Министр Астанада 23:00-ден кейін барлар мен түнгі клубтардың жұмыс істеуіне тыйым салуды ұсынды

3638
Adyrna.kz Telegram
Фото: restolife.kz
Фото: restolife.kz

Ішкі істер министрлігінің басшысы Астанада түнгі 23.00-ден кейін барлар мен түнгі клубтар, алкогольді ішімдіктерді сататын ойын-сауық мекемелерінің жұмыс істеуіне тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Министр егер мекемелер тұрғын үйлерде орналасса, олардың жұмысы сағат 23.00-ге дейін, ал жекелеген ғимараттарда болса - 2.00-ге дейін шектелуі керек, деп есептейді.

Сондай-ақ, ол алкогольді бақылаусыз сату Астанадағы қылмыстық ахуалға әсер еткенін айтты.

Қалада мыңдаған дәмханалар, барлар, түнгі клубтар бар. Бұл бизнестің маңызды саласы. Сонымен қатар, олардың иелерінің барлығы өз клиенттеріне қауіпсіз жағдай жасай бермейді. Қылмыс пен құқық бұзушылық жиі орын алады. Мен күнделікті тыныштықты бұзуды айтып отырған жоқпын. Өткен жылы полицейлер осындай 13 мың хабарламаға барған. Биыл – 4,5 мың», - деді Марат Ахметжанов елорда әкімдігінде өткен жиында.

Министрлік басшысы мысал ретінде сағат 00.30-да барлардың бірінде келушінің пышақ жарақатын алғанын айтты. Өткен қараша айында таңғы сағат 5:30-да бір топ мас келушілер қоғамдық тәртіпті бұзуды тоқтатпақ болған СОБР қызметкеріне қарсылық көрсеткен.

Министрдің айтуынша, бірінші мәселе, барлар мен клубтардың иелері қауіпсіздікті қадағаламай, кездейсоқ адамдарды келісім-шартсыз жұмысқа алады. Мұндай қызметкерлерде қажетті дағдылар жоқ. Екінші мәселе – уақыт шектеуінің жоқтығы.

Қазір қалада құқық бұзушылықтың 80%-ға жуығы түн ортасынан кейін жасалады. Сондықтан тұрғын үйлердегі алкогольді ішімдіктерді сататын ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын сағат 23.00-ге дейін, жекелеген ғимараттарда - 2.00-ге дейін шектеуді ұсынамыз. Ол үшін бұл норманы елорда аумағын абаттандыру ережелеріне бекіту керек Әрине, бұл норма бизнестің мүддесін қозғайды, — деді Марат Ахметжанов.

Министрліктің хабарлауынша, соңғы үш жылда түн ортасына дейін жұмыс істеп тұрған мекемелерден полицияға тәртіп бұзғаны туралы бірде-бір хабарлама түспеген.

Пікірлер