Танымал журналист, ұлттық радиомыздың майталманы Жанар Оразымбет өзінің фейсбук парақшасында құндақтағы бала тәрбиесіне қатысы кеңес айтып, оның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру ерекшеліктерімен бөлісті. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды.
"Қазақ", "Шалқар" радиосында ұлттық руханиятымыз, тарихымыз бен тіліміз жайында бірқатар хабарларды тізгіндеп келе жатқан журналист Жанар Оразымбет бала тілінің қазақша шығуы мен ұлттық құндылықтар жетегінде тәлім-тәрбие алуына байланысты қызықты оқиғасымен бөлісті.
- Менің немеремнің құлағына қазақша ән мен күйді сіңіре берсем деген ниетім аздап болса да жүзеге аса бастаған сияқты. Туа салғаннан "Бала-бала баладан, тауып алған даладаннан" бастап бірталай халық әндерін айтып, әлдиледім. Немерем емханада жатқан ғой. Видео арқылы хабарлассам, "Қошақаным, қадасың?" деп сайрап тұр. Орысша, ағылшынша мультик көретін балалар қазақша ән айтпайды деп кім айтты, ал?! Құлағына құя берсең, айтады екен. Көрдіңіздер ме, тіпті, тілі әлі анық шықпаған Алан ән айта бастады ғой. Бұл ғана емес, оның репертуарында тағы бірнеше әні бар, - деп жазды автор.
Жанар Оразымбеттің пайымдауынша, ұлттық радиомыздағы хабарларды тыңдап өскен бала да ұлтын шексіз сүйер азамат болып жетіледі. Бұған қатысты:
- Қысқасы, Шалқарды тыңдап жүрсеңіздерші....Лажы болмаса, көлікте қосып қойыңыз. Ең болмаса, құлағында қалады ғой. Қазақтың сөзі, үні, әуені, - деді радиожурналист.
"Адырна" ұлттық порталы