Көкшетауда 19 көше мен 2 саябақ атауы қазақшаланды

3621
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Көкшетау қаласының 19 көшесі мен 2 саябағы қазақшаланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қала төрінен Жанатай батыр Ақанұлына көше берілді.

Жанатай батыр, қалмақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың хас батырлары Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Батыр Баяндардың үзеңгілес серігі болған. Ел басына қауіп төнген қасіретті заманда қайсар рухымен, қайыспас жігерімен, қажыр-қайратымен ер қорғаған батыр.

Жанатай Ақанұлы 1723 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Чистополье ауданы Талсай ауылының тұсында туып, 1819 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданы, Орловка ауылының жанында жерленген.

Ақанұлы Жанатай батыр жайында жергілікті ақын-жазушылар Естай Мырзахметов, Көкен Шәкеевтер әр кезде баспасөз беттерінде мақалалар жазды. Оның ерліктері мен басынан өткерген оқиғалары «Көкшетау Правдасы», «Көкшетау», «Бұқпа!», «Арқа ажары» газеттерінде жарық көрген.
Сондай-ақ, Жанатай батыр туралы қазақтың заңғар жазушысы, классик Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» (Алматы – 2002, «Қағанат» баспасы) атты кітабында сөз етеді. Ол жерде: «1753-1754 жылдарда Жанатай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнібек, Мүйізді Өтеген батырлар бастаған қазақ қосындары қысы, жазы демей әлденеше рет Жоңғарды шауып қайтады», - делінген. Тағы да сол кітапта: «XVIII ғасырдың үшінші ширегінде Дүрбін-ойратты тоздырған, Мәнжу-Цин басқыншылығына қарсы қайтпай күрескен, торғауытты талқандаған, қырғызды Алатаудан асырып, өзбек әміршіліерін тәубесіне түсірген, сөйтіп, жиырма жыл бойғы тынымсыз майданда алаш ұранын жаңғыртып, Абылай ханға үш жүздің тізгінін ұстатқан, Қазақ ордасын қайта көтерген, ең атақты қолбасылар: Қаракерей Қабанбай, Әбілпейіз сұлтан, Мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Қанжығалы Бөгембай, ералы сұлтан, Әділ сұлтан, Орыс сұлтан, Жанатай, Баян, Малайсары, Олжабай, Керей Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Ақтамберді, Жәпек, Бердіқожа, Тілеуке, Сағымбай, Құлеке, Жауғаш, Дат, Көкжарлы, Барақ, Құлашбек, Тұрсынбай, Нарбота, Қожаберген...» деп қазақтың ұлт болып ұйысуына ұйытқы болған кіл саңлақтарды, ұлыларымызды тізіп шығады. Алаштың маңдайына біткен асыл жазушымыз Мұхтар Мағауиннің Жанатай батырды бір кітабында екі рет сөз етуі тегін болмаса керек.

Ал, Әнуар Әлімжановтың «Гонец» (Алма-Ата, «Жазушы» 1978 ж) кітабында Жанатай батырдың ерлігі, батырлығы жайлы көп жазылған. Сонымен қатар, жерлес жазушымыз, бүкіл қазақтың жоғын жоқтап, жыртысын жыртып, тарихын түгендеген «Көкшпенділер» трилогиясының авторы Ілия Есенберлин де «Жанталас» романында Жанатай батыр жайлы айтады. (Алматы, «Жазушы» 1976 ж)

Пікірлер