Желіні шулатқан «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» үстінен іс қозғалды

2412
Adyrna.kz Telegram

Атырау қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотында «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС үстінен әкімшілік іс қаралып жатыр, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Ақ жайық" басылымының хабарлауынша, бұдан бұрын Атырау облысы бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының м.а. Бердібек ТАИШЕВ ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-тармағы («Тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу») бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, сотқа жолдаған.

- Мектеп директоры Жұмазия Жолмұханова менің оқу орнын Ұлттық білім беру деректер қорында тіркеп, мектеп жұмысына рұқсат бергенімді айтады. Бірақ мен ешқандай рұқсат берген жоқпын, - дейді Б.Таишев.

- Кез келген меншік нысанындағы оқу орны Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін лицензия алуға өтініш беруі керек, бірақ бере алмайды. Оны алты айдың ішінде алады. Оқу орны лицензияны алмай тұрып, қызметін бастап кете алмайды. Жарты жыл ішінде лицензия алуға тиісті құжаттары жиналады. Осы уақыт ішінде кез-келген уақытта лицензия алуға өтініш бере алады, - дейді Таишев.

Қазіргі кезде мектеп жұмыс жасап жатыр. Мектеп директоры Жұмазия Жолмұханова лицензия алу үшін талап етілген құжаттарды департаментке тапсырған.

- ҚР «Білім туралы» Заңының 40-бабы 2-1-тармағында, егер оқу орны жұмысын бастаған уақыттан бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда оның қызметі сот тәртібімен тоқтатылады делінген.

Білім саласын бақылау департаменті маған 6 ай ішінде лицензия алып, мұғалімдерді жалдап, қажеттінің бәрін сатып алуға үлгеруіміз керектігін айтты. Мен де алты айдың ішінде жұмысқа кірісіп, лицензия рәсімдеу керек екенін, әйтпесе жабылып қалатынымызды түсіндім, – дейді Ж.Жолмұханова.

Егер қолданыстағы заңға қарасақ, лицензия алу үшін оқушылар контингенті және педагог кадрлар туралы мәліметтерді енгізуміз қажет. Ал мұғалім жалақы алмаса немесе оқушы білім алмайтын болса, онда мұндай мектепке ешкім келмейді. Қазіргі таңда біз үшін жоғарыдағы аталған құқықтық актілер мен заңдар арасында бірізділік, өзара үндестік табылмай отырған сияқты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін “Адырна” ұлттық порталына Нұргүл Мукушева есімді блогер Атырауда сәләфи исламистердің бүлдіршін қыздардың құқын таптап, бет-жүзін тұмшалау мақсатында "Ұлттық қыздар мектебі" дейтін сәләфилік бағыттағы жаңа мектеп ашылғанын хабарлаған болатын.

Кейін Ұлттық қыздар мектебіне қатысты ақпаратқа Атырау облыстық Білім басқармасы жауап беріп, аталмыш жеке ұйымға өкілетті органдардан лицензия берілмегенін хабарлап, тексеру қорытындысы бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады деген болатын.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер