Қазақ мұнайының негізгі бағыты. Украина КҚК инфрақұрылымына соққы жасамауға міндеттелді – БАҚ

175
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SqicQJ4ADgh9ekX1SoB9cz7Njjaf0r9JDbF7NAUL.webp

Украина АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдерімен келіссөздерден кейін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуыл жасамауға міндеттеме алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Bloomberg агенттігі ақпарат таратты.

Ақпаратқа сәйкес, Киев Қара теңіздегі Ресейге қатысы жоқ мұнай танкерлеріне де шабуыл жасамауға келіскен. Алайда бұл үшін бірнеше шарт қойылған. Атап айтқанда, кеме мен оның иесі Украина санкцияларының тізімінде болмауы, Ресей азаматына немесе заңды тұлғасына тиесілі болмауы тиіс. Сонымен қатар танкер бортында Ресей мұнайы немесе осы елден шыққан өзге де жүк болмауы қажет.

Bloomberg мәліметінше, коммерциялық тасымалдаушылар үшін Украина арнайы байланыс арналары мен тиісті нұсқаулықтар әзірлеген. Бұл келіссөздер шілде айында Новороссийск маңында болған бірнеше дрон шабуылынан кейін өткен. Аталған шабуылдар мұнай тиеу жұмыстарының уақытша тоқтауына және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуіне әсер еткен.

Қазақстан үшін КҚК мұнай экспортындағы негізгі бағыттардың бірі саналады. Каспий құбыр консорциумы арқылы елдегі мұнай экспортының 80 пайыздан астамы тасымалданады. Оның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілетін мұнай бар. 19 шілдеде КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу кезінде Либерия және Маршалл аралдары туын көтерген ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне дрондар шабуыл жасаған. ASIA танкерінде өрт шығып, оны КҚК авариялық-құтқару қызметтерімен бірлесіп экипаж сөндірген. Осыдан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. 20 шілдеге қараған түні мұнай тиеп тұрған Nelsa танкеріне де дрон шабуыл жасаған. Дрон кеменің артқы бөлігіне соғылып, палуба мен жүк бөлімдерінде өрт шыққан. Өрт бірнеше сағаттан кейін сөндірілді. Танкердің жүзу қабілеті сақталып, мұнай төгілген жоқ. 30 шілдеге қараған түні КҚК теңіз терминалына тағы да дрондар шабуыл жасаған. Бұл жолы Маршалл аралдары туын көтерген Nissos Sifnos танкері зақымданды. Кеме «Теңізшевройл» ЖШС-нің мұнайын тиеп жатқан. Шабуылдан кейін жүк палубасында өрт шығып, экипаж үш көмекші кеменің қатысуымен оны сөндірген. Мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеді.

Reuters агенттігінің мәліметінше, дрон шабуылдарының жиілеуіне байланысты Қазақстан мұнайының КҚК арқылы экспорты шілде айында жоспарлы көрсеткіштен 20 пайыздан астам төмендеген.

Пікірлер