Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? - Тоқаев Смайыловқа өткір сұрақ қойды

3863
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев Смайыловқа "Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма?" деп сұрақ қойып, Премьер-министрден шынайы жауап алғысы келетінін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

«Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер Мемлекет басшысының Премьер-Министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек. Алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі. Бұл міндеттер бүкіл ел азаматтарына қатысты. Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек.

Келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Парламент сайлауы өтеді. Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды. Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті, мен барша Үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын. Халқымыздың игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз табысты болсын», - деді Тоқаев. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер