"Көпбалалы ата-ананың көбінде масылдық сана қалыптасқан". Бірқатар әлеуметтік телебағдарламалардың авторы, халық ортасында жүрген журналист Жазира Бегалы басынан өткен оқиғасын сөз етіп, ой саларлық жазба жариялады. Автор көп балаға өмір беріп, мемлекетке міндет артқан ата-ананың әрекетін қоғам талқысына тастады. Отбасы жағдайын оңалту мақсатында жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағдарламалардан көбінің бейхабар екендігін айтты. Бұған қатысты оқырмандар пікір білдірді, деп хабарлады "Адырна" ұлттық порталы.
Журналист Жазира Бегалы басынан өткен оқиғасы сөз етіп, жазба жариялады:
"7 балам бар. 8—ші сәбиге жүктімін. 18 шаршы метрде тұрамын. Үлкен үйде өмір сүру арманым. Пәтер жалдап шаршап кеттік" деп жазыпты Боралдайдың тұрғыны. Енді ұлтарақтай жерді паналап жүр екен. Баспанасы жоқ. Еріңіз екеуіңіз тұрмыстық жағдайымызды түзейік , тиын— тебен жинап, баспана алуды жоспарламадыңыздар ма деп сұрап едім. Тіпті құжат жинап, үй кезегіне тұруға болатынын айттым. Келіншек аттай тулап, неге сондай сұрақ қоясыз, сіздердікі өтірік бағдарлама да деп жағадан алды.
Жалпы өмірге қанша құрсақ әкелсе, ол әр отбасының еркі. Бірақ ішер асқа, киімге ақшамыз жоқ, баспанасыз қаңғып жүрміз деп қайыр тілеп, балалардың көптігін сылтау қылып үй алып бер деп сұрау қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?Әрине, ауруға шалдыққан, түрлі оқиға салдарынан мүгедек болып қалған, жетім өскен , науқас бала бағып, үйде амалсыз байланып, өмірін науқас адамды бағуға арнаған адамдарға көмектесу парызымыз. Балалы үй - базар. Сол балапандардың қарны тоқ, ұйқысы тыныш болуын қамтамасыз ету ата-ананың парызы. Қазір көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да қомақты, жеңілдетілген несиемен үймен қамтамасыз ететін бағдарламалар бар. Бірақ бұл бағдарламаларды кейбір ата-аналар білмейді. Ақпараттандыру жұмыстары жетіспей ме? Әкімдер тікелей халықпен жұмыс істеу керек деп ойлаймын, - деп жазды журналист.
Жазира Бегалының жазбасына қатысты ой қосып, пікір білдіргендер көп. Оқырмандар бұған қатысты түрлі ой-пікір айтып жатыр. Мәселен:
"Біреуді сөге алмаймын, бірақ көп балалымыз деп тоғышарлық танытатындар көп. Жұмыс ұсынсаң немесе қосымша табыс көзін көрсетсең аттай тулап қашады. Неге?!""Өз жақындарымда да бар. Мемлекеттің жәрдемақысы мен туыстары көмектеседі деген оймен өмір сүруде. Басқалардың тынбай еңбек етіп жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ";
"Негізі, жетіспеушілікпен өмір сүріп жатқан ананың санасы сан сақта сансырап жүреді. Сол себепті, өзіне керек нәрсені ойын жинап әрекет етеуге психологиялык мұршасы бой бермейді. Сосын, жасыратыны жоқ, бізде күнделікті, не тұрақты түрде мұндай жағдайдагы отбасыға үкімет тарапынан, не "Отбасы " банктен берілетін баспана жайлы ақпарат өте аз таратылады. Тек, керек адам, оның өзінде қадалып жүріп иуi мен қиуIн тәптіштеп Iздеп тауып алып, арыз жазып үй кезегіне тұруға қол жеткізеді. Бұл отбасының әкесінде дұрыс тұрақты жұмыс жоқ болар";
"Біреудің бір бөлмесін паналағанша, патшадай болып солтүстікке көшпей ме? Бәрі қазақтың жері ғой";
"Масылдық сана қалыптасқан көпбалалы ата-ананың көбінде. Бәлен бала таптым деп міндетсініп, олардың болашағын бұлыңғыр етіп, қалай болса солай өсірген дұрыс па, бір балаң болса да оған сапалы өмір, бақытты бала шақ, жарқын болашақ сыйлаған тиімдірек пе деген ой келеді. Бала жасарда мемлекет үшін демейді де, асырарда «қазақтың санын көбейтіп отырмын» дейді…" деп жазды оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы