«Қоқыс ханшайымы»: Әлия Назарбаеваға тиесілі қоқыс бизнестері заңсыз ба?

7237
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанды 30 жыл билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы заңсыз баюын тоқтатар емес. Күні кеше ғана Назарбаев әулетінің туыстары  ұсталып, тергелген болатын. Сондай-ақ, шетелге кеткен қаржылардың бірнеше бөлігі елге қайтарылады деп бекітілді. Алайда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның түрлі қалдықты өңдеумен айналысатын 8 Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (ЖШС) тікелей байланысы бар Green Future Management LTD жеке серіктестігінің негізін қалаушы екені анықталды. Бұл компания қалай заңсыз әрекет етіп отыр? Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы зерттеу жүргізді.

Қазіргі таңда Қазақстанда қалдықтарды басқару қиын кезеңдерді бастан өткеруде. Сырт көзге қоқыстарды тасымалдайтын жер жеткілікті,  заңсыз үйінділер жойылып, экологтар қоқыс мәселесін шешіп, жол картасын ұсынып жатқандай көрінеді. Алайда, еліміздің астанасында қалдықтарды өңдеу үлкен мәселеге айналып отыр.

Сондықтан соңғы 5 жылға қоқыстарды тазалау жұмыстарына тендер жарияланған болатын.  Тендер сипаттамасы: «...Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында қалдықтарды шығару ұйымының функцияларын жүзеге асыру» деп аталды.  Тендер бойынша, cауда-саттықтың бірінші кезеңі өткенімен, бұл жоспардағы 2022 жылдың 8 маусымында болмаған. Ал бұл тендерді жеңген компанияның құрылтайшысы - Әлия Назарбаева.


Әлия Назарбаеваның қалтасына үңілуіміздің басты себебі - тікелей халықтың қалтасынан қоқыс жинаудан түскен ақша мемлекетке емес, бірінші президентке жақын адамдарға түсе бастағаны. Сондай-ақ, монополиялық бизнестің қарқын алуы да басты себеп.

“Shishkin Like” ютуб арнасының зерттеуінше, тұңғыш президенттің кенже қызы қоқыс жинаудан түскен ақшаны пайдаланып отырғаны анықталды. Қалдықтарды жинаудың өзі мемлекетке тапсырылғанымен, қоқысты жағу зауыттары туралы бастама аяқсыз қалған. Бірақ еліміздің астанасында және басқа да бірнеше қалада кез келген қоқысты шығару және кәдеге жарату әлі күнге дейін Әлия Назарбаевамен  тікелей байланысты.

«Қоқыс бизнесінің империясы»

 Назарбаеваға тиесілі және басқа да қоқыс шығаратын кәсіпорындарды бақылайтын Green Future Management LTD компаниясы бар. Көп елде бизнестің бұл түрін “мафия” деп санайтыны кездейсоқ емес. Өйткені, бақылау әлсіз болған жерде үлкен пайда болуы мүмкін. Алайда сырт көзге көп ақша әкелмейтіндей көрінгенін пайдаланған Әлия Назарбаева да сол ұранды басшылыққа алған секілді. Бір қызығы, бұл бизнеске қатысты мемлекеттің әзірге ешқандай сұрағы жоқ. Ол тек қалдықтарды жинаған “РОП операторының” қызметіне ғана назар аударуда. 

Осы уақытқа дейін, тіпті қазір де елорда қоқысын тазалаумен «Clean City NC» компаниясы жауапты болатын. Қаңтар қақтығыстарынан кейін фактілер аралас алыпсатарлықтардың барлық түрі пайда бола бастады. Желіде Қазақстан экологиясы мен қалдықтарды басқарудың құпиялары туралы көптеген материалдар да кездесті. Оларға біртіндеп тоқталайық.

Нұр-Сұлтан қаласында қоқыс шығару тарифі басқа қалалармен салыстырғанда арзан. Мәселен, қоқыс тастау құны пәтерлерде тұратын бір адамға шамамен, 390 - 414 теңге. Заңды тұрғындарының саны 1 миллионды құрайтын астаналықтардың тек қоқыс шығаруға айына 390-нан 414 миллион теңгеге дейін төлейді.

Бұл айына шамамен, бір миллион долларды құрайды. Бірақ Нұр-Сұлтан тек тұрғындардың ғана емес, министрліктер мен саудагерлер қаласы. Сондықтан әр кеңсе қоқыс жинау үшін де төлейді. Сондықтан бұл 1 миллион доллардан да көп.

«Қанды қаңтардан» кейін ROP Operator компаниясына және еншілес заңды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізілді. Көптеген айыпталушы мен заңды тұлғалар әлі де тергеу шақыруын күтуде.

Бұл «Clean City» компаниясын да айналып өтпеді. Тергеу әрекеттерін жүргізуде ашықтық болмағанына қарамастан, бұл компанияның бұрынғы табысы қандай да бір түрде «РОП операторының» әділетсіз ақшасына және Әлия Назарбаеваның қорғауына байланысты болды деген болжам бар. Бүгінде кәсіпорынның мүлкі де, есепшоттары да тәркіленді. Алайда елордада қоқыс шығаруын жалғастырып келеді.

«Clean City» ҰК сайтында айтылғандай, компания: «Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша кешенді жұмыстар жүргізеді. Олар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен 2017 жылдан бастап 5 жыл мерзімге жасалған келісім-шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Күн сайын: Нұр-Сұлтан қаласын тазалауға екі ауысымда 66 қоқыс шығаратын көлік пен 25 бірлік техника шығады. 1 - ауысым 06-00-ден 14-00-ге дейін. 2 - ауысым 14-00-ден 22-00-ге дейін» делінген.

Есепшоттары мен активтері бұғатталған компания қалай жұмысын жалғастырып отыр? 

Қамауға алынған компанияның Нұр-Сұлтан қаласының тазалығы үшін алатын ақшасы, миллиондаған доллары кімнің қалтасына түсіп жатқаны да үлкен мәселе. Оған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы,  Нұр-Сұлтан қаласының табиғат пайдалану басқармасы Әлия Қожабаева мен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалай жауап бермек? 

Әлия Назарбаеваны ықпалы әлі де қоқыс бизнесін жалғастыруға әсер етіп отырғанын байқауға болады. Сондықтан “қоқыс ханшайымына” айналған Әлия Назарбаеваға тиесілі қандай қоқыс бизнесі бар? 

Жоғарыда атап өткеніміздей, Adata-ның ақпараты бойынша, Green Future Management LTD компаниясының құрылтайшысы Әлия Назарбаева болып есептеледі. Бұл компания  24.09.2020 жылы тіркеліп,  “Коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңес беру"  қызмет түрімен айналысады. Ол құрылтайшы ретінде әртүрлі қалдықтарды, әсіресе, автомобильдер мен шиналарды қайта өңдеумен айналысатын 8 Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (ЖШС) тікелей байланысты. 

Green Future Management LTD жеке компаниясына тиесілі ЖШС-нің бірі - RecyclingCompany ЖШС. Ол 2016 жылдың маусым айында құрылды.  Алдымен, құрылтайшысы Мұхамедьяров Уәлихан Нариманұлы болды. Кейін Орынбасар Ғазиз Бағланұлы, әрі қарай Махади Меруерт Махадиқызы болды. Меруерт Махадиқызы 2022 жылдың 12 қаңтар күні компания құрылтайшысы құқығынан айырылды. Бірақ бұл компанияның шын мәніндегі негізгі құрылтайшысы Әлия Назарбаева.

TOO RecyclingCompany компаниясының қызмет түріне не кірді? 

  • Қалпына келтіруге жатпайтын машиналар мен жабдықтарды бөлшектеу;
  • Көмірсутекті шикізаттан ациклді және циклді көмірсутектерді өндіру;
  • Резеңке техникалық бұйымдарды өндіру;
  • Шойын, болат және ферроқорытпа өндіру;
  • Алюминий өндіру;
  • Басқа топтамаларға енгізілмеген өзге де машиналарды, жабдықтар мен материалдық активтерді жалға алу;
  • Басқа топтамаларға еңгізілмеген өзге де жеке қызметтерді ұсыну.

“RecyclingCompany” өңдеу зауыты Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Доскей ауылында “Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Компания 2017 жылы Орталық Азия өңіріндгі екі автомобильді кәдеге жарату жөніндегі баламасы жоқ, жалғыз зауыт болып табылды және ашылуына Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келді. Жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Фото: карта: RecyclingCompany

2018 жылы “Хабар” мәліметінше, бір жыл ішінде зауыт 57 ескі машинаны өңдегенін және пластмасса үгіндісін қоспағанда, отыз мың тоннадан астам қара және түсті металл алғанын мәлімдеді. 

“RecyclingCompany” ЖШС жұмыс схемасы бойынша, автомобильдерді жинау пунктеріне алдымен, Autorecycling ЖШС қызмет көрсетеді. Олар автомобильдерді бөлшектейді және қауіпті компаненттерін алып тастайды. “РОП операторы” белгілі оқиғаларға дейін  Autorecycling ЖШС-ға автомобиль үшін шамамен, 18,9 мың теңге төледі. Сонымен қатар, “RecyclingCompany” ЖШС “РОП Операторынан” әрбір қайта өңделген автомобиль үшін 123 мың теңге алды.

5 жыл ішінде қазақстандықтар 691 млрд теңгені “РОП операторына” кәдеге жарату алымы үшін жіберді. Оның ішінде отандық автоөндірушілерге - 338,9 млрд теңге, салық -  49 млрд теңге, банктердегі жинақтар - 200 млрд теңге, операторлардың экологиялық шығыстары - 102 млрд теңгені құрады. Яғни, осы  102 млрд теңгенің бір бөлігін авто өңдеу компаниялары алып отырды. 

“Курсив” басылымынының мәліметінше, 2017 жылдан бастап, “RecyclingCompany” ЖШС  24,6 млрд теңге алған. Егер 2018 жылы 57мың ескі көліктен 30 мың тонна металл шығатын болса, жалпы “РОП операторы” жұмыс істеген жылдар ішінде қайта өңдеуге түскен 200 104  машинаның ішінен зауыт 105 мың тоннаға жуық түсті және қара металл қорытпаларын алды.

Нарықта қара және түсті металдардан жасалған өңделмеген сынықтар тоннасына  90-105 мың тұрады. Осылайша, шамамен қайталама шикізат үшін зауыттың ең төменгі кірісі - 10,5 млрдты құрады. Мұның барлығы әрине, Әлия Назарбаеваның қалтасын қампитты.

Ескеретін жайт, зауыт өндіретін құймалардағы қорытпаларды емес, металл сынықтарының нарықтағы бағалары бойынша, жалпы кірісті есептедік. Өйткені, кәсіпорын сайтында өндірілген қайталама қара металл мен алюминий мөлшері туралы жеке ақпарат жоқ.

Демек, “RecyclingCompany” ЖШС 2017 жылдан бастап, автакөлікті қайта өңдеу және шикізатты сату арқылы 35,1  млрд теңге пайда тапқан. 2017 жылдан бастап, бұл компания мемлекет бюджетіне салық түрінде 5 876 746 756 теңге аударды.

Сәуір айының басында “Оператор РОП” ЖШС бұрыңғы басқарушы директоры пайдаланудан шыққан көлік құралдарын кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеу арқылы 13 млрд теңгеден астам ұрлық жасады деген күдікпен ұсталды. Ақша “RecyclingCompany” ЖШС компаниясына заңсыз аударылды. 

Қоқыс бизнесімен айналысатын компаниялардың бірі - “Autorecycing” ЖШС. Ол 28 ақпан 2020 жылы тіркелген. Осы уақыт аралығында бюджетке салық түрінде 385 399 606 теңге аударған. Бастапқыда құрылтайшысы Утрехтте тіркелген голландиялық компания Planetcare Company B.V. қызметкері мен қазақстандық “PlanetCare Management” ЖШС болды. Ол компанияның басшысы -  Аренов Арман Қанатұлы. Онымен қоса, ол Green Future Management LTD компаниясының да басшысы ретінде қызмет етті.  Ал “PlanetCare Management”  құрылтайшысы Апысбаева Карина Алихановна болды. Ол БҚО бұрынғы әкім орынбасарының әпкесі болуы мүмкі. Алдымен, ол 25.12.2020 жылы “Planetcare Company”- дан үлесін алды. Ал 30.06.2021  күні жалғыз құрытайшысы болды

Құрытайшысы Әлия Назарбаева болып есептелетін Green Future Management LTD компаниясы арқылы басқаратын тағы бір ЖШС - Clean City NC. Жоғарыда айтып өткеніміздей, компания бұғатталғанымен, әлі күнге дейін қызметін тоқтатқан жоқ. 

Компания сайтында айтылғандай, кәсіпорын Нұр-Сұлтан әкімдігіне қарайды. Сондай-ақ, “Нұр-Сұлтан қаласының аймағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін қоқыс шығаратын ұйымды таңдау” бойынша тендердің жеңімпазы атанған. Яғни, бұл кәсіпорын елорданың барлық аймақтарынан қоқысты палигонға жеткізеді.   2017 жылдан бастап, Clean City NC бюджетке 4 092 344 424 теңгe салық төледі.

Clean City NC ЖШС мемлекеттік сатып алудың белсенді қатысушысы 2022 жылы қалдықтарды жинау, өңдеу және жою бойынша қызметтерді ұсынуға келісімшарт жасады. Оның 111-і тікелей шарт жасасу арқылы. Жалпы 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін кәсіпорын 953 86 150 теңге сомасына Мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасты. 

Сондай-ақ, Оператор ROP 2018 жылы “Clean City NC” ЖШС-ға 1 713 733 629 теңге береді. Оны берудегі мақсаты көлік, контейнер сынды керек-жарақтар алу еді. Сонымен қатар, берілген қаржы қайтаруды талап еді. “Clean City NC” ЖШС бұл қаржыны алады. Алайда қаржы кейін қайтарылмай қалады. Үкіметке тиесілі қаржыны Clean City NC ЖШС қашан қайтармақ? 

Green Future Management LTD жеке компаниясы  01.04.2021 жылы ғана Clean City NC ЖШС ның құрылтайшысы болған. Бұған дейін тікелей құрытайшысы Әлия Назарбаева (12.02.2021) болды, ал оған дейін жоғарыда аталғандай Меруерт Махадиқызы болған. 

Бір қызығы, компанияға 2017 жылы 26 мамырда әкімдік “мемлекеттік сатып алу” заңы бойынша 5 жылға тендер береді. Негізі, заң бойынша, тендер 5 жылға емес, үш жылға берілуі қажет. Бірақ заңбұзушылық орын алып, 5 жылға тендерді алған компанияның тендер уақыты 2022 жылы 26 мамырда аяқталды. Заңға сәйкес, қайтадан тендер жасалып, жаңа компания әкелмесе, 2 айға созуға құқылы. Ал 2 ай өтті десек, 26 шілдеде жұмысы аяқталуы керек компания қыркүйекте де қызметін жалғастыруда. 

Өткенге оралсақ, Елордада қоқыс өңдеу кешені 2012 жылы салынған. ҚТҚ сұрыптау және қайта өңдеу зауытының сол кездегі директоры Егор Зингер мәлімдегендей: “Ол инвестициялық қаражат есебінен, қала әкімдігінің қолдауымен, мемлекет башысының қатаң басшылығымен салынды”

2017 жылы зауыт KazRecyclingService ЖШС-нің басқаруында болды. Баспасөздерде мәлімдегендей, компания нысанды жаңғыртып, 11.05.2020 жылы  “Astana Recycling Plant” ЖШС құрылды. Бұл компания да елордадағы қоқыстардарды шығарып, қайта  өңдеу үшін жауаптылардың бірі. Ал оның құрылтайшысы 11.05.2022 жылдан бастап, тағы да Green Future Management LTD жеке компаниясы.

2020 жылдан бастап, Astana Recycling Plant ЖШС мемлекетке 312 158 185 теңге салық төледі және 8 569 412 теңгеге “мемлекеттк сатып алу” туралы 8 шарт жасасты.

“Эко полигон Астана” ЖШС 13.07.2017 жылы тірклген. Оның құрылтайшысы “KazRecyclingService” ЖШС мен “Clean City NC” болып есептелді. 

2018 жылдан бастап, компания қалдықтарды жинау, өңдеу және жою бойынша қызметтерге, қайталама шикізаттарды алу бойынша қызметтерге мемлекеттік сатып алу келісімшарттары бойынша 831 944 182 теңге іске қосты. Негізг тапсырыс беруші “Астана Тазалық” ЖШС. Қазір “СПК Аstana“АҚ құрылтайшысы 

Бұл Әлия Назарбаеваның ресайклингтік компанияларының бір бөлігі ғана. Одан бөлек, Green Future Management LTD жеке компаниясы арқылы Назарбаеваға тиесілі “Taza Energy Solutions” ЖШС,  “CLEANCITY Shymkent” ЖШС мен “Clean city Aktobe” ЖШС тиесілі. Барлық ЖШС-нің негізгі қызметі бірдей. Олар қауіпті емес қалдықтарды жинап, өңдейді.

  Сонда қаладағы қоқыс бизнесінің барлығы монополияға айналып отырғанын көруімізге болады. Барлығын бір адам, Әлия Назарбаева басқарып, қаржы да соның қалтасына түсіп отыр. Алайда Қазақстанның Президенті Тоқаев саясатта да, экономикада да монополиядан арылуды басты мақсат деп атады. 

«Бұл туралы көпшілік, әсіресе, кәсіпкерлер жақсы біледі. Бұл нағыз бәсекелестікке және кеңірек айтқанда, әділеттілікке жол бермейді. Бұл мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ішкі саяси жағдай одан сайын қиындай түседі. Сондықтан экономикада болсын, саясатта болсын, барынша монополиядан арылу басты мақсатым. Біз олардан толығымен құтылуымыз керек. Әрине, бұл оңай жұмыс емес, бірақ біз оған міндетті түрде кірісуіміз керек. Басқа жол жоқ», - деген еді Қ.Тоқаев Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.

Мемлекет басшысы олигополия экономика саласында тар шеңбердегі адамдардың үстемдігі екенін атап өтті. Ал Қазақстанда бұл үрдіс қарқын алып келеді. “Жаңа Қазақстанда” ескінің әсері қашан тоқтамақ?

 

”Адырна” ұлттық порталы 




Пікірлер