2022 жылы ҚР Қорғаныс Министрлігі Қарулы Күштер қатарында әскери қызметте белгіленген мерзімде қызмет еткен азаматтарға білім беру жеңілдіктерін жасау туралы бастама көтерді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева әскери қызметшілерге қандай жеңілдіктер жасалатыны туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Әскерде қызмет еткеннен кейін олар запастағы қатардағы жауынгер болады, ал егер олар офицерлік шен алмақ болса, онда әскери кафедраға түсіп, запастағы лейтенант бола алады», – деді спикер.
Бұдан басқа, мерзімді әскери қызмет өткерген және жоғары нәтиже көрсеткен адамдар емтихансыз ҚР ҚМ әскери оқу орындарына түсе алады.
Жастарға жеңілдіктер алу үшін ХҚКО-ларда берілетін мерзімді әскери қызметті өткеру туралы анықтаманы және әскери билеттің көшірмесін, сондай-ақ ЖОО-ға қажет құжаттарды ұсынады.
«Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің бастамасын ел бойынша 40-қа жуық ЖОО қолдады, олармен 100% жеңілдік беру туралы келісімдерге қол қойылды. Жалпы орындар саны 3 мыңға жуық», - деді Айгүл Төлембаева.