«Вояджер-1» Жерге ғылыми деректер жіберуді тоқтатты ― NASA

27
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bcG4YcYYtdIs6o3Nk8SHjUnzm0yoik4rhZ5vh94C.webp

 Фото: NASA / Hulton Archive / Getty Images

Ғарыш кеңістігін 50 жылға жуық зерттеп келе жатқан «Вояджер-1» ғарыш аппараты Жерге ғылыми және техникалық ақпарат жіберуді тоқтатты, деп хабарлайды "Адырна". 

Қазір ол тек радиосигнал таратып тұр. Бұл туралы NASA хабарлады.

Мәліметке сәйкес, деректерді беру 2026 жылғы 14 қарашада тоқтаған. Бұл аппарат Жерден бір жарық күніне тең қашықтыққа алыстауына бірнеше күн қалғанда болған.

NASA мамандары аппараттан радиосигнал қабылдауды жалғастырып жатыр. Алайда сигнал құрамында борттық құрылғылар жинаған ақпарат жоқ. Соған қарамастан, ғалымдар радиосигнал мен аппараттың қозғалыс траекториясын есептеу арқылы оның Жерден қашықтығын анықтай алған.

Мамандардың болжамынша, «Вояджер-1» антеннасы әлі де Жерге бағытталған. Сондықтан мәселе антеннада емес, борттық компьютерде немесе деректерді өңдеу жүйесінде болуы мүмкін.

Қазір NASA инженерлері ақпарат жіберу қызметін қалпына келтіру жолдарын қарастырып жатыр. Алайда аппараттың Жерден өте алыс орналасуы жұмысты қиындатады. Радиосигналдың Жерден ғарыш аппаратына жетуіне шамамен 24 сағат, ал кері қайтуына тағы сонша уақыт қажет.

Ғарыш аппараты 1977 жылғы қыркүйекте ұшырылған. Оның негізгі міндеті Юпитер мен Сатурн ғаламшарларын зерттеу болған. Бастапқыда миссия шамамен бес жылға жоспарланғанымен, аппарат одан әлдеқайда ұзақ уақыт жұмыс істеп келеді.

Энергия қорын үнемдеу үшін мамандар ғылыми құрылғылардың біртіндеп жұмысын тоқтатқан. Бастапқыда орнатылған 10 ғылыми құралдың қазір тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр.

Қазір аппарат сағатына шамамен 61 мың шақырым жылдамдықпен Глизе 445 жұлдызына қарай қозғалып келеді. Бұл жұлдыз Жерден шамамен 17 жарық жылы қашықтықта орналасқан.

NASA болжамы бойынша, ғарыш аппаратымен байланыс 2036 жылға қарай біржола үзілуі мүмкін. Оған дейін мамандар сигнал қабылдауды жалғастырып, ғылыми деректерді жіберу мүмкіндігін қалпына келтіруге үміттеніп отыр.

Пікірлер