"Бір қарасаң сегізаяққа, бір қарасаң адамға ұқсайды" - Лавкрафттың Ктулхуы қандай кейіпкер?

3200
Adyrna.kz Telegram

Лавкрафттың Ктулхуы, шын мәнінде, қандай кейіпкер?

Әлем оқырмандары үшін Лавкрафт есімі, алдымен Ктулхуды  еске түсіреді.

Сурет авторы: Рэймонд Бэйлесс

*Аңыз бойынша егер жұлдыздар белгілі бір жүйемен, тізбектеле орналасса, теңіз түбіндегі Ктулху босап, жер бетіне көтеріледі. Оның мақсаты – жер бетіндегі тіршілік иелеріне өз билігін жүргізу.

*Лавкрафт шығармашылығын зерттеушілер зұлым құбыжықтың прототипі – полинезиялықтар эпосында өмір сүретін теңіз элементінің құдайы – Тангароа болған деседі.

Ал автордың теңіз түбінде ұйықтап жатқан Ктулхуды суреттеуінің өзін денең тітіркенбей оқу мүмкін емес. Оның қанаты бар шырышты денесін сегізаяққа да, айдаһарға да ұқсатуға болады. Бір қарағанда адамға да ұқсайды деп айтатындар бар.  Құрлықта да, суда да жүре алатын алып құбыжықтың бір ерекше қасиеті – тез қалпына келеді. Ктулхудың теңіз түбіне қалай батқаны туралы сан түрлі аңыздар айтылады. Ол адамдардың санасына әсер етіп, өзінің дегенін істете алады. Алайда Ктулху Тынық мұхитының тереңіндегі Р’лайх қаласының қирандылары астында терең ұйқыға кеткелі бұл қабілеті әлсірей бастаған. Соның өзінде де ол адамдардың түсіне кіріп, үрейін ұшырып, тіпті кейбірін ақылынан адастырып жібереді.  Оның қорқынышты дауысын естігендер өзін-өзі өлтіруге дейін барды.

«Ктулху сарыны»  әңгімесі алғаш рет 1928 жылы ағылшындық  Weird Tales журналында жарияланды. Автор өмірден өткеннен кейін ғана оның шығармалары танымал бола бастады.

2005 жылы оқиға желісімен фильм түсіріліп, компьютерлік ойындар да құрастырылған.

Естеріңізе сала кетейік, әлемге танымал фантастика жанрындағы бұл туынды қазақ тіліне аударылып, оқырман назарына ұсынылған болатын.

«Адамзат үшін беймәлім, құпия дүние өте көп. Әр оқырман кейде қиялын жетілдіріп, ойын басқа нәрсеге бөлу үшін, осындай шығармаларды оқуы керек деп ойлаймын. Лавкрафт әңгімелерінің қай-қайсысы да қорқынышты. Фантастика жанры болғандықтан, шыны керек, аудару барысында кейбір оқиғалар түсіме кіретін», – дейді аудармашы Ақсәуле Байменше.

Америкалық жазушы,  журналист Говард Филлипс Лавкрафт (1890-1937) Род-Айленд штатының Провиденс қаласында дүниеге келген. Бала кезінен астрономия мен химияға қызығушылық танытып, қорқынышты әңгімелерді оқығанды ұнатқан.  Шығармаларының басым көпшілігі мистикалық, фантастикалық жанрда жазылған.

Лавкрафт құрған «тылсым дүние философиясы»  Клайв Баркер, Стивен Кинг, Ганс Руди Гигер, Нил Гейман сияқты танымал қаламгерлерге ерекше  әсер еткен.

«Ктулху сарыны» — Ф.Г. Лавкрафттың қорқынышты хикаялардан тұратын әңгімелер жинағы. «Фолиант» баспасынан жарық көрген бұл жинаққа жазушының «Күміс кілт», «Херберт Уэст өлгендерді тірілтеді», «Мола» және т.б. әңгімелері енген.

 

Пікірлер