Депутаттар орыс тілінде баяндама жасаған шенеуніктерді тыңдаудан бас тартты

3043
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан парламентінің депутаттары Аграрлық саясат, су ресурстары, экология және Өңірлік даму комитетінің отырысында орыс тілінде баяндама жасаған шенеуніктерді тыңдаудан бас тартты. Бұл туралы 24.kg хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Улан Торогельдиев депутаттарға «баяндаманы ресми тілде жасаңдар» деп өтініш білдірді, бірақ олар бұл өтінішті қабылдамады.

«Қырғыз тілін дамыту мақсатында біз  баяндамаларды тек мемлекеттік тілде тыңдауды жөн көрдік», - деді Комитет төрағасы Аманқан Кенжебаев.

Депутат Жаныбек Қыдықбаев баяндаманың "салықтық емес кірістер туралы" ҚР Кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты екенін және салық төлеушілер арасында орыс тілінде сөйлейтіндер де бар екенін атап өтті.

«Сондықтан біз бір рет тыңдайық. Ал келесі отырысқа қырғыз тілінде дайындалсын», - деді депутат, бірақ ұсыныс қолдау таппады.

«Бізді бүкіл республика тыңдайды. Олардың ішінде 80 пайызы қырғыз тілінде сөйлейді, 10 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Көпшілікті құрметтеу керек», - деді депутат Әлішер Қозуев.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер