Арқалықта бесінші қабаттан құлаған қыз қатты екпінмен полицейдің үстіне түсті

4634
Adyrna.kz Telegram
Арқалықта бесінші қабаттан құлаған қызды құтқарып қалу үшін полиция қызметкері өз кеудесін тосты. Жоғары биіктіктен құлаған қызды осылайша құтқарып қалған. Басында оқиға кейіпкері бесінші қабаттың балконынан тайып құлап, лезде темірден ұстап үлгереді. Полицейлер келгенде оның күші сарқылып, төменге құлдилай жөнелген. Оның жерге ауыр қарқынмен түсіп, соққы алмауы үшін жердегі полицей өз кеудесін тосқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме көрсетіп. 

Видеодан оқиға кейіпкерінің қандай қарқынмен полицей қызметкерінің үстіне түскенін аңғаруға болады. Polisia.kz-ның Telegram арнасы атап өткендей, 7 қаңтарда таңғы сағат 05:30-да бойжеткен ғимарат балконынан тайып құлап, темір жақтаудан мықтап ұстаған күйі салбырап тұрған. Бұл туралы полицияға хабар келіп түседі.

Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Капсаматов аттанады.

"Жағдайды бағамдап, Алмат Әмірхан далада қалып, ал серіктесі бесінші қабатқа көтерілді. Осы кезде темірге ілініп, салбырап тұрған қыз бесінші қабаттан құлап кетті. Төменде қалған полиция қызметкері оның қатты екпінмен соққы алмауы үшін өз денесін тосты. Соның арқасында 29 жастағы қала тұрғыны зардап шеккен жоқ", делінген хабарламада.

Патрульдік полиция қызметкері Алмат Әмірхан бірнеше жарақат алып, аяғын ауыртып алды. Оған медициналық көмек көрсетілді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер