Аналар туралы аңызға бергісіз әңгіме

3977
Adyrna.kz Telegram
Jpeg
Jpeg

 

Әкемнің маған деген мейір-шапағаты бізді қысталаң уақыттан алып шыққан сенім нұры болды.

Мұғамила Мұхтарқызы.

[caption id="attachment_14240" align="aligncenter" width="500"] Мұғамила Мұхтарқызы[/caption]

Көпшілік Мұхтар Әуезұлыны  «Абай жолы» атты үлкен шығарма жазған ұлы жазушы деп біледі. Бірақ жазушының өз өмір жолы да сондай бір үлкен романның жүгі боларлықтай күрделі болғанын біле бермейді.

«...1932 жыл болатын. Мен абақтыда жатқан әкем Мұхтарға әдеттегідей ас-суын апарып беруге жинақталдым. Ыдыс-аяқ жуып жатқанымда аулаға жүрісі бөлек бір ат-арба келіп кірді. Түскен адамды анадайдан таныдым. Әкем! Тұра жүгірдім. Ол да құшағын жайып мені бауырына қысты. Жүрегіміз егіліп, өзіміз жылап тұрып қалдық... »

Кішкентай қызды құшақтап көз жасына ерік берген ер адам бүгінде ұлы қаламгер ретінде аты белгілі. Ол кезде қуаныш сезімі көз жасы арқылы көрінген қыздың басынан әлі талай-талай қиыншылықтар өтетінін өзі де, басқа ешкім де білмейтін. Ол қыз есейіп, уақыт өте өз әкесі,  ұлы жазушы әрі ғалым Мұхтар Әуезұлы туралы ең қызғылықты – «Мен әкемнің тұңғышымын» атты естелік кітабын жазатыны туралы да ешкім білмеді. Және өз өмір жолында бес әйелді өзінің анасы деп қабылдайтынын... Иә, ол тура солай «Анам» деп жазады... Анам Райхан, Анам Камила, Анам Капажан, Анам Валентина, Анам Фатима.

Әңгімемді басынан бастайын. Тағдырдың сыйы шығар, менің әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлына ұлы жазушы әрі көрнекті ғалым Мұхтар Әуезұлының (өткен ғасырдың басында жазушы өз тегін қазақ салты бойынша осылай жазған, сондықтан мен солай жаздым) соңғы аспиранты болу бақыты бұйырыпты. Әкемнің күнделігінде тура солай деп жазылған: «1959 ж., 14 қазан. Сейсенбі. Сағат 4-те институттың ғылыми кеңесінің мәжілісі болып, біздерді, биыл түскен аспиранттарды жетекшілерге теліді. Маған Мұхаңның өзі жетекшілік ететін болды – Қандай бақыт десеңізші осының өзі!»

Өзінің ғылыми жетекшісі туралы әкемнің айтқандары менің есімде өшпестей жатталып қалды. Кейбірде өзімді ұлы жазушының өзімен кездесуге дайындалып жүргендей сезінетінмін. Сондықтан ол туралы қолыма түскенді – кітаптарды, мақалалар мен фотосуреттерді, бәрін жинай бердім. Неғұрлым көп білген сайын, ұлы тұлғамен кездесуіміздің жақындай бергенін сезінгендеймін.

Жақында менің қолыма жазушы туралы көлемі кішкентай ғана кітапша түсті. Оқып қарасам мазмұны өте көлемді. Кітаптың аты «Тұңғышы едім әкемнің» екен. Мұқаба сыртынан маған ойлы көзбен қарап тұрған кітап иесі Мұғамила Мұхтарқызының суретін көрдім. Кітапты оқып болған соң осыншама қиыншылық пен ауыртпалықты басынан өткерген адам қалайша осынша жыл өмір сүрді екен деп ойладым?!

Ұзақ өмір жасау деген түсінік бар. Бірақ кей ұзақ өмір туралы айту үшін сол ғұмырдан да ұзақ уақытты талап ететін жағдайлар да болады.  Иә... бұл кісінің өмір жолы туралы айту үшін өте ұзақ жылдар керек. Дегенмен ұлы Мұхтар Әуезұлының ұлы қызы жазушының  тұңғышы болып туғаны бекер емес деген ой келді. Ол өз бойындағы бүкіл баяндаушылық өнерін барынша көрсете біліп 132 беттік кітабына Қазақ елінің бүтін бір дәуірін сыйдыра біліпті.

 

РАЙХАН

«Райхан анам Тобықты ішіндегі Торғай руындағы Кәкен деген адамның қызы. Алты ұлдан кейінгі жалғызы. Кәкен ауылы - бай ауыл. Жалғыз қызын көрші отырған бір болыстың еркесіне ертеректен айттырып қойыпты. Болыс ауылымен құдалық сөйлесіліп, орындалмай жүргенде Абай атамыз бен Әйгерімнің тұңғышы Тұрағұлдың ықпалымен Мұхтар Райханға үйленген. Жақсы аралас-құралас болып жүрген  Тұрағұл досының қолқасын Кәкен атам жерге тастай алмай болыспен құдалық шартын бұзуға мәжбүр болады. ...Қысқасы, қазақ театрының сахнасын ашқан алғаш сол 1917 жылы Ойқұдықта қойылған «Еңлік-Кебектің» шабытымен жүргенде әкем жиырма жасында Райхан апама үйленген.

[caption id="attachment_14241" align="aligncenter" width="500"] Райхан Кәкенқызы[/caption]

Әкем Райхан апаммен ұзақ тұрмады. Екеуі айырылсқанда Шоқан бауырым әлі емшектен шықпапты. Үш-төрт жыл бірге тұрған екеуінің мәселесін халық соты қарапты. Сол кездегі ұйғарым бойынша ұл әкеге, қыз шешеге бұйырады екен».

Халықтық сот Шоқан есімді ұлды әкесіне, қызды шешесіне қалдыруға шешім қабылдайды.

«...Алайда сот үкімі шыққанша әкем екі-үш жасар мені ерінің алдына отырғызып, атқа мініп ауылдан шығып кетіп қалыпты. Іздегенде таппайды. Сөйтіп Шоқан да, мен де әкем жағында қалып қойдық» деп жазады Мұғамила Мұхтарқызы. Бірақ, иә, бірақ... біраз уақыт өткен соң Шоқан қайтыс болады.

 

КӘМИЛА

Мұхтар Әуезұлының екінші жұбайы Кәмила екі қызды дүниеге әкеледі. Бірақ олар жастай шетінеп кетеді.

«Кәмеш шешем Мұхтарға деген көңілінен болар, маған аналық жүрегін ақтарыла ұсынушы еді. Обалы не керек, шеше орнына шеше болды. Өзім кейінге дейін Кәмиланы туған шешем деп жүріппін.

Кішкентай Мұғамила, Кәмила және Мұхтар Әуезұлы

Кәмила апамның екі баласы да бірінен соң бірі шетінеп кетті. Екеуі де қыз бала еді. Аралары бір-бір жарым жылдан. Уыз сүтін жарыта алмаған анаға қандай қиын.  Екі баланың да артынан Кәмила апамның омырауы ісініп, жанын қоярға жер таппайтын болды. Баладан айрылғаны бір қинап, емшек сүті екі қинап күндіз-үні жылайт. Сонда Кәмила шешем айтады екен: «Әлгі Мұғаш келіп сүтті сорып төгіп тастар ма еді», – деп. Сөйтіп жүре берсе сүтің іріңге айналып кету қаупі бар. Мен де сол маңайда жүрем ғой. Келіп Кәмила апамның омырауын сорып, кесеге төгетінмін. Байқамай жұтылып та кететін. Омырауына тісім де тиіп кететін көрінеді. Ол қара терге малшынып, қиналып кететін. Мен бала болсам да шешемнің маңдайын сипап: «Жылама, жылама», - деп жұбатқансимын.

...Сондай кезеңдердің бірінде отбасымыз болып суретке түскен едік. Сол жақсы сақталыпты. Бұнда менің төрт-бес жаста болуыма керек, әкемнің қасында түрегеп тұрмын. Әкемнің қатарында Кәмила шешем тұр». Бұл суретте өмір атты тарихтың кейіпкерлерінің бейнесін көресіз.

 

ҚАПАЖАН

Әкесі қызын Семейге алып кетеді. Қалада Мұғамила екеуі байырғы досының үйінде тұрады. Ахметжан Шікібайұлы Мұғамиланың туған қуанышына ұйымдастырылған «Шілдеханада» болған қонақтардың бірі екен. Тағдыр осы кісіге жазушының тұңғышының қым-қиғаштыққа толы өмірінде ерекше орын алуды жазыпты.

Біршама уақыттан соң Мұхтар Әуезұлы қызын досының қолында қалдырып, өзі Ленинград қаласына оқуға кетеді. А.Шікібайұлы мен жұбайының өз балалары болмапты. Ахметбек жас келіншегі екеуі балалы болуды өте аңсайды. Көп уақыт келіншегін Семейдің, тіпті Омскі мен Томскі дәрігерлеріне көрсетіп емдетеді. Бірақ бұл әрекетінен еш нәтиже болмайды. Ахметбектің жары Қапажан Мұғамилаға өз анасындай бауыр басып қалады. Ахметжан да Мұғамиланы өз қызындай көреді.

«Мен алғашында жылап қоймаған екенмін. «Шешеме барам. Кәмила тәтеме барамын,  – дей беріппін. Сонда  сол үйдегі Қапажан шешемнің маған Кәмиланың маған туған ана емес екендігін түсіндіргені есімде. Мен біртіндеп Ахметбек үйінің тәрбие құшағына еніп бара жаттым. Қапажанға қатты бауыр басып, апамдай көріп кеттім. Ахметбекті «Кәмпит аға» деп атайтын  едім. Кешке қызметтен қайтарда үнемі алдынан шығып қарсы алатынмын. Сондайда түрлі-түсті әлеміш қағазға оратылған небір түрлі конфеттерді әкеліп беретін. Содан Кәмпит аға атанып кетті».

Ленинградттан хаттар жүйелі түрде келіп тұрады. Оқудан соң М.Әуезұлы Ташкентке келгенін хат арқылы білдіреді. Сол екі ортада қызы да өсіп қалады. А.Шікібайұлы жұбайы екеуі Мұғамиланы өздеріне қыз етіп алмақ болады. Шамасы М.Әуезұлы қарсы болмайды деп ойласа керек. Мұғамила Мұхтарқызы бұл жағдайды кітабында былайша баяндайды: «Әкемнің рұқсатын алмастан еліне, ата-анасына, ауылына хабар айтып жібереді: «Мен балалы болдым. Менің қызым бар. Сіздер той жасап қарсы алатын болыңыздар. Жазды күні баратын болдық», – деген жағдайлар болады.

Сондай бір барғанда олардың бізді қалай қарсы алғаны, егер артық айтпасам ертегідей болды ғой».

Ахметбек қызды мектепке береді. Осы кездері оның үйіне бір кісі келеді. Оның қолында қыздың әкесінің хаты бар еді. Бұл Мұхтар Әуезұлының досы – қазақ зиялыларының бірі Елдес Омаров болатын. Ол болған жағдайды, М.Әуезұлының орыс қызына үйленгенін айтады. Жасөспірім қызды төртінші анасымен кездесу күтіп тұр еді.

Ахметбек пен Қапажан Мұғамиладан айрылғысы келмейді, жүрегі ауырып тұрып: «Мұғаш орысша білмейді., орыс шешемен қалай жуыспақ? Оқуы не болмақ? Онда қазақ мектебі жоқ, тіпті өзбекше де білмейді» – деп біраз жайлады айтып қалады».

Мүғамила Мұхтарқызы былай деп есіне алады: «Бала етіп алдық деген Қапажан шешем жылап, оған мен де қосылып, әбігеріміз шығып, әрі-сәрі күй кешіп қалдық.

Мен бір жағы осы кісілерді қимаймын, бір жағы әкемді көргім келіп барады – әйтеуір жылап жүрмін. Әкемді қалай жақсы көретінімді айтып жеткізу қиын еді. Өзінде үй жоқ, күй жоқ, не дұрыс семьясы жоқ – осындай қысталаң шақта жүріп маған әмбе әке болып, әмбе шеше болып қайда барса да, бауырына қысып жетектеп жүрді ғой. Жылағандарға да бермеді-ау. Өз туған анам – Райхан жылады, қалып қойса Мұхтар қайтып келе ме деп Кәмеш шешем жылады,  баламыз деп жариялап бауыр басқан Қапажан шешем жылады – сонда солардың бірінің қолына қалдырмай, өзі оқып жүріп, мені көрінгеннің босағасына қойса да бір әке, бір шеше болған жақсы әке еді».

Елдес Омаров қызды Ташкентке алып кетеді. Осылайша тағдыр кішкентай қызды оның төртінші анасы болатын әйелмен таныстырады. Мұғамила Мұхтарқызы: «Ендігі тәрбием орысша жалғасты. Валентина Николаевнаны шешем ретінде сезіне бастаған уақытта біздің отбасыға тағы бір шатақ іс келіп килікпесі барма?

1930 жылы әкем ұсталып түрмеге жабылады. Алдымен Ташкент қаласында түрмесіне қамауға алынып, артынан Алматы түрмесіне ауыстырылды. Қазақтың сорпа бетіне шығарларына зобалаң болып тиген сол науқанның кезінде олардың әйелдері де қамауға алына бастайды. Осы сәт Валентина Николаевна шешеміз Ләйланы алып кеудесіне басып, Ленинградқа жөнеледі. Өтпеске амал жоқ. Ал мен болсам, Ташкентте қалып қойдым. Әйтеуір әкемдей жақсылық жасаған Әлкей Марғұлан болмағанда тағдыр маған басқаша қарайды екен. Уақытында қауіпті бола қалған  «Әуезұлының баласын жетектеп жүр» деген сыпсың сөзден именбей Әлкей аға маған сол мезетте кез-келгеннің жүрегі дауаламас жақсылық шарапатын тигізіп еді».

Осы кезде М.Әуезұлының досы Әлкей Марғұлан Мұғамиланы қалай болғанда да әкесіне жақынырақ болсын деп, Алматыға жібермек болып шешім қабылдайды. Ол кезде Алматыда тұрып жатқан Ахметбек Шікібаевтың мекен-жайын тауып оған хат жазып Мұғамиланы пойызға отырғызып жібереді.  Ә.Марғұланның «Сіз де анасыз ғой»» деп болған жағдайды атйқанына жүрегі жібіген жолсерік әйел көп сөзге келмей, қызға жол бойы қамқор болуға келіседі. Бірақ Алматыда қызды ешкім қарсы алмайды.

«Қазіргі Алматы вокзалы ол кезде шағын станциясы дәрежесіндегі бірдеңе. Менің сол маңайда жалғыз жүргенім вокзал милициясының назарына ілінсе керек, ол мені шақырып  алып, өзінің будкасына отырғызып қойды. ...Осылай күте-күте төрт-бес күн өтіп кетті. Мені алғашқы күні көрген милиционердің кезекшілігі тағы да айналып келіп қалған екен, ол мені көріп: «Әлі отырмысың. Қой, мен сені кезекшілігім біткен соң  ағаңа өзім алып барайын. Тағы бір кішкене тосайық», – деді. Сөйтіп отырғанда вокзал басына келген бір жеңіл арба әдеттегілерден көп бөгелді. Ол Әлкей ағаның хаты қолына енді ғана тиген, мені іздеп келген Ахметбек аға екен. Мені көріп Ахметбек аға жылап: «Ой, жаным, аман-есен жеттің бе?» – деп біраз көңіл тербейтін сөздер айтып, милиционерге рахметін айтып, мені арбасына отырғызып үйіне алып келді. ...Үйде жалғыз отырған Қапажан апам мені көріп, бас салып, құшақтап, жылап жүр. Ол кісінің қандай күй кешкенін құдай біледі, бірақ мені көрген бетте өздеріне бала қылып алмақ болғандары есіне түскен болар, аналық жүрегін ауыртқан болармын. Бәлкім соның бәрін ойлап, «Мұхтардың баласы осы үйде тұрады» деген сөздердің әсерін көзіне елестеткен болар, сол жылағаннан тоқтар болмады, әйтеуір біраздан кейін барып, солығын басып, өзіне-өзі келді».

Мұғамила тағы да әкесінің досының үйінде тұра бастайды. Ахметбек пен Қапажан қызды өз баласындай көреді. Осылайша басқа өмір басталады. Осы бір кез кішкентай қыздың өмірінің ең қиын кезі болған болар. Кішкентай қыздың маңдайына күн сайын түрмеде жатқан әкесіне тамақты жаяу апарып жүру жазыпты: «Алматыға келгенде аз күн өткенде, мен абақтыда жатқан жатқан абақтыға баратын болдым. ...Абақты дегенің қаланың шетіндегі бір қабатты үлкен үй екен. Оналасқан жерін, қазір Төле би 228, ол күнде исправдом деп атайды. Ол – қазіргі Тастақ микроауданы орналасқан тұс. Түрменің сырты толған туысқандарына жолығуға келгендердің кезегі болады екен. Мен барғанда менің қандай адамға келгенімде олардың шаруасы жоқ. «Кімге келдің?» – дегенде «Әкеме», – деймін. Олар да мені аяғандай: «И, айналайын, өте ғой, барсын», – деп жататын.

Жол езіліп батпақтанып жататын. Қыста қаланың шетіндегі абақтыға таң атар-атпастан аттансам, жазда сағат 11-12 кездерінде барып жүрдім. Көліктің негізгі түрі ат-арба. Менің жадымда сақталып қалғаны – арбакештердің көбі ұйғырлар еді. Менің жаяу кетіп бара жатқанымды көріп, жолда кездескен арбакештер «Отыра ғой, балам», – деп мені отырғызып алатын. Қалғып-шұлғып жететінбіз. Кейбір арбакештер менің көзім ілініп кеткенін көріп, мені өздері тасып апара жатқан қаптардың арасынан орын жасап, құлап қалмасын деп соған орналастыратын.

1932 жылы 10 шілдеде «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде «Әуезұлы Мұхтардың хаты» деген атпен әкемнің мақаласы жарияланды. Әкемнің абақтыдан босап шығуына сол жарияланымның негіз болғандығы да бүгінгі күндері кеңінен ашылып айтылып, жазылып жүр».

 

ВАЛЕНТИНА

Ахметбек пен Қапажан Шікібаевтар Мұғамиладан тағы да бір рет айрылып қала берді. «Ахметбек аға әкем абақтыдан босап, Валентинаны алдырған соң, мені өз қолында бала қылып ұстауға әкеме қолқа салады, бірақ әкем мені бермеді. Ахметбек аға соған өкпелейтін. Мен Ахметбек ағаның бізде қаласың ба, қайтесің дегеніне әкем жібермегеннен кейін әкем жағына шықаныммен, өз басым ол үйге жиі барып жүрдім. Қапажан шешем мен ағаның дархан көңілі мен дегенде алабөтен еді-ау».

Түрмеден шыққан М.Әуезұлы драма театрына жұмысқа орналасып Қапажан мен Мұғамиланы «Ауыл» атты курортқа демалысқа жібереді. «Біз бір ай курортта болған кезде әкем Ленинградтан Валентина Николаевна мен мен Ләйланы алдыртыпты».

                               Мұхтар Әуезұлы мен жұбайы Валентина

«Валентина шешем мен Ләйла сіңліммен кездесіп, мәре-сәре болдық та қалдық. Валентина шешем жұмысқа тұрып, зооветеринарлық институтта орыс тілінен сабақ берді. Мен болсам Ләйлаға қарап жүрдім. Сол маңда №8 Демьян Бедный атындағы жеті жылдық мектеп жақын еді. Бір жақсысы Ташкенттен кетерінде Валентина шешем маған алты класты бітірді деген қағаздарды алып беріп кеткен еді, сол осы кезде қажетке жарады. Мектеп директоры бір орыс жігіті екен. Әкем мән-жайды кеңінен түсіндіріп айтты. Ол әкемді көрген беттен қарсы алып: «Жетінші кластың жетекшісіне ерекше тапсырамын. Қызыңыз өзі де жиі-жиі келіп консультатция алып тұратын болады. Мәселені мен тікелей өзімнің міндетіме аламын», – деді».

«Әкем қамаудан шыққаннан кейінгі кезеңде мен өз ошағымыздың еркесі болдым десем де болады. Валентина Николаевна да ештеңеден таршылық жасаған емес, үнемі қолдап, сүйеніш бола білді. Мен де өзімнің ол кісіге бөтендігімді сездіртпеуге тырыстым. Осылайша әкемнің ойа алғандары орындалып, ол шығармашылық іске біржола ден қойып, үлкен жұмыстарды қолға алды».

 

ФАТИМА

«Өгейлік дегеннің не екенін білдіртпей өсірген шешелерімнің тәрбие мектебінен өтіп, өмір мектебінің әртүрлі кезеңдерінен тәлім алып, сөйтіп мен он сегіз жасқа келіп қалдым». Мұғамила педагогикалық институтты бітірген соң Ахметбек Шікібаевтың ағасының баласы Бөкебайға тұрмысқа шығады. Жанұя қызмет бабына байланысты Қазақстанның түрлі жерлерінде тұрады. Ұлдары Нариман мен Бақтияр және қызы Гүлжан дүниеге келеді. Көп жылдардан соң 1943 жылы Мұғамила Мұхтарқызы туған анасы Райханды тауып қолына алады. Жазушының алғашқы жұбайы қызының қолында күйеу баласы мен немерелерімен бірге тұрып жатады. Өмір бір қалыпты мамыражай жағдайға түседі. Дегенмен Мұғамила тағдырдың өзіне тағы бір сыйлық дайындап қойғанын білген жоқ еді.

Өмір өте күрделі құбылыс. Мұхтар Әуезұлы досы Ілияс Жансүгірұлының үйінде жиі болып жүргендіктен ақынның жұбайы Фатимамен таныс болған. Ақиық ақын «халық жауы» деп жала жабылып тұтқындалған кезде Мұхтар Әуезұлы досының жанұясына қолынан келгенше көмектесіп тұрады. Сол кездерде жазушы мен Фатима Ғабитованың арасында сезім оты оянып дүниеге ұл бала келеді.

Мұғамила Мұхтарқызы: «Осы кездері тағдыр мені тағы бір апамыз – Фатима Ғабитовамен табыстырды. Біз онда Талғарға көшіп келгенбіз. Кейде Бөкеңмен, кейде өзім де жалғыз да Алматыға тіршілік ыңғайымен жиі қатынап тұратынбыз. Фатима апамызбен сондай сапарлардың бірінде таныстым. Бір-бірімізді бұрыннан естиміз, бірақ мені көрген бетте ол бірден таныды. Күліп: «Мұратайдың тәтесі емеспісің? – деді ол кездескенде. Мұрат та мен де әкемізге қатты ұқсайды екенбіз. Жақын танысып, біліскеннен соң мен оны Талғарға қонаққа шақырдым. Мұрат бауырым айтқандай-ақ біздің Бақтиярымызбен жасты болып шықты. Көкіректегі түюлі сырлар ашылып, өткендер қозғалып, Фатима мен Мұратты жақсылап күттік. «Апалар, – дедім мен бір сөз арасында. – мен бүгін тағы да бір шешемді тауып алдым. Ал, сіз болсаңыз, маған Мұратайдай алтын бауыр тауып бердіңіз. Ана жақта әкеміз елін қалам арқылы ғалам жүзіне танытып жатыр. Қиыншылықты да аз тартпаған болармыз, бірақ соның да бір жұбанышы болады екен. Ол мына сіздер мен біздердің кездесіп отырғанымыз» – дедім. Райхан апам Мұратайды көріп, өзінің Шоқаны ойын түсіп көңілі босап қалды. Маған да «шешеге тоймайтын қарғам-ау» – деп жатыр. Осындай жағдайлардың барысында мен тағы бір шешеме кездесіп, жақын араласып кеттік.

Фатима Ғабитова

Фатима апа мінгізген тайым деп Мұрат пен Бақтиярға әдемі қос велосипед әперіп еді, екеуі соған мініп алып, Ернарға барып келетін. Келгендерінде біреуі атам айтты деп, екіншісі ағам айтты деп өздерінше әңгімелерін айтып, көңілді қайтатын».

Құрметті оқырман, мен сіздерді ұлы жазушы М.Әуезұлының үлкен қызы Мұғамила Мұхтарқызының өмірінің тек кейбір ғана беттерімен таныстыруға тырыстым. «Тұңғышы едім әкемнің» кітабында бір жанұяның және бүкіл елдің тарихы жазылған. Мұғамила Мұхтарқызы өзінің әкесі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезұлының қызы деген атқа лайық нәзік жанды тұлға бола білді. Бүгінде табылуы қиын осы бір керемет естелік кітабын көпті көрген Мұғамила апамыз өз жанының кеңдігін дәлелдейтін: «Ел аман болсын, ел іргесі әрдайым бүтін болсын!» аяқтапты.

Осы жылдың көктемінде, наурыздың 18 жұлдызы күні Мұғамила Мұхтарқызының туғанына 100 жыл толды. 

Бердалы ОСПАН.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер