"Артында екі кішкентай баласы қалды": елорда әкімдігі Асқардың отбасына көмек көрсетілетінін айтты

3874
Adyrna.kz Telegram
Қызметтік борышын атқару кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көмек көрсетіледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева мәлімдеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Құтқарушы Асқар Забикулиннің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Бұл бәріміз үшін орны толмас қайғы. Асқар жанкешті әрекетінің арқасында бірнеше адамды құтқарып қалды. Асқардың артында екі кішкентай баласы қалды. Өздеріңіз білетіндей, Асқар Забикулиннің жұбайына үш бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды. Жаңа баспана Есіл ауданындағы жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл пәтер Аскардың отбасына жекеменшікке, әрленген күйде әрі жиһазымен бірге беріледі. Қазір құжаттарын рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр.

Ал құтқарушы Аян Кемпіровтің отбасына көмек ретінде ипотекасы жабылды. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сол сияқты Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасыларына тиесілі 6 миллион теңгенің несиесі өтелді. Астана ТЖД қызметкерлері өрт кезінде ерлік көрсетіп, өзгелердің өмірін сақтап қалды. Асқардың батырлығы мен қысылтаяң сәттегі жанқиярлық әрекеті жүрегімізде мәңгі сақталады. Мемлекет құтқарушылардың отбасыларына барынша қолдау көрсетіп, қамқорлығына алып келеді",- деп жазды Ақмарал Олжабаева.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер