Президент Қаулысы: Алматы әкімі кезекті рет тұрғындармен кезікті

2573
Adyrna.kz Telegram

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан  реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ жариялаған болатын.Бас құжаттың аясында барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіру міндеттелген еді. Осыған сәйкес, Алматы шаһарының әкімінің халықпен кезекті кездесуі Түрксіб ауданында өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қала басшысы ауданның дамуы және тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша атқарылған жұмыстар жайлы айтты. Кездесуге 200-ден астам адам қатысты.

Ауданда инженерлік желілерді жаңғырту мәселесі өзекті мәселе болып қала береді. Биыл жыл басынан бері 71,6 км инженерлік желі салынды, жұмыс аяқталған соң 20 мыңнан астам тұрғынға орталық коммуникацияларға қосылуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 3 кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталады. Бұған қоса, сумен жабдықтау бойынша тағы 64,4 км желі құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы алынды.

Ауданды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Шуақты» ықшамауданында 5,5 шақырым ескі электр желісі модернизацияланып, оның 95%-ы реконструкциядан өтті.

2023 жылдың басында «Әлмерек» және «Қайрат» ықшамауданында электр желілерін реконструкциялау басталады. «Тұздыбастау» қосалқы станциясы салынуда, бұл жұмыстар 2023 жылдың маусым айында аяқталады деп күтілуде.

Әкіммен маусым айындағы алдыңғы кездесуде Жахангер көшесіндегі 22 үйді электрмен жабдықтау мәселесі көтерілген еді. Қазіргі таңда жаңа электр желісін салу жұмыстары аяқталды. Тұрғындар қалалық желіге қосылған және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етілген.

Магистральдық көшелер бойынша көше жарығы желілерін модернизациялау аяқталып, жыл соңына дейін Түрксіб ауданы көшелерінің 90%-ы жарықпен қамтылады.

Ауданда жол инфрақұрылымын және қоғамдық көлікті дамыту мәселесі бойынша ұзындығы 9 км 17 көше жөнделді. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метр 89 көше ағымдағы жөндеуден өтті, ұзындығы 9 км 11 көшеге тротуарлар салынып, жөнделді.

Мектептегі орын тапшылығын азайту үшін №59 мектеп-гимназия ғимаратын реконструкциядан өткізіп, 900 орынға көбейту қарастырылған. Келесі жылы аудандағы екі мектепте 1050 орындық қосымша құрылыс басталады.

Медициналық қызмет көрсетудің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін желтоқсан айында «Нұршашқан» ықшамауданында күніне 100 келушіні қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. 2023 жылдың I тоқсанында Айбасов көшесіндегі ауысымына 200 адам қабылдайтын тағы бір дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, қала әкімінің м.а. Ерболат Досаев ауданның қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына тоқталды. Жыл соңына дейін 174 мекенжайда 322 бейнебақылау камерасы орнатылады. 2023 жылдың сәуір айында 96 мекенжайда тағы 448 «Сергек» камерасын пайдалануға беру жоспарға енген.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша ауданда барлық жоспарланған 28 жоба іске асырылды: 14 абаттандыру орны, 10 балалар және спорт алаңдары, 4 контейнерлік алаң.

Алматы әкімінің м.а. кездесу барысында тұрғындар жолдарды, кәріз және электр желілерін жөндеу, абаттандыру және т.б. мәселелерді көтерді.

Пікірлер