Магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізілетін болды

3351
Adyrna.kz Telegram
Елімізде енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Министрдің айтуынша, магистратура мен докторантураға қабылдауға қатысты бірқатар ұсыныстарды Жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Ректорлар кеңесі Тамыз кеңесінің отырысында енгізген.
- Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық. Енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Яғни, магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында ұйымдастырылады. Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Сөз соңында министр жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарының артық қалуына байланысты азаматтар осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік гранттарды иелене алатынынын, дайындық бағыттары бөлінісінде гранттардың саны мен құжаттарды қабылдаудың нақты мерзімдері туралы ақпарат қосымша жарияланатынын мәлімдеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер