Ресей мен Украина арасындағы соғыс. Жарақаттанғандар саны артты

211
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ciEuctMWEYN79Il5fztRdyrGoqyZMpLFQtKxoXuS.webp

Фото: Reuters

Ресей мен Украина аумағында түнде жасалған дрон шабуылдары салдарынан кемінде 16 адам жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Report-қа сілтеп.

Олардың арасында бала да бар. Бұл ақпарат БАҚ-та 28 қарашаға қараған түні жарияланған. 

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ел аумағында ұшақ үлгісіндегі 1 246 украиналық ұшқышсыз ұшу аппараты ұсталып, жойылған. Ал Украина әуе күштері Ресейдің 162 шабуылдаушы дрон ұшырғанын, оның 141-і атып түсірілгенін немесе залалсыздандырылғанын хабарлады. Алайда жалғасып жатқан соғыс жағдайында бұл мәліметтерді тәуелсіз тексеру мүмкін болмаған.

Ресейдің Брянск облысында украиналық дрон қызметтік автобусқа соққы берген. Салдарынан тоғыз адам жарақат алған. Тағы бір ұшқышсыз аппарат өнеркәсіп нысанына шабуыл жасап, бір адамды жаралаған. Бұл туралы облыс губернаторы Егор Ковальчук мәлімдеді.

Украинаның Днепропетров облысында Ресей күштері төрт ауданға 20-дан астам дронмен соққы жасаған. Облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Ганжаның мәліметінше, бес адам жарақат алған. Олардың арасында бала бар.

Киев облысындағы Била Церква қаласында шабуыл кезінде әйнек сынықтарынан бір әйел жараланған. Сонымен қатар гараж кооперативінің аумағында өрт шығып, алты гараж бүлінген. Екі көпқабатты тұрғын үйдің терезелері сынған.

Ресей Қорғаныс министрлігі өз күштерінің Украинадағы энергетика, отын және көлік инфрақұрылымына, сондай-ақ украиналық әскерилер пайдаланатын кемелерге соққы жасағанын мәлімдеді. Нысандар қатарында Била Церквадағы электр қосалқы станциясы, Одесса облысындағы Килия қаласында орналасқан отын қоймасы және Днепропетров, Житомир мен Харьков облыстарындағы төрт локомотив бар.

Сондай-ақ ведомство Одесса қаласының оңтүстігіндегі Қара теңізде әскери жүк тасымалдаған жүк кемесіне соққы жасалғанын хабарлады.

Пікірлер