еді. Алайда, оның бір мемлекетке ұйысуы тиянақталмағаны тағы рас болатын. Сол себепті де, сол кездегі қазақ хандығының жоңғар шапқынына тап болуының өзі тиянақты мемлекеттіліктің осалдығынан еді. Ұланғайыр жазық даланы иеленген саны жағынан жоңғардан артық болмаса кем емес қазаққа, өзіндей көшпелі жоңғар хандығының бас салуы, сол кездегі қазақ хандығының бірыңғай мемлекетке тұтаспау салдары болатын. Сондықтан да, айнала аңдыған отырық империялар айдап салған жоңғар шапқыны қазаққа «Тұтас, қазақ!» ұранын туғызды және соған сәйкес Абылай хандай тұлғаны қалыптастырды. Шын мәнінде, айтулы қазақ-жоңғар тарихи тайталасы қазақ үшін етендік шыңдалу мектебіне айналды. Бірақ саяси кемшілік түзетілген жоқ, ұлғая түсті. «Тұтас, қазақ!» ұраны қазақ үшін етене жұрт ретінде тарихи аман қалуға ғана қызмет етті, мемлекеттігін нығайтуға алғышарт бола қоймады. Демек, халық ретінде аман қалу мен егемен ел болудың арасы жер мен көктей болғаны...

Әрбір руы бір бір «ел» болып есептелген қазақ хандығы үшке бөліне отырып, болашақ Ресей империясына жұтылудың алғышартын жасады. Әр қазақтың ауызындағы «Ел» сөзі мемлекет дегенді емес, әрбір рулық ауқымды ғана қамтыды. Кәзір ресми түрде «ел» сөзі мемлекеттік ұғымды бергенімен, қазақтар әлі күнге туған жерін (рулық кеңістігін) солайша атаудан бас тартпай келеді. Алайда, қазақтардың бұл «жікшілдігін» оның сүйегіне сіңген ұлттық кемшіліктен көру дұрыс болмас еді. Ол - номадология ғылымының зерттеу нысанының болашақтағы бір тақырыбы болуға лайық дүние.

Кейбір тарихшылар қазақ халқының бодан болуын Әбілқайыр ханның Ресейге бірінші ант беруімен байланыстырғанымен, басты себеп одан бірнеше уақыт бұрын басталған еді - қазақ хандығы бір ордаға бағыну кезеңін артқа тастағаннан басталған болатын. Ал, кіші ханның солтұстағы патшалық Ресейге берілуі - бар болғаны тұтастықтан айырылған қазақ хандығының тәркі болуының тарихи рәсімделуінің басы болатын. Ерте ме, кеш пе, қалған жүздердің де сол «рәсімнен» өтуі уақыттың ғана еншісі еді. Ақыры солай болды да.

Қамдан, қазақ!

Берекеті кетіп, пышыраған елді Ресей патшалығы қыйтұрқы саясаттың құшағына ала бастады. Алайда, оны ұққан далалықтар болмады дей алмаймыз. Ұққаны өз алдына, тіпті, сол уақытқа сәйкес мемлекеттік құрылымды өзгертуді ойлап, талпынғандар да болған еді. Талпыныс бей-берекет жүрді. Сөйтіп, мемлекеттіктің сыйпаты болған хандық Ресейдің ермегіне айналып, қазақ даласы қуыршақ хандықтарға бөлініп, оның басшылары патшаның бағынышты әкімдері бола бастағанда, Сырым батыр даланың дәстүрлі дұшпандарының бірі Қиуамен соғыса жүріп, қазақ ортасына «Халық кеңесі» құрылымын ұсынғаны бар. Бұл - бодан болмауға тырысудан туылған «Қамдан, қазақ!» ұранының бір көрінісі еді.

Алайда,  күні өтіп бара жатқан көшпелі тірлік үшін бірегей ел болудың ауылы алыстай түскен-ді. Саяси-мемлекеттік құрылымнан бір ажыраған халықтың оған ие болуы одан да күрделі болатыны рас. Оның үстіне Уақыт шіркін көшегендер пайдасынан бас тартып, отырық өркениеттің доңғалағын дөңгелете бастаған-ды.Сөйтіп, қазақ өмірі көшегендік саяси құрылымнан ада болып, қауқары арта түскен солтұстағы отырық мемлекеттің шеткейі (провинциясы) болуға барған сайын лайықтала түсті.

Рухтан, қазақ!

Бодандықтың бұғалығы бұлқынтпай қоймады. Он тоғызыншы ғасырдың басы қазақтың көшегендік өркениетінің тыпырлау көрінісімен басталды. Исатай-Махамбет көтерілісінің тарихта ұлтазаттық мазмұны болғанымен, мәдениеттану саласында көшпелі өмірдің ентігуі, оның отырық мәдениеттің алдындағы амалсыз бас ұруы болып табылды. Бұл көтерілістің қалай болғанда да жеңіліспен аяқталуы жазмыш екені рас еді. Алайда, Махамбеттің соңғы көшегендік рухани көсем екенін ескерсек, сол кезде «Рухтан, қазақ!» деген ұранның өмірге келіп кеткенін амалсыз мойындайсыз. Бәлкім, осы үдеріс пе екен, қазақтың соңғы ханының бойына қан жүгіртіп, қол бастатқан... Дегенмен, Махамбет қазақ үшін соңғы жырау, көшегендік соңғы рухани адуын болып өмірден өтті.

Елден, қазақ!

Кенесары мен Исатайлардың сол кездегі жұмыла көтерілмеуінің өзі қазақ даласының саяси жіктеліске әбден ұрынғандығының айғағы еді. Исатай-Махамбетпен саяси одақ құрмаса да, тізе қоспаса да, сол кезеңде Кенесары хан ақ киізге түсіп, қазақ даласын бір хандыққа жұмылдыру бастамасын көтерді. Алайда, бұл - кешіккен бастама болатын! Бодандықтың уыты сіңген Дала селт етпеді. Тіпті, «Елден, қазақ!» деген ұран жолында үш жүзді аралап, ішінара қолдау тапса да, Кенесары мақсатына жете алмады. Ақыры, басы алынған оның тағдыры арқылы қазақ тарихындағы көшпелі биліктің ғұмырына нүкте қойылды. Осылайша, Ұлы дала Махамбеттің басы шабылуы арқылы рухынан айырылса, Кене ханның басымен тағы да қазақ халқының бас амандығы үшін ақы төлеп, бостандықтың өтеуін болашақтан күтуге мәжбүр болды. Даланы Рух пен Биліктен айырған бұл үдеріс - қазақ үшін көшегендіктен отырық өмірге көшу дәуірінің келгендігін әйгіледі.

Орнық, қазақ!

Дала үшін әрі-сәрі кезең басталды. Бір бұты көшпелі ғұмырда, бір бұты отырық тірлікке көше бастаған қазақ үшін есі кетіп есеңгіреген сәт еді. Ұлы дала Абайды туып, оған «Орнық, қазақ!» дегізді, заманның түлкі болғандығынан хабар бергізді. Бірақ бұл ұранды көшпелі сана қабылдамады. Абайдың орыс мәдениетін сіңіруді насихаттауы орысшылдық болып қабылданды. Оның орысты отырық тірліктің үлгісі екенін үгіттегені ескерілмеді, ұғылмады.

Абай - Даланың көшпелі ғұмыры мен енді ғана иек артқан отырық өмірінің шебі болатын. Сондықтан да ол соңғы көшпелі империяның ыдырағанын жоқтаған Асан қайғы бабасы секілденуден бас тартқанымен, Заман оны қазақ үшін көшпелі мәдениет пен отырық өркениеттің ортасындағы көпір етіп, тағдырын тәлкек етті. Ол отырық өмірді қаншама насихаттаса да, үлгісін қанша үгіттесе де, қазекең міз бақпады, сөйтіп, ойшыл қазақ бәрібір Абай қайғы болумен өтті...  Оның қасреті көшегендік өмір салты мен отырық тірлік үлгісінің арбасу кезеңінен туындап еді.

Оян, қазақ!

Жаңа ғасырға талып жеткен аш адамдай көшпелі қазақты ұйқышылдық қысты. Ұйқыны қашырған жаңа өмір үлгісін меңгеру міндеті тұрды. Сол кезде патшалы Ресейдің отырық жүйесін сауып ержеткен бір топ алаш азаматы ұлт алдына жаңа батыл міндет жүктеді. Ол Міржақыптың ауызымен «Оян, қазақ!» болып ұрандалды. Бұл - көшпелі қазақтың орнығуы үшін санасын ояту қажеттілігінен туылған ғасыр ұраны еді. Отырық өмірдің қадыры мен қасиетін таныған ат төбеліндей зиялы топ «Алаш» партиясын құрды, Алашорда өкіметін жасақтады, бірқатары Қоқан дәулетін құрды. Бірақ бұл әрекеттің бәрі де ұлтты оятудан әріге бармады, нәтижелі болмады. Қазақ оянды. Бірақ біртұтас өз мемлекеті құрылмаған қазақты көшпелі өмірден отырық тірлікке өз билігі емес, тағы да өгей билік тартты... «Оян, қазақ!» ұранының жүзеге асу нәтижесі де сол себепті бола қоймады. Бодан билікке бағынған халық жетектегі ботаның халын кешті.

Бірнеше қоғамдық формация алмасты, бірнеше саяси жүйе бірін бірі тарих сахнасынан қудалады. Бұған дейін Уақытпен санаспай, Кеңістікті апшыдай қуырған көшпелі өмір салты екінші мыңжылдықтың соңғы ғасырында талай құқайды бастан кешіп, әңкі-тәңкісі шықты. Отырық тірлікке амалсыз қол артты. Сөйтіп, қазақтың орнығу дәуірі 20-ғасырды түгелге жуық қамтыды. Бірақ өз ырқымен, өз жолымен ұйымдаспаған бұл үдеріс қазаққа пайдадан гөрі зиян сыйлады.

Көшеген қазақтың қоныстануы ұлттық идея ретінде емес, коммунистердің ұжымдастыру науқаны есебінде жүзеге асты. Ол жолда миллиондаған көшеген ұрпақ құрбан болды. Тап тартысының сылтауымен қазақы қоғамның қаймағы сылынды, рухы бұзылды. Бір ғасырда үш формация мен үш өкімет алмастырған және екі супермәдениеттен аттаған қазақ ұлты мәңгіріп қалды, кембағалдық қанға сіңді. Қазақтың жан дүниесіне орныққан кембағалдық (комплекс неполноценности) мінез ұлттың басты дертіне айналды. Бұл - ХХ ғасырдағы қызыл империя сіңірген қазақтың бойындағы құрт кеулеген «құндылық» еді.

Дегенмен, қазақ халқы талай үдерісті бастан кеше жүріп, бойға сіңген көшпелі адуын мінезден арыла қоймады. Алайда, ол мінез енді ұлттық жаппай сыйпаттан гөрі оның жекелеген өкілдеріне ғана тән болуымен ерекшеленді. Екінші дүниежүзілік соғыс қас батыр әрі жыраулық рухы жалаулаған Бауыржанды туғызды. Тіпті, Оспан батыр бастаған ұлтазаттық соғыспен Қытайдағы шығыс Түркістанның азат етілген кезі де жарқ етті. Бірақ мұның бәрі де көшпелі өмір үшін «бәлду-бәлду бәрі өтіріктің» кебі еді. Отырық өмірді «ой» деп, көшегендікті «қыр» атаған қазақ үшін ойға түсіп, ойланатын кез келген-ді.

Ойлан, қазақ!

Сол кездері сырт көзге білінбей туындаған ұлттық ұран болды, ол: «Ойлан, қазақ!» еді. Сарсаңға түскен қазақ үшін бұл кезеңді 20-ғасырдың екінші жартысынан басталған дәуір қамтыды. Дәлірек айтсақ, Мұхтардан бастап, Әбішке дейінгі ұрпақтар толқыны осы ұранды жүзеге асырумен, алуан саланы ойымен аралады. Қазақтың өзін де, өзгені де селт еткізген Олжастың «Аз и я» еңбегінен көрініс тапты. Осындай туындылар арқылы кешегі көшпелі қазақтың бүгінгі ұрпағы үшін ойлану үдерісі алынбас асу еместігі әлемге әйгіленді. Саяси шалажансар күйдегі Қазақ барлық сала бойынша ойлана бастады. Сол ойдан дүниеге бейкүнә «Жас тұлпар» ұйымы мен «Досмұқасан» әнтобы келді. Осы кезеңде қазаққа ойды кәсіп еткен Димаштың басшы болуы да бекер емес еді. Мұның бәрі Махамбеттің басымен бірге кесілген Рухтың бас көтеруіне мүмкін етерлік түзілген алғышарт еді. Енді Кенесарының басымен бірге кеткен биліктің көрініс беруі де ғажап емес еді. Бірақ оны армандау жеткіліксіз, оған кірісу керек болатын.

Кіріс, Қазақ!

Ақыры, «Кіріс, Қазақ!» ұраны ашық күнгі найзағайдай ойнады. 1986 жылы желтоқсан айында қазақ астанасында саяси жасын жарқ етті. Елді шарпыған бұл ереуілде ұлт намысын ұрандатқан жастармен бірге, қазақ билігі де өз амбициясын қанағаттандыруға астыртын болса да кіріскені рас еді. Осылайша желтоқсанның желімен бірге ішті буған қызыл империялық бодандық запыраны сыртқа лықсыды. Оның арты «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының легіне айналды. Саяси алаңға жас та, кәрі де, қара да, ақ сүйек те шықты. Бәрі де әлдебір кірісуді бастан өткізді. Бұл жолғы кірісімнің нәтижесі болды: дүниеге ҚАЗАҚСТАН деген егемен ел келді! Кесілген Кене ханның басы Нұрсұлтан болып таққа отырды.

Дегенмен, егемен болу айтуға ғана оңай екендігі белгілі еді. «Алмақтың да салмағы» бар болатын. Қазақтың құйқалы даласы талайдың ішін алай-дүлей етті. Ар мен бардың тайталасы басталды. Кеңес өкіметінен қалған-құтқан дүние мен қазақ жерінің асты-үсті талапайға түсті. Біреу еңбегімен, біреу ұрлығымен байлық пен билікке ұмтылды. Өз алдына ел билеп көрмегендер, қызыл империя сіңірген кембағалдық мінезден арылмағандар ел байлығын талан-таражға түсірумен жүріп, ұлт мүддесін де, оның тарихи тағдырын да, миссиясын да ұмытты, ұмыттырды. Мыңдаған жылдар бойғы көшеген қазақтың ата құндылығы болып келген Ұлы дала тілімделіп, саудаға түсті. Арын аяққа басқандар бас көтерді. Қазақ рухын ту еткен қос Мұхтардың бірі шетелге кетіп, бірі бармағын шайнады. Қазақ үшін сын сағаты егемен ел болғанда тағы да соқты.

Тырыс, қазақ!

Ұлы дала ұлағатты ұрпақсыз болған да, болмақ та емес. Осы сәтте тексіздік пен көргенсіздікке, көрсеқызарлыққа қарсы лек-легімен биліктегі бас көтерер ұландар шыға бастады. Бұл құл болмауға тырысудан туылған пиғыл еді. Сөйтіп, әуелі премьер Әкежан бастап, соңынан жас қазақ шенгер топ болып, екі ғасырдың шебінде «Тырыс, қазақ!» ұранын дүниеге әкелді. Бұның құл болмау жолындағы қиян-кескі шайқас екенін аңғал қазақ аңғармады. Аңғаруға да шамасы жоқ болатын, санасын жалған насихат пен үкісіз үміт буып, қол-аяғын құлдық кісен тұсаған, бойын кембағалдық құлық қысқан төзімді қазақ өзінің  егемен елдің мәйегі екенін сезінуге мұршасы болмады. Партия құрып бой көрсетті, мүддесін мықтап қолға алуға тырысты, бірақ туұстарлары тұл болды, тұйыққа тірелді. Бірі қуылды, бірі сотталды. Қазақ үріккен қойдай үрпиді. Барымташы батыр болды. Батырдың басы үйтілді болмаса абақтыға қамалды. Баспанасы басты арманға айналды. Ұры-қары ұлының орнын басты. Ауылдан алаш үдере көшіп, қалаға келіп құл болды.

Отарлық санадан құтылмай, отырық өмірге бейімсіздеу қазақтың әлі де өтер сынағы жеткілікті еді. Алаш санасын жалаулатып өткен Нұри, Асхат, Батырхандар еңбегі еш пе, сес пе - белгісіз. Көшпелі санадан отырық ойға толық көшпеген, сауданы меңгерсе де сарттықты игермеген қазақ, Заманының  меңзеуін меңгермеді - Заманбектен айырылды, сара ойға ерік бермеді - Алтынбексіз қалды.

Қазақ үшін өз егемендігі өзіне үйретілмеген асау аттай тулауда. Өз жеріндегі өгейдің халын кешкен қазақ, әлдекімде есесі кетердей алас ұрар түрі бар.

Тәуелсіздік жылдары ақталмаған үміт пен әділетсіз үлестен тыйтықтаған қазақ,  шілдің саңғырығындай ыдырап, әбден жіктеліп бітті: бай мен кедей, бар мен жоқ, билік пен бейпозиция, әкім мен қызметші, орыстілді мен қазақтілді, оңтұстық пен солтұстық, ұры мен ұлы, жергілікті мен шеткері, оралман мен байырғы, қалалық пен далалық... Ұлтсана сарсаңға түсіп, мойынға құлқамыт қайта киілердей қатер төнді.

Жұғыс, қазақ!

ХХІ ғасырды Қазақ жойқын материалдық және рухани тоналумен қарсы алып отыр. Жаны алай-дүлей күй кешуде. Бұл күй қарапайым қазақтың ғана емес, кедейдің де, байдың да; билеушінің де,  биленушінің де; аңқаудың да, қудың да; зордың да, сұмның да бойын билеуде. Өйткені, қазақ өзінің қымбатының түкке тұрғысыз арзан алдамшы екеніне көз жеткізді; егеменнің елеулі қауқары барына күдік туды; одан әрі нені қалай істеуді білмей, қай асуды қалай аларын білмей, сана сарсаңға түсе бастауда. Далаға қаңғып келген азын-аулақ жұрттар өзінен оза бастағанын сезген қазақ олардың кейбіріне тарпа бас салу көрінісі де шаң бере бастады. Алайда, ол - мәселе шешудің жолы емес еді. Бұл - қазақтың өз пайдасына жаратылмай келген әлеуетін шашау ету ғана.

Қазақтың бойында бүгінде нендей әлеует бар, соны түгендеп іске жарата білу күн тәртібіне қойылғаны жөн. Қазақ бүгінде сарттың кәсібі саналған сауданы меңгерді, пайда табудың жолына түсті; өзін жарнамалауды үйренді, өзгеге өзін азды-көпті таныта білді, мойындатты; аршындап дамыған елдердің соңынан ілесті; Көктен тілегіш ата-бабасының орнына, көкті тілгілеп ғарышты меңгеруді ойлай бастады; төбешіктегі емес, шың басындағы арманға қол соза бастады, бұлар - оның қазырғы жағымды қасиеті. Жағымсызы - қазақтың әлі де отырық өркениетке өз қасиетін жұрдай етпей жұғыса алмауы; ұлы даланың ұлы мұрагері ғана емес, өзінің көшегендік мәдениеттің көзі екендігін сезінбеуі; жердің үсті мен астындағы атамұраны талан-тараж етуі; қаланың қожайыны болудың орнына оған жұтыла бастауы; өз тілін өзі тәрк етіп, өзін өзі менсінбеуі, бойдағы кембағалдыққа ырық беруі; өз еліндегі өз миссиясын аңғармауы; өзіне өзінен басқа жуық достың жоқтығын теріске шығаруы; өзара дауды өзгенің билігімен шешуі; өз ырзығын өгейдің қолымен бөлісуі, өз тағдырын шешу үшін өгейге сөз беруі.

Дегенмен де, бұған дейін өзгеге алаңдаумен күй кешкен қазақ, енді өзіне алаңдауды шығарды, өйткені, бұған дейінгі алынған биіктің бар болғаны төбешік екені біліне бастады. Сасқан жанның әлемтапырық (хаос) қарману әрекеті қазаққа тән болуда. Тырысудан айтарлықтай нәтиже болмағанына көз жетті. Осындайда ой мен қайғыға ерік берудің өзінен өзі жүретіні бар. Оның пайдасы болса, сол - тұйықтан шығар жолды іздестіруге итермелеуінде. Міне, осы жолда жарық көрген Нұрболаттың (Масанов) «Біз - дүбарамыз!» («Мы - маргиналы»), Нұрланның (Әміреқұлов) «Көк ұлысы» («Держава неба, или будем счастливы вместе») және Беріктің (Әбдіғалиев) «Қазақ миссиясы» (Казахская миссия) секілді дүниелері Уақыттың жүктілігінен туылған болар. Бұл үшеуінің пыйғылы біріге келіп, қазырғы қазаққа «Жұғыс, қазақ!» ұранын ұсынып отыр. Бұл ұранды ішінара билік те ұсынуда, алайда, ол ұсыныс кембағалдықтан арылған күйде емес, қазақты жұғысу үдерісінің жұтылу шикізаты етуге бағытталмаса не қылсын. Бізге қазақты бұл үдерістің катализаторы ету - басты да маңызды аңсар! Бізге көшегендіктің қазақ үшін кембағалдық емес, маңызды да мәйекті мақтан екендігін сезіну өзекті! Қазақтың ебропалық та, азиялық та емес, оның ешбір діннің де, өркениеттің де туұстары емес, оның бәрінен де жоғары, солардың бастауында тұрған, соларға ұйытқы болған көшегендік өркениеттің құзырлы өкілі екенін мойындау мен мойындату - бүгінгі күннің басты парызы!

Қазақ үшін бүгінгі ұран: өзімен өзінің жұғысуы; ғасыр талабына жұғысу; оның өзгеге жұтылмай, өзін сақтай отырып жұғыса білуі; өзге дүниемен, өгей өркениетпен тең дәрежеде, кембағал құлықсыз қатынасуы; бірегей ұлтқа жымдасуы - бүгінгі ұлттық аңсар!

ЖҰҒЫС,  ҚАЗАҚ!

Серік Ерғали

Пікірлер